Ақ пен қараны ажырататын уақыт жетті
Кеңес Үкіметі құлағаннан кейін салафилік идеология Қазақстанға да ене бастады. Салафилік ағым өкілдері елімізде алғашқы кезде қайырымдылық қорлары мен діни сауат ашу курстарын ашып, жастардың санасын улады. Сонымен қатар, аталмыш идеологияны насихаттаған тегін кітаптар мен аудио-видео таспалар таратылған болатын. Араб елдерінде діни білім алушы жастар санының көбеюі, ғаламтор ресурстары арқылы уағыз-насихаттардың арта түсуі аталмыш идеологияның еркін түрде әрекет ете бастағандығын көрсетеді.
Қазақстанда салафилік идеологияны қолдайтын жамағат топтары негізінен Жезқазған, Сәтбаев, Екібастұз, Маңғыстау, Атырау, Ақтөбеде шоғырланған. Олар ұстанған көзқарастарына қарай өз ішінде мадхалия, сурурия, тәкфіршіл болып бірнеше жамағатқа бөлінеді.
Мадхалия салафилерінің пайда болуына ықпал еткен оқиғаларға байланысты бұл ұйымның өзге салафилік жамағаттардан ерекшелейтін көзқарастарын айқындауға болады. Мысалы, салафилік топтар елді ислам шариғатымен басқармайтын басшыны «кәпір» деп санайды. Сондай-ақ, кейбір салафилік ұйымдардың пікірінше, егер басшы мұсылман бола тұрып зайырлы заңдармен ел билесе, ол – басшы ретінде мойындалғанмен, шариғи тұрғыдан рухани басшы ретінде мойындалмайды. Ал мадхалия салафилерінің пікірінше, мұсылман қоғам кез келген жағдайда Елбасының және Үкіметтің ұстанымдарына қарамай оларға сөзсіз бағынуы, әмірлерін екі етпей орындауы тиіс. Әрі басшының өзі-өзін мұсылман деп білсе, әрі ол елін зайырлы заңдармен билесе де, халқы үшін рухани көсем ретінде мойындалады. Мадхалияшылар мен өзге бағыттағы салафилердің көзқарастары осындай пікірлерде бір-бірімен қиыспайды.
Қазақстанда салафилік идеология көбіне Сауд Арабиясы мен Египеттен жеткендіктен елдегі салафилер арасында осы екі араб мемлекетіндегі діни авторитеттердің беделі басым. Қазіргі таңда мадхалия салафилерінің Египеттегі танымал идеологтары – Махмуд Лутфи Амир, Усама әл-Қауси, Мухаммад Саид Раслян, Ибн Атыя, Жамал Абдуррахман, Абдуль Азим Бадауи және тағы басқалар. Египеттен оқып келген қазақстандық салафилердің арасында көбіне осы аталғандар діни беделге ие. Ал Саудиялық мадхалишілдер өз кезегінде үкіметтің саясын паналап, ресми биліктің сөзін сөйлейтін діни авторитеттерге ереді. Олардың қатарында бүгінгі таңда Ибн Баз, Усаймин және Муқбилді келтіруге болады. Бүгінде елдегі мадхалия салафилерінің арасында салафилік ұстанымдарды белсенді насихаттап жүрген қазақстандықтардың қатарында Ринат Зайнуллин, Назратулла, Октам Заурбеков және т.б. атап өтуге болады. Аталған тұлғалардың барлығы Саудияның Медине қаласындағы оқу орындарында білім алған.
Қазақстан аумағында өздерінің саяси пиғылдарын жасырын ұстайтын салафилік ағымдардың қатарында мемлекеттік құрылымды күшпен құлатуды көздейтін радикалды топтар бар. Олар – салафилік бағыттағы сурурилер мен басқа да тәкфіршілік идеяларды ұстанған жамағаттар. Ислам бағытындағы экстремистік ағымдар мен ұйымдар бір-бірінен бөлек топтарға бөлінгенмен, олардың басты ұстанымдары мен көзқарастары ортақ идеяға – тәкфіршілік идеясына негізделген. Тәкфіршілік идеясы – діни негізде қызмет жасайтын барлық радикалды ағымдардың ортақ пікірі, қастандық жасау мен соғыс ашудың кілті.
Тәкфіршілік көзқарасты ұстанғандар діни негізде отбасынан, қоғамынан, әрмен қарай мемлекетінен оқшаулана түсіп, зайырлылық және басқа конфессияларға қатысты барлық нышандарға төзімсіздік танытып, көбіне радикалды, экстремистік ағымдардың қатарына қосылады.
2014 жылы 18-тамызда Астана қаласының Сарыарқа аудандық сотының шешімімен «Ат-такфир уаль-хиджра» ұйымы экстремистік деп танылып, Қазақстан аумағындағы қызметіне тыйым салынды. Бұл ұйымның идеологтары мен белсенділері өздерінің ұйымына кірмейтін барлық мұсылмандарға «кәпір», «діннен шыққан» деген айыптаулар тағады. Сондай-ақ, аталмыш ұйымның қөзқарасын ұстанушылар айналасындағы қоғамнан, мемлекеттен және отбасынан оқшаулана түсіп, «кәпір» деп танылған өзге адамдармен қарым-қатынастарын үзеді.
Қазақстанда 2010-2011 жылдары ваххаби-салафилер тарапынан жасалған бірнеше террорлық актілер орын алған болатын. 2010 жылғы маусымда болған Маңғыстау облысында қатаң тәртіптегі колониядан діни экстремистік ұйым мүшелерінің жаппай қашып шығуы және бұл қашып шығудың жоғары деңгейде ұйымдастырылуы мен қатыгездігі, сондай-ақ, ресми емес хабарлама бойынша қашқындардың бір бөлігі өзін-өзі жарып жіберуі ерекше назар аудартқан болатын.
Сонымен қатар, солтүстік Кавказда террористік іс-әрекетті жүзеге асыруға қатысты күдікпен Қазақстан азаматтарының Ресей аумағында қолға түсуі; 17-мамырдағы Ақтөбе облысы бойынша ҰҚКД ғимаратында кейбір деректерге сәйкес діни экстремистік ұйымның мүшесі болған азаматтың өзін-өзі жарып жіберуі; Ақтөбе өңіріне қарасты Шұбарши мен оған жақын Саркөл, Кеңқияқ ауылдарының отызға жуық діни адамның құқық қорғау органдары тарапынан қолға түсуі; 2011 жылдың 12 қарашасында Тараз қаласында орын алған діни сипаттағы террорлық және экстремистік актілер елімізде бұл мәселенің аса өзекті екендігін көрсетуде.
Кешегі Ақтөбедегі қанды оқиға да салафилік ағымның Қазақстан қоғамы үшін аса қауіпті екенін тағы бір әйгілеп берді. Жиырма бес содыр апта бойы Ақтөбені қанға бояп, күллі елдің тынышын алды. Әлбетте, Қазақстан күштік құрылымдары әбжіл қимылдап, лаңкестерге дер шағында тосқауыл бола білді. Ендігі кезекте салафизм идеологиясына ресми түрде тиым сала алсақ, діни ахуалды тұрақтандыра алмақпыз.
Ермек Мұқатай,
ҚМДБ-ның Өскемен өңірі бойынша өкіл имамы,
«Халифа Алтай» атындағы облыстық мешіттің бас имамы