Қоғам

«Ақ орамалға» өскемендік аналар да үн қосты

«Ақ орамалға» өскемендік аналар да үн қосты

Елбасымыз Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ биыл АҚШ-тың Вашингтон қаласында өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі IV саммитте жариялаған «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесін насихаттау мақсатында және Семей ядролық полигонының жабылуына 25 жыл толуына арналған республикалық «Ақ орамал» акциясы Өскемен қаласында да бір мезетте сағат тура 11.00-де басталды. Аталған акция облыс орталығының төрт тарихи маңызды жерінде жалғасын тапты.
Шараға Қазақстан Халқы Ассамблеясы Шығыс Қазақстан облыстық хатшылығының, осындағы Аналар кеңесінің, Достық үйі – қоғамдық келісім орталығының, халықаралық «Бақытты отбасы» институтының өкілдері, облыстық саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған мұражайдың қызметкерлері, «Үміт» балалар үйінің тәрбиеленушілері мен ұжымы қатысты.

«Ақ орамалға» өскемендік аналар да үн қосты

Өскемендегі Республика алаңындағы Абайдың ескерткіші жанында бастау алған акцияға бес жүзге тарта бастарына ақ орамал тартқан аяулы аналар қатысып, жөні бөлек жиынның мәнін жиналғандарға ұғындырды және қала ішінде «Аналар шеруі бейбітшілік үшін!» деген атпен өткен жалпы халықтық аналар шеруінде арнайы безендірілген автокөліктермен жүріп өтті.
Абай ескерткішінің алдында акция салтанатты жағдайда ашылған соң қала мектептерінің оқушылары ақынның өлеңдерін бірінен соң бірі жатқа оқыды. Әуеде Абай әндерінің сазы қалықтады.
Алғаш болып сөз алған Қазақстан халқы Ассамблеясы Шығыс Қазақстан облыстық хатшылығына қарасты аналар кеңесінің төрайымы Майра Бейсеқанова қазақ халқының тарихында ақ орамалдың философиялық мәні терең екендігін, ақ түс тазалықтың, адам ойы мен жан дүниесінің пәктігін білдіретінін, адам өмірінің негізі – ананың ақ сүтінің түсі екенін, абыройдың, ізгіліктің, аманатқа адалдықтың белгісі екенін айтты.
– Тарихтан білетініміз, жауласқан, дауласқан екі тарап бір мәмілеге келе алмаған жағдайда аналарымыз басындағы ақ орамалын орталарына тастап, ел мен елді бітістіруге бастамашы болған. Сондықтан бүгінгі шараның мағынасы өте зор. Абай ескерткішінің жанында басталуы да тегін емес. Ұлы ақын да халықтар арасындағы достықты, ағайынның арасындағы бірлікті насихаттап, ағартушылықпен айналысты. Акцияның бұдан кейін де жалғасын тапқанын қалаймыз, – деді Майра Бейсеқанова.
Жиналғандар алдында сөз алған белорус этномәдени бірлестігінің белсенді өкілі Нина Прищепчик ақ орамал бейбітшіліктің түсі екенін, барлық аналар әлемде бейбітшілік салтанат құрғанын қалайтынын жеткізді.

«Ақ орамалға» өскемендік аналар да үн қосты

Келесі ретте акция Е.Славский атындағы жағалау бойындағы Ауған соғысы ардагерлеріне арналған стелла маңында жалғасып, бұл жерде Тәжік-Ауған соғысында қаза болған жерлестеріміздің туыстары, Ауған соғысы ардагерлерінің жұбайлары республикалық акцияға үн қосты.
Ауған соғысы ардагерінің өмірлік жолдасы Галина Роенко өз сөзінде соғыстан соғыстың еш айырмашылығы жоқтығын, сондықтан да отансүйгіштік асыл қасиет жас таңдамастан әр бір тұрғында болуы керектігін, Елбасының бейбітшілік бастамасына үн қосқан акцияны Ауған соғысына қатысы бар отбасылардың бәрі де жаппай қолдайтындықтарын айтты.
Акцияның аясына халқымыздың ең қасиетті дәстүрлерінің бірі – бата беру де кіргізілген екен. Жақында ғана шаңырақ көтеріп, ізгі армандарын бір арнаға бағыттаған өскемендік екі жас Медет пен Малика Күжебаевтарға жоғарыдағы аналар кеңесінің мүшесі Тамара Қабдікенова әжеміз ақ батасын беріп, алдағы өмірлеріне шаттық пен сәттілік тіледі.

«Ақ орамалға» өскемендік аналар да үн қосты

Өткендер рухына тағзым етіп, гүл шоқтарын қою рәсімі келесі кезекте Стрелка ықшам ауданындағы Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жерлестерімізге арналған Данқ мемориалында да жалғасты. Шеру аясында дініне, діліне, ұлтына қарамастан акция шеңберінде бас қосқан ақ жаулықты аналарымыз салтанатты жағдайда мәңгілік алаудың басына гүл дестелерін қойды.

«Ақ орамалға» өскемендік аналар да үн қосты

«Ақ орамал» республикалық акциясы осы Стрелка ықшам ауданында орналасқан облыстық тарихи-өлкетану мұражайының бір бөлімі болып табылатын Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу мұражайында мәресіне жетті. Аталмыш мұражайдың меңгерушісі Фарида Бегемханова акция қатысушыларын облысымыздағы саяси қуғын-сүргін құрбандарына қатысты тарихи тың мәліметтермен таныстырып, мұражай ішіне саяхат жасатты.
Мұражайдың алдында өңір әйелдерінің атынан қабылданған «Біз бейбітшілікті қолдаймыз» атты үндеуді облыстық ардагерлер кеңесінің өкілі Гүлсара Төпелекова оқып берді.

Дәурен Аллабергенұлы

Суреттерді түсірген – Ғылымбек Сәбитов

Осы айдарда

Back to top button