«Ақ ниетте» балғындарға барлық жағдай жасалған
Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында кеше Өскеменде мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған «Ақ ниет» деп аталатын 100 орындық мектеп-интернат ашылды. Өңіріміздегі ғана емес, бүкіл республика бойынша ашылған бірегей нысанның ашылу салтанатына облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ қатысты.
Мынау жарық дүниеге кемтар, мүмкіндігі шектеулі болып келгені үшін олар мүлдем кінәлі емес. Маңдайға жазылғаны сол болса, амал бар ма? Бірақ мүмкіндігі шектеулі екен деп оларды тағдырдың тезіне тастауға әсте болмайды. Кейбір деректерге қарағанда, республика бойынша 150 мыңнан астам ерекше балалар бар болса, біздің өңірде олардың саны он төрт мыңның үстінде көрінеді. Бір қуанарлығы, елімізде мұндай балаларға ерекше назар аударылып, көңіл бөлінуде. Соның бір айқын айғағы – кеше Өскеменде ашылған «Ақ ниет» мектеп-интернаты. Мектеп-интернаттың салтанатты ашылуына жиналған бүлдіршіндер мен ата-аналардың, ұстаздардың ешқайсысы да желтоқсанның ызғарлы суығын елер емес. Қолдарына түрлі-түсті шар мен ту ұстаған бүлдіршіндердің шаттықтан жүздері бал-бұл жайнайды.
– Бүгін қызым Жасмин екеуіміздің өміріміздегі ерекше күн десем де болар. Мектеп-интернаттың ашылуына Үржар ауданының Барқытбел ауылынан келіп тұрмыз. Осындай жерде білім алып, денсаулығымызды түзейтінімізге бір түрлі сене де алар емеспіз. Мектепті аралап, көріп шықтық. Мұнда мүмкіндігі шектеулі балаларға барлық жағдай жасалған екен. Ең бастысы, мектепті бітірген соң, белгілі бір мамандықтың иесі болып шығамыз, – дейді үржарлық Жасмин Сапарованың анасы Гүлжамал.
Тарбағатай ауданына қарасты Қабанбай ауылынан келген 8 жасар Шырайдың анасы Заринаның да қуанышында шек жоқ. Енді кенже қызы осы мектепте білім алатын болады.
– Қызымның қасында болу үшін мен енді Өскеменге көшіп келуді де ойлап тұрмын, – дейді ол жымиып.
Жаңа нысанның ашылу салтанатында сөз алған облыс басшысы Даниал АХМЕТОВ ең алдымен жиналған қауымды ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойымен құттықтап, бұл ширек ғасырдың біздің еліміздің тарихының беттеріне алтын әріптермен жазылатынын айтты.
– Бүгінгі оқиға – ерекше. Біз балалардың тек қана білім алып қана қоймай, белгілі бір мамандықтың иесі болып шыққанын қалаймыз. Олар он екі мүшесі сау адамдардай тірлік кешіп, өмірдің қуанышы мен рақатын сезінуі тиіс. Ертеңгі күні олар бізді өздерінің толағай табыстарымен қуантатын болады, – деген облыс басшысы Даниал АХМЕТОВ бүлдіршіндерге ақ жол тіледі.
Сондай-ақ, БҰҰ-ның өңіріміздегі даму жобасы бойынша менеджері Ботагөз Дүсіпова өзінің ыстық лебізін білдіріп, мектеп-интернат директоры Светлана Кривицкаяға инво таксидің кілтін сыйға тартты. Бір атап айтарлығы, аталған жоба аясында мектеп-интернат қуат үнемдейтін лампалармен жабдықталыпты. Өз кезегінде бүлдіршіндердің ата-аналары да облыс әкіміне алғыстарын жаудырды.
Шынында да, бұл мектеп-интернатта мүмкіндігі шектеулі бүлдіршіндер үшін барлық жағдай жасалыпты. Пандустар, табалдырығы жоқ кең есіктер, үш адамдық тұрғын бөлмелер, санитарлық-тұрмыстық үй-жай, медициналық кабинеттер – бәрі-бәрі облыс әкімінің көңілінен шықты. Облыстың түкпір-түкпірінен келген бүлдіршіндер мұнда білім алып, денсаулықтарын түзеп қана қоймай, ең бастысы тігінші, дизаинер, программист, бухгалтер секілді барлығы сегіз мамандық бойынша белгілі бір кәсіп түрін де меңгеріп шығатын болады.
– Бұл мектеп-интернат маған өте ұнады. Мен сабағымды жақсы оқитын боламын, – дейді Семей қаласынан келген 11 жасар Әділжан Әділбек. Жеткіншектің көзінен төгілген нұрдан біздің де көңіліміз көтеріліп сала берді.
Мейрамтай Иманғали