«Ақ ниетте» балаларға барлық жағдай жасалған
Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВТІҢ қолдауымен Өскеменде осыдан бір ай бұрын мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған еліміздегі тұңғыш «Ақ ниет» интернаты ашылған-ды. Журналистер қауымы бүгінге дейін орталыққа қабылданған 31 баланың қазіргі жай-күйі, жаңа ортаға бейімделуі және интернаттың материалдық-техникалық базасымен танысып қайтты.
Аймақ басшысының бастамасымен арнайы салынған үш қабатты ғимаратта мүмкіндігі шектеулі балалар үшін барлық жағдай жасалған. Интернат аумағы және балалар оқитын мектептер олардың кедергісіз жүріп-тұруына көмектесетін сүйеніш тұтқалармен, лифтпен және арнайы арбалармен жабдықталыпты. Орталық ішінде логопед, тифло-сурдопедагог, дефектолог, психолог мамандардың бөлмелері заманға сай жарақтандырылған. Балаларды оңалтуға бағытталған арнайы бөлмелер зағиптарға арналған көзілдіріктермен, бейнеұлғайтқыштармен, қол моторикасын дамытатын құралдармен, арнайы әдебиеттермен қамтылыпты. Кітап оқу залы балаларға арналған көркем әдебиеттермен, есте сақтау қабілетін дамытатын көрнекіліктермен толықтырылып тұрады. Мектеп-интернат Пушкин атындағы кітапханамен тығыз байланыс орнатқан. Сонымен қатар, сенсорлық бөлме, емдік денешынықтыру, массаж бөлмелері жұмыс істеп тұр. Білікті невропатолог, терапевт, физиолог, офтальмолог, емдік денешынықтыру нұсқаушылары балалар денсаулығындағы өзгерістерді бақылап, қадағалап, тиісті ем шараларын жасайды. Медбикелер тәулік бойы кезекшілік етеді. Бір сөзбен айтқанда, мүмкіндігі шектеулі балаларға қажетті барлық медициналық қызметтер осы интернат ішінде көрсетіледі.
Білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында «Балалардың сапалы тәрбие және оқытумен толық қамтылуын, сонымен бірге, инклюзивті білім беру жүйесін жетілдіру көзделген. Түзету және инклюзивті білім беру бағдарламасының мақсаты – әртүрлі мұқтаждықтағы даму мүмкіндіктері шектеулі балалардың психикалық процестерін дамытуда, білім алуда кешенді психологиялық-педагогикалық көмек көрсету», – деп атап көрсетілген.
– Балалардың жаңа орынға тез бейімделіп кеткені бізді қуантады. Мінез-құлық ерекшелігіне байланысты әу баста кейбірі бұйығы, тұйық болса, бүгінде барлығы дерлік ашық-жарқын, емін-еркін араласады. Интернатқа төрт бағыттағы, яғни, тірек-қимыл аппараты зақымданған, көзі көрмейтін, есту қабілеті нашар, сөйлеу мүкістігі бар 8-18 жас аралығындағы балалар қабылданады. Негізінен аудан, ауыл балаларын қабылдаймыз. 100 орындық интернатқа бүгінде Аягөз, Семей, Үржар, Зайсан, Глубокое, Ұлан, Күршім аудандарынан 31 бала қабылданды. Ауылдық жерлерде үйге келіп оқытатын әлеуметтік педагогтар аптасына небәрі 8-9 сағат білім береді. Интеллектісі сақталған, өз қатарластары сияқты ойлап, түсіне алатын балалар үшін бұл аздық етеді. Инклюзивті білім беру мақсатында ашылған осы орталық мамандарының көмегімен мүмкіндігі шектеулі балаларды әлеуметтендіріп, мамандық алуына жағдай жасаймыз,-дейді интернат басшысы Светлана Кривицкая.
Интернатта өнерпаздар да аз емес
Интернат тәрбиеленушілері мұнда тұрақты ем қабылдап, білім алып қана қоймай, бос уақыттарында сәндік-қолданбалы өнер, бейнелеу студиясы, ән-би сияқты қосымша үйірмелерге де қатысады. Олар интернатқа қоныстанған алғашқы күннен бастап ұстаздары олардың қандай өнерге бейім екендіктерін анықтап, шығармашылық таланттары мен интеллектуалдық қабілеттерін шыңдауға мүмкіндігінше жағдай жасап отыр. Балалардың шығармашылық сарайындағы қосымша үйірмелерге де қатысады. Болашақта қалалық және облыстық байқауларға қатысу мүмкіндігі бар.
Оқу ісінің меңгерушісі Лира Мұхаметханқызының айтуынша, балалар бес уақыт тамақпен қамтылған. Кең, жайлы бөлмелерде 2-3 баладан тұрады. 1, 2 сынып оқушылары осы мектеп-интернатта оқиды, ал 3-сыныптан бастап тірек-қимыл аппараты бұзылған балалар №15, сөйлеу мүкістігі бар балалар №16, есту қабілеті нашар балалар №37 жалпы білім беретін орта мектептерінде өзге оқушылармен бірге білім алады. Интернаттан алысырақ мектептерге балаларды шағын автобуспен жеткізеді. Болашақта 3,4-сынып оқушыларын да осы мектеп-интернатта оқыту жоспарланып отыр.
Сабақ кезінде де, үй тапсырмасын орындағанда да әр баланың жанында тәрбиешісі болады. Түстен кейін интернатта оңалту сабақтары, емдік шаралары, түрлі үйірме жұмыстары жүргізіледі. Таза ауаға серуендеуге шығады. Ата-аналарымен күнделікті хабарласып отырады. Демалыс күндері отбасына, туған-туысқандарына баруға рұқсат. Интернатта тұруы, емделуі, тамағы – түгелдей тегін, мемлекет қаржысы есебінен.
– Мен қазір №15 мектептің 6-сыныбында оқимын. Көптеген жаңа достар таптым. Әрине, алғашқы кезде отбасымды сағынатынмын. Бірақ қазір анаммен телефон арқылы күнде сөйлесемін. Сабақтағы жетістіктерім жайында айтамын. Бос уақытымыз жоқ. Маған сенсорлық, мультимедиялық бөлмелер ұнайды,-дейді 12 жасар Томирис Тоқтахунова.
«Ақылды жылыжай» жобасын әзірлеуге қатсысады
«Ақ ниет» мектеп-интернатының жоғарғы сынып оқушылары Өскеменде өтетін IT-технологиялар байқауына ұсынатын инновациялық жобаларын әзірлеуде. Әсіресе, «ақылды жылыжай» жобасына шындап ден қойып отыр. Өз болашағын жаңа технологиялармен байланыстыратын 16 жастағы семейлік Владислав Лахно инженер болуды армандайды. Мектеп-интернаттағы IT-бөлме Дастанбек Құлмұханбетов, Ерікболсын Әйкен сияқты инженер болуды армандайтын жасөспірімдердің танымдық мүмкіндіктерін кеңейте түсті.
Влад «Окно в мир» жобасы аясында жаңа технологиялар орталығы қызметкерлерінің басшылығымен «Микро-ГЭС» және топырақ параметрлерін автоматты түрде бақылауға мүмкіндік беретін CREO бағдарламасының көмегімен «ақылды жылыжай» жобасын әзірлеуге қатысып жүр. Енді жылыжай қаңқасын 3D принтерден шығарып, бөлшектерін құрастырса болғаны. Арнайы датчик топырақтың ылғалдылығын автоматты түрде қадағалап тұрады екен. Дәрігерлердің айтуынша, болашақ өнертапқыштардың сүйікті ісі олардың уақытында ем-дом қабылдауына еш кедергі келтірмейді.
– «Ақ ниетке» қабылданғаныма қуаныштымын. Заманауи техникалармен жабдықталған IT-бөлмеде 3D модельдеуді үйрендім. Жаңа технологиялар орталығының маманы, ұстазым Руслан Мәліковтен әлі де үйренерім көп. Болашақтың жобаларын жасағым келеді. Арманыма қол жеткізген облыс әкіміне алғысым шексіз,-дейді Владислав Лахно.
Мектептің мәдени-қоғамдық шараларына да белсене қатысатын Влад шығармашылықтан да құралақан емес. Өлең жазатын ақындығы да бар ол мектеп сахнасының жұлдызына айналған.
Мамандық таңдап, өмірге жолдама алады
Өкінішке қарай, қазіргі таңда туа біткен, тұқым қуалаған, жүре пайда болған аурулар салдарынан қаршадайынан дертке шалдыққан мүмкіндігі шектеулі балалар саны жылдан-жылға артып келеді. Бүгінде елімізде мүмкіндігі шектеулі ересек жандарды қоспағанда 200 мыңнан аса мүгедек бала бар. Бұл, әрине, қынжылтарлық жайт. Ел болып, етек жиғалы бері мемлекет тарапынан оларға деген қамқорлық толастаған емес. Мүмкіндігі шектеулі балалар тек қоғамдық қамқорлықпен ғана емес, білім беру саласында да басты назарда. Өңіріміздегі мұндай жарымжан балалардың оң-солын танып, білім алып, толыққанды азамат болуы үшін Айжан Садықова басшылық ететін облыстың білім беру саласы мүмкіндігінше жағдай жасауда.
«Ақ ниет» интернатының тәрбиеленушілері 9-сыныптан кейін Өскемендегі колледждердің инклюзивті топтарында білімдерін жалғастырып, мамандық алуына болады. Негізінен оларға есепші, ЭВМ операторы, бағдарламашы, аудармашы, тігінші, кітапханашы мамандықтары ұсынылады. 9-11 сынып оқушылары арасында білікті ұстаздардың көмегімен арнайы тест жүргізіліп, болашақ түлектердің қандай мамандыққа бейім екендіктері анықталады. Колледждерде оқып, дипломдарын алған соң, өз мамандықтары бойынша жұмыспен қамтылуына жағдай жасалады.
– Маған мұнда бірден ұнады. Анам да қуанышты. Қатарлас құрбыларымнан қалмай сапалы білім алғым келеді. Маған интеллектуалдық бөлме мен кітапхана ұнайды. Мектепті тәмамдаған соң дизайнер болып, әдемі киімдер тіккім келеді,-дейді семейлік Алуа Туыспекова.
Кейбір ата-аналар азын-аулақ жәрдемақы үшін баласының осындай түзетіп-дамытатын арнайы орталықтардан білім алу мүмкіндігін пайдаланбайтын көрінеді. Мүмкіндігі шектеулі баланың қозғалыс мүмкіндігі шектелгенімен, жан-дүние аясының тарылып, күйзеліске ұшырауына жол бермей, олардың емделе жүріп сапалы білім, мамандық алуына қол жеткізу – әрбір ата-ананың парызы болса керек.
Жаңа үлгідегі «Ақ ниет» мектеп-интернаты мүмкіндігі шектеулі балалардың ертеңгі күнге деген сенімін нығайтып, денсаулық кемістігіне қарамастан, өмірдің қиындықтарына тайсалмай төтеп бере алатын қайсар азаматтар тәрбиелеп шығаратыны сөзсіз.
Айжанат Бақытқызы