Қоғам

АӘК төлеудің жаңа тәртібі түсіндіріліп жатыр

Жыл басынан бері тұрғындардан атаулы әлеуметтік көмекті тағайындауға құжаттар қабылданып жатыр. Аталмышжәрдемақы түрін төлеуге биыл 5,4 миллиард теңге қаражат қарастырылып отыр, оның 4,3 миллиарды республикалық бюджеттен, қалған 1,1 миллиарды аудан-қалалар қаржысынан бөлінбек.

Бұл туралы облыс әкімдігінің кеңейтілген аппараттық кеңесінде атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау және төлеу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндаған жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Жасұлан Сәрсебаев мәлім етті.

Басқарма басшысының айтуынша, 2019 жылдың басынан атаулы әлеуметтік көмек 18 504 отбасыға (88 670 адам) тағайындалған, оның ішінде 6104 көпбалалы отбасыға (39 263 адам) және 12400 аз қамтылған отбасыға (49407 адам).

–Былтыр АӘК төлеуге 11,1 миллиард теңге бөлінді, оның 6,2 миллиарды республикалық қазынадан, 3,2 миллиарды ұлттық қордан, қалған 1,7 миллиарды жергілікті бюджеттен. Қаражат толық игерілді, – деген Жасұлан Сәрсебаев АӘК жөніндегі заңнаманың өзгеруіне және отбасылар табысының артуына байланысты көмекті алушылар санының қысқаратынын жеткізді.

Атап айтсақ, болжам бойынша осы жылдың бірінші тоқсанында АӘК-ті 14 553 отбасы, яғни 68604 адам алатын болады. Олардың ішінде 4276 (27598 адам) отбасы көпбалалылар, 10277 отбасы (41006 адам) аз қамтылғандар санатынан.

Атаулы әлеуметтік көмектің жаңа шарттары бойынша АӘК мөлшері отбасының әр мүшесі үшін облыстағы кедейшілік шегі мен отбасының жан басынашаққандағы табысының айырымасына тең. Отбасы табысына көпбалалық үшін берілетін жәрдемақы, тұрғын үй сертификатының сомасы, жұмыспен қамту шараларынан түскен кірістер енбек. Мұнымен қоса, учаскелік комиссиялар отбасылардың материалдық жағдайын тексеру негізінде АӘК тағайындамау шешімін шығару құқығына ие болады.

Тағы бір өзгеріс – енді АӘК бір жылға емес, тоқсан сайын тағайындалады. Баланы күту бойынша жас 7-ден 3-ке дейін азайтылды, яғни бала 3 жасқа толған соң анасы жұмыспен қамтылуы тиіс, сонымен қатар еңбекке жарамды отбасы мүшелері жұмыспен қамту шараларынан бас тартқан жағдайда, атаулы көмек бүкіл отбасына 6 ай көлемінде тағайындалмайды.

–Атаулы әлеуметтік көмекті төлеуге биыл 5,4 миллиард теңге қарастырылып отыр, оның 4,3 миллиарды республикалық бюджеттен, қалған 1,1 миллиарды аудан-қалалар қаржысынан бөлінеді. Жыл басынан бері барлық аудан-қалаларда АӘК тағайындауға арналған құжаттар қабылдануда, – деді басқарма басшысы.

Қазірге дейін жұмыспен қамту орталықтарына кеңес алуға төрт мыңнан астам адам келіп, оның бір мыңы АӘК тағайындауға өтінім берген. Соның 637-сі учаскелік комиссияларға ұсынылыпты.

Бүгінде облыс өңірлерінде 258 ақпараттық топ құрылып, әлеуметтік көмек алушылар ішінде түсініктеме жұмыстарын жүргізіп жатыр. Олар барлық аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға кеңес беретін болады. Осы санаттағы үйлерді аралау барысында өзге облыстарға, не аудандарға қоныс аударғандар анықталуда.

–Атаулы әлеуметтік көмекті берудегі негізгі мақсат – мұқтаж азаматтарға қолдау көрсету, сонымен бірге оларды еңбек етуге ынталандыру. Қазір өңірде АӘК тағайындаудың жаңа шарттарын түсіндіру жұмыстары жүріп жатыр. Осы ретте аудан-қалалардағы учаскелік комиссиялардың жұмысын ширатуды тапсырамын, – деген аймақ басшысы Даниал Ахметов көпбалалы және аз қамтылған отбасы мүшелерін еңбекпен қамту іс-шараларын қарқынды жүргізуді міндеттеді. Бүгінде облыс басшылығы өз кәсібін ашуға ниет білдірген аталмыш санаттағы тұрғындарға 4 пайыздық гранттар беруге әзір, өзге де қолдау шаралары қарастырылған.

Облыс әкімі, сонымен қатар Өскемендегі жұмыспен қамту орталығын кең әрі келушілер үшін барынша ыңғайлы ғимаратқа көшіру жөнінде де нақты тапсырмалар берді.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button