Ақ халаттылардың білімі алаңдатарлық жағдайда
Облыс орталығының дәрігерлерімен кездескен Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов медицина саласын жаңғыртудың жолдарымен таныстырды. Министр саланы дамытуға бағытталған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының алғашқы жылғы қорытындысымен бөлісіп, осы бағыттағы негізгі міндеттерге тоқталды.
Министрдің айтуынша, мемлекеттік бағдарламада көрсетілген индикаторлардың көпшілігі бойынша республикалық көрсеткіштер әлі де төмен. Ана өлімін азайту, тұрғындарды жалпы практика дәрігерлерімен толық қамту және онкологиялық науқастардың жасын бес жылға дейін ұзарту міндеттерін бірде-бір облыс орындамаған.
– Өйткені елімізде медицинаның жұмысы тек басқарушыларға ыңғайлы етіп ұйымдастырылған. Монопрофильді стационарлардан қашуымыз керек. Мысалы, ана өлімі неге көп? Жүкті келіншектің денсаулығынан бір сырқат анықталса, қажетті маманды басқа емдеу мекемесінен шақырғанша, алтын уақытты өткізіп аламыз. Онкодиспансерлер көпбейінді ауруханаларға жапсарлана салынғаны дұрыс. Бұл науқастарға қажетті жоғары сұранысқа ие мамандардың көмегін дер кезінде алуға мүмкіндік береді, – деді Елжан Біртанов.
Жаңғырту тұрғындардың қажеттілігін ескере отырып жүргізілмек. Сондай-ақ емдеу мекемелерінің инфрақұрылымдары да өте маңызды. Семей қаласында құрылысы 2004 жылы басталған ядролық орталық әлі іске қосылмаған.
– Он үш жыл болды салынып жатыр. Оның құрылысына 8 млрд. теңге бөлінген болатын. Бір күн де істемеген орталықты енді біраз уақыттан кейін ескірген, жарамсыз деп тануға да болады. Алдағы уақытта емдеу нысандары жаңа талаптармен салынады. Біз емдеу мекемелерінің құрылысына тек осындай бағытта құрылыс жүргізген компанияларды ғана тартатын боламыз, – деп ескертті министр.
Спикер дәрігерлердің жалақысы жұмыс нәтижесіне қарай төленуге тиіс деп санайды. Жалпы медицина қызметкерлерінің білімі кісі алаңдарлықтай екен. Министр резидентураны жаңа бітіріп шыққандардың 80 пайызы сынақтан өте алмағанын айтты. Оның қасында практикалық дәрігерлер емтихандарды бірден тапсырыпты. Елімізде медбикелерді даярлайтын 60 колледж, дәрігерлерді әзірлейтін 6 жоғары оқу орны бар. Алайда, Елжан Біртанов бұрынғы медаға ретінде кіші медициналық персоналдар дәрігерлердің қасында оқу керек деген пікірде.
Қазақстандықтар отбасылық бюджеттің 40 пайызын денсаулыққа жұмсайтын көрінеді. Бұл негізінен диагностикалық қызметтер мен дәрі-дәрмекке кетеді. Бүгінгі таңда дәріханалардағы провизорлар дәрігер болып алған. Келген тұтынушыларға өздері ем тағайындай береді. Бір дәрінің бағасы бір қаланың өзінде әртүрлі. Министр мырза рецеппен босатылатын барлық препараттарға республика көлемінде жыл аяғына дейін біркелкі баға тағайындалатынын жеткізді.
Сонымен қатар 2019 жылға қарай емдеу орындары құжаттарды түгелдей электронды түрде толтыратын болады. Елжан Біртанов сандық технологияға ауысу оңай болмайтынын, бірақ бұл күн талабы екенін атап өтті.
Айна ЕСКЕНҚЫЗЫ