\”Ақ Ертіс\” фестиваліне Америкадан да әншілер келді
Кеше Өскемен шаһары әсем саздың құшағында тербелді. Сыңғырлай күліп, сылдырай ағатын Ертіс те бір сәт тыншып, сиқырлы сазға құлақ түрді. Бірде елітіп, бірде еліктірген ерке саз дәл Ақ Ертістің өзі секілді дерсің. Біресе шалқып, біресе толқып, біресе арнасынан асқан өзендей күркіреген әсем саз облыстық драма театрына жиналған тыңдарманның құлағының құрышын қандырды. Осылайша қазақстандық және шетелдік өнер майталмандары қатысқан ІІ-халықаралық «Ақ Ертіс» классикалық музыка фестивалі өз мәресіне жетті. Өскемен қаласының төл мерекесіне орайластырылған айтулы шараға облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар қатысты.
Ең алдымен, халықаралық деңгейдегі бұл фестивальдың облыс әкімі Даниал АХМЕТОВТІҢ бастамасымен ұйымдастырылғанын, былтыр Өскемен қаласының 295 жылдық мерейтойы кезінде тұңғыш рет тұсауын кескенін айта кетейік. Биыл да айтулы өнер фестивалі облыс орталығының туған күніне орайластырылып отыр. Бұл күні облыстық драма театрына жиналған өнерсүйер қауым Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, танымал опера әншісі Шахимардан Әбілов, Қазақстанның халық әртісі, Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры Айман Мұсаходжаева, «Астана-Опера» театрының солисі Сүндет Байғожин, қазақ операсының мақтанышына айналған Дина Хамзина секілді қазақ өнерінің майталмандарын ғана емес, мәскеулік Фраучи атындағы гитара квартетінің, американдық джаз әншісі Твана Родс пен Евровидения байқауы тарихындағы ең жас жеңімпаз, халықаралық байқаулардың жеңімпазы Дмитрий Ишхановтың және Самсун мемлекеттік опера және балет театрының дирижері Михаил Кирхгофф (Түркия) секілді шетелдік өнерпаздардың да өнерін тамашалау бақытына ие болды.
Екі сағатқа созылған фестиваль барысында тыңдармандар әлемдік классикалық музыка өнерінің тұнығына қанып, армансыз бір сусындады десек те болады. Адам өмірінде алма-кезек ауысып отыратын қуаныш пен қайғы, жақсылық пен жамандық, махаббат пен зұлымдық секілді түрлі сезімдер музыка тілінде өріліп, талғамы нәзік тыңдарманның көңіл пернесін дөп басып жатты. Әсіресе, «Астана Опера» театрының солисі, халықаралық байқаулардың лауреаты Сүндет Байғожиннің «Севильский цирюльник» операсынан шырқаған ариясы, шығысқазақстандық опера әншісі Айжан Мазкенованың орындауындағы Латиф Хамидидің «Қазақ вальсі» мен «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының солисі Дина Хамзинаның орындауындағы Радион Щедриннің «Тек махаббат емес» операсындағы Варвараның әндері мен айтыстары өте сәтті шығып, өнерсүйер қауымның жүрегіне жетті.
Ал сахнаға Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Шахимардан Әбілев шығып, Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Абай» операсынан ария айтқанда зал толы көрермен қол соғып, ерекше құрмет көрсетті. Сонымен қатар, белгілі опера әншісі Александр Зацепиннің «Надо мной небо синее» туындысын да нақышына келтіре орындады.
Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы қарсаңында өтіп отырған халықаралық деңгейдегі өнер фестивалінің барысында жүргізушілер Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ өнер мен мәдениетке ұдайы зор көңіл бөліп отыратынын, елімізде мәдени нысандардың көптеп бой көтеріп жатқанын да ерекше атап айтты. Соның бірі – осынау облыстық драма театрының ғимараты. Аталған ғимараттың материалдық-техникалық базасын нығайтуға да жергілікті билік зор көңіл бөліп келеді. Айтулы өнер шарасы барысында залда жиналған қауым облыс басшысы Даниал АХМЕТОВТЫҢ тікелей қолдауының арқасында қол жеткізілген әлемге танымал «Steinway» маркалы жаңа рояльдің тұсаукесеріне де куә болды. Енді шығысқазақстандықтардың әлемдік деңгейдегі пианистарды шақырып, өнерін тамашалауға мүмкіндігі бар.
– Бұл фестиваль облыс әкімі Даниал АХМЕТОВТІҢ бастамасымен ұйымдастырылып, бүгінде қанатын кеңге жайып келеді. Бүгінгі күні бұл фестивальға Ресей, Германия, Түркия секілді әлем елдерінен әншілер көптеп қатысуда, – деп фестиваль соңында сөз алған әйгілі скрипкашы Айман Мұсаходжаева залда жиналған қауымға классикалық музыканы сүйетіндері үшін ерекше алғысын жеткізді.
Өнерсүйер қауымға керемет көңіл-күй сыйлаған өнерпаздарға облыс әкімінің атынан ықылас гүлі тарту етілді.
Осылайша Өскеменде тағы бір өнер фестивалі өз шымылдығын жапты. Десе де, сиқырлы саз бен әдемі әуенге бөленген күн көпшілік көңілінде ұзақ сақталатын болады.
Мейрамтай Иманғали
Суреттерді түсірген – Мәнап Мұрзатаев