Руханият

Ақ азу неге Қанды азуға айналды?

Ақ азу неге Қанды азуға айналды?


Облыстық драма театрының ұжымы тағы да жаңа қойылымды көрермендер назарына ұсынды. Көктемнің алғашқы күндерінің бірінде Байғали Есенәлиевтің М.Әуезовтің «Көксерек» повесінің желісі бойынша жазған «Қанды азу» спектаклінің тұсауы кесілді. Спектакльдің қоюшы режиссері – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Болат Ұзақов.

Адамдардың ортасына тап болған кішкентай, қорғансыз Ақ азу. Оны тістерінің ақтығына орай Ақ азу атандырған бала Бораш. Ақ азуды жалғыз Бораштан басқасының бәрі жек көреді. Неге? Тіпті, ауылдың балаларын былай қойғанда, жаман иттерінің өзі мұны талап, өлтіріп тастағысы келеді. Ақ азудың досы да, жақыны да – Бораш. Бораш қана мұның жанын түсінеді, Бораш қана мұны еркелетеді. Иә, айналадағылардың Ақ азуға басқаша қарауының себебі бар. Өйткені ол – қасқырдың тұқымы. Ал адамдардың арасында «Қасқырды қанша асырасаң да, орманға қарап ұлиды» деген аталы сөз бар.
Спектакльді тамашалап отырып, қасқыр болып ойланып, қасқыр болып толғанасыз, тіпті қасқыр болып қамығасыз да. Қасқырда да жүрек бар екенін, қасқырда да тілек бар екенін ұққандай боласыз. Адамдардың арасында өскенімен, өзін анасынан, азаттығынан айырғандарға Ақ азудың өкпесі қара қазандай.

«Ей, адамзат мені ата-анамнан, табиғаттан ажыратқанда не таптың? Мен еркін мекеніме кеттім, бірақ сендер онда да қуғындадыңдар, кішкентай кезімнен иттерге талаттыңдар, неге сонша жек көрдіңдер, мен де сендердей еркін өмір сүруге еркім бар шығар?» деп егіледі Ақ азу оңашада.

Режиссер Болат Ұзақовтың бұл Шығыс Қазақстан облыстық драма театрында қойған үшінші қойылымы. Бұған дейін шығысқазақстандық көрермендер оның «Кенесары-Күнімжан», «Керей-Жәнібек» қойылымдарын тамашалаған болатын. Бұл жолғы спектакльдің де көрермен көңілінен шыққаны сөзсіз. Зал толы көрермен қойылымды бір жарым сағат бойы демін ішіне тартып отырып тамашалады.

– Мен бұл спектакльді 1998 жылы алғаш рет Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында қойған болатынмын. Бұл менің курстас досым Байғали Есенәлиевтің М.Әуезовтің «Көксерек» повесінің ізімен жазылған драмалық шығармасы. Жалпы, мұндағы оқиға адамдар мен қасқырлар туралы болғанымен, шын мәнінде әлемдегі мынау үйлесімділіктің бұзылуы жайлы. Бәріне кінәлі – адам. Өйткені о баста Алла тағала бәрін тепе-теңдікте жаратты ғой. Келе-келе өркениет өсіп, техника, технология дамыған заман туды. Адамның да сана-сезімі толысып, мүмкіндіктері көбейді. Дейтұрғанмен, соның бәрі адамның өзінің болашағына кері әсерін тигізуде. Қазір қарасаңыз, адамзат баласы табиғи апаттардан көз ашпайды. Техногендік апаттар көбейді, жануарлар дүниесі жұтаң тартты. Табиғат байлығын да қомағайлана қазып алып жатырмыз. Осының бәрі адамның өзінің болашағына қауіп туғызып жатыр. Адам өзіне өзі ор қазуда. Қазір рухани жұтаңдық белең алуда. Біз рухани экологияға, адам жанының экологиясына тап болдық. Қазір қатыгездік көбейіп кетті. Бұрын болмаған сұмдықтардың бәрі болып жатыр. Ешнәрсе өмірде жауапсыз кетпейді. Өмір – бумеранг. Жақсылық жасасаң – жақсылық, жамандық жасасаң жамандық алдыңнан шығады. Осы спектакль арқылы біз «Не істесек те ойланайық. Іс-әрекетімізге есеп берейік. Ертең ұрпағымызға не қалдырамыз? Қандай табиғатты мұра етеміз?» дегенді айтқым, жеткізгім келді, – дейді режиссер Болат Ұзақов.

Ақ азу неге Қанды азуға айналды?

Кейбір көрермен бұл қойылымды М.Әуезовтің «Көксерек» повесімен шатастырып та жатты. Оқиғаны бұрмалағаны, кейіпкерлердің атын өзгерткені қалай деп те жатты. Шындығында, бұл шығарма «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, актер Байғали Есенәлиевтің М.Әуезовтің «Көксерегінің» ізімен жазған туындысы. Ол бұл дүниесі үшін «Алтын қалам» әдеби байқауында «Драматургия» саласы бойынша жүлдеге де ие болған. Мұндағы кейіпкерлердің аттары да бөлек. М.Әуезовтің «Көксерегіндегі» баланың аты Құрмаш болса, «Ақ азудағы» баланың аты Бораш. Спектакль кезінде республикалық және халықаралық өнер фестивальдерінде жүлдеге ие болыпты. 1998 жылы бұл қойылым Каир қаласында өткен дүниежүзілік эксперименттік спектакльдер фестивалінде де жоғары бағаланып, жүлделі орыннан көрінген. Жалпы, Болат Ұзақов – көрерменді ойландыруға, ой тастауға ұмтылатын режиссер. Оның сахналық қойылымдары өмірдің өзімен үндесіп жататыны да сондықтан. Режиссердің соңғы екі жылда құрамы жас актерлермен толыққан ұжымның мүмкіндігін толық пайдалануға тырысқаны көрініп тұр. Қасқырлардың қимыл-қозғалысын, пластикасын беру үшін Астанадан арнайы балетмейстер де шақырылыпты.

– Режиссердің бізге қойған талабы өте жоғары болды. Бір айдай үзіліссіз еңбек еттік. Физикалық жағынан да қатты шаршап жүрдік. Бірақ оның бәрін жеңе білдік. Әлі жетілдіретін, толықтыратын тұстары жетерлік. Өнер адамы болғандықтан, ұдайы өсуге, дамуға тырысамыз, – дейді қойылымда Ақ азудың рөлін сомдаған актер Еділ Мекешов.

– Жалпы, осы қойылымнан өзіме көп нәрсені көңіліме түйдім. Адамның бірін-бірі алдауы, арбауы, бірінің – бірі аяғынан шалуы деген секілді пенделік қасиеттері жайлы терең біле түскендей болдым.

Жалпы, спектакльдің де айтқысы келгені осы болатын. Өмірде түздің тағысының емес, адамның жасаған сатқындығын кешіру қиын. Еділдің өзі Күршім ауданы, Қаратоғай ауылының баласы. Алматыдағы Ж.Елебеков атындағы эстрада және цирк колледжін бітірген Еділдің бұл үлкен сахнадағы алғашқы басты рөлі екен.

Иә, күнделікті күйбең тірліктен шаршасаңыз, театрға барғаныңыз жөн. Театр жаныңды тазартып, санаңа сәуле себеді. Бір ғажабы, түз тағысы да тазалықты, адалдықты сүйеді екен. Түз тағысы сатқындықты кешпейді. «Қанды азуды» тамашалаған көрермен осындай бір ой түйіп қайтты.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button