Қоғам

Ақ қардан кейін жасыл жапырақ жауды

Ақ қардан кейін жасыл жапырақ жауды


Қылышын сүйретіп, қыс та келіп жетті. Қар тазалайтын мердігер мекеменің барлық техникалары мен мамандары жолдарды тазалау мен қар шығаруға кірісіп кетті. Бұл жайында қала әкімнің орынбасары Николай Ушаков біраз мәліметтер берді.

Биыл жолдарды қыста тазалау үшін 70 миллион теңге бөлінген. Алайда, ауа-райына байланысты қосымша қаражат та бөлінуі мүмкін. Семейде бұрнағы күні таң атпастан ақ ұлпа қар жауды, бірақ оның үстінен қызыл да емес, сары да емес, тұп-тура жасыл жапырақ басты. Ауа-райындағы мұндай құбылыс биыл бірінші рет орын алып отыр. Бұрын-соңды болмаған.

-Бүгінде қар жинауға, шығаруға арналған техника дайын,-деді қала әкімінің орынбасары Николай Ушаков,-сондай-ақ, қар шығаратын алаң да белгіленді. Ол қаладан шыға берістегі Степной ықшам ауданының тұсы. Қала көшелерін қыста қалыпты жағдайда ұстап тұру үшін 57 арнайы техника бөлінген. Олардың 38-і бас мердігер «Семей» көгалдандыру және көркейту мекемесіне тиесілі. Қалғаны «Озон» өндірістік коперативінікі. Екі мекеме де тиісті инерттік материалдармен қамтамасыз етілген.

Қаладағы ТЖ басқармасы бастығының орынбасары Бақытбек Байбуровтың айтуынша, алдағы қыс аязды, әрі қарлы болады деп болжануда. «Сол үшін бүгін жол тазалау техникасының байқауын өткіздік»,- дейді ол. Қаланың арнайы қызметтері қысқы мерзімде жұмыс істеуге дайын. Өрт сөндіру қызметі де алдағы маусымға әзір. Ал «Семей» КММ директорының орынбасары Асхат Рахметовтың келтірген мәліметіне жүгінсек, қазірдің өзінде 1200 тонна кесек құм мен 56 тонна тұз дайындалған. Техниканың барлығы тексеруден өткеннен кейін, түгелдей қала ішіне жұмыс істеуге шығарылмақ. Грейдер жүргізушілер негізінен түнде жұмыс істейді. Жол бойында көліктер жүретіндіктен күндіз жол тазалау қолайсыз.

Раушан Нұғманбекова
Семей.

Осы айдарда

Back to top button