98 АДАМ ҚАЙТАРЫМСЫЗ ҚАРЖЫ АЛДЫ

«Ауыл-ел бесігі», «Жұмыспен қамтудың жол картасы», «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» және тағы басқа бағдарламалар арқылы ауданда жергілікті халықты жұмыспен қамтамасыз ету мәселелері оңды шешілуде.
-Өткен жылы елімізге тосыннан келген пандемияға қарамастан, ауданымызда бірсыпыра жұмыстар орындалды, – дейді аудандық жұмыспен қамту орталығының басшысы Сәуле Елубаева. – Әсіресе, жергілікті халықты жұмыспен қамту мәселесі ретті шешілуде. Аудандағы жұмыссыздар санатына жататын әлеуметтік топтардың барлық өкілдері, яғни, жастар, көпбалалы, аз қамтылған, мүгедектік тобындағы, әлеуметтік көмек алушы адамдар барынша жұмысқа орналастырылды. 2020 жылы аудандық жұмыспен қамту орталығына 1299 адам келіп, солардың 877-сі жұмыспен қамтылды. Бұлардың қатарына жастар іс-тәжірибесі, әлеуметтік жұмыс орындары, ақылы қоғамдық жұмыс, қайтарымсыз грант алушылар санатындағы адамдар кірді. Аталған санаттағы азаматтардың барлығы «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы аясында жұмыспен қамтамасыз етілді.
Әлеуметтік жұмыс орындары меншіктің барлық формасындағы кәсіпорындар мен ұйымдарда ұйымдастырылып келеді. Әлеуметтік жұмыс орындары уақытша болып табылады. Оны жұмыс берушілер субсидияланған жалақымен жұмыссыздарды жұмысқа орналастыру үшін жұмыспен қамту орталығымен келісімшарт жасайды. Азаматтардың әлеуметтік жұмыс орындарына қатысу уақыты 12 айдан аспайды. Белігіленген жалақы көлемі 60 мың теңгені құрайды, соның 35 пайызын (21 мың теңге) жұмыспен қамту орталығы, қалған 65 пайызын жұмыс беруші төлейді. Өткен жылы әлеуметтік жұмыс орындарына 21 адам жолданды. Биыл 25 адамды жолдауды жоспарлап отыр екен аудандық жұмыспен қамту орталығы.
-Жастар іс-тәжірибесіне арнаулы орта және жоғары білімі бар, 3 жыл көлемінде жұмыс істемеген 29 жастан аспаған жастар өкілдері қатыса алады. Жастар 6 ай бойында іс-тәжірибеден өткен соң, тұрақты жұмысқа орналастырылады. Өткен жылы аудан бойынша 35 адам жастар іс-тәжірибесіне қатысты. Бұл жастардың еңбектегі алғашы тәжірибелерін алуға көп септігін тигізеді.
Ақылы қоғамдық жұмыстарға келсек, біз әр жыл сайын ауылдық округ әкімдерімен, мекеме басшыларымен жұмыссыз азаматтарды ақылы қоғамдық жұмысқа жолдау үшін келісімшарт жасаймыз. Ақылы қоғамдық жұмыстар адамдарды уақытша жұмыспен қамту үшін арналған. Ұзақтығы -12 ай. Жалақылары -42500 теңгені құрайды (ҚҚС-ын бірге есептегенде). Бұндай жұмыстарға мұрағат жұмысына көмекші болу, ауылдық округтердегі санақ жүргізуші, салық жинаушы және т.б. жатады. Қоғамдық жұмыстарға жолдану үшін жұмыссыздардан алдын ала кәсіби дайындықты қажет етпейді. 2020 жылы ақылы қоғамдық жұмысқа 297 адам жолданды. Биыл бұл жұмысқа 301 адам жоспарлануда. Бүгінде тиісті келісімшарттар жасалуда, – дейді жұмыспен қамту орталығының басшысы.
Қайтарымсыз грант беру арқылы аудандағы жұмыссыздық мәселесі шешілуде. Екі жыл бойында «Еңбек» бағдарламасы аясында қайтарымсыз гранттар берілуде. Оның мақсаты – халықтың жаңа бизнес-идеяларды іске асыруына мүмкіндік туғызу. Өткен жылы ауданымызда жалпы сомасы 54 млн. 448 мың теңгеге 98 адамға мемлекеттік грант берілді. Бұл гранттар ең әуелі, көпбалалы, аз қамтылған отбасыларға, атаулы әлеуметтік көмек алушыларға, 29 жасқа дейінгі жастарға, жұмысқа жарамды мүгедек адамдарға, табысы аз отбасыларға, пробация есебінде тұрғандар мен алимент алушыларға, яғни, нысаналы топтарға ұсынылды. Гранттар жұмыссыз адамдарға ғана беріледі. Өткен жылы гранттың көлемі 555 мың теңгені құрады. Биыл оның көлемі АЕК-тің өсуіне байланысты 583 мың теңгені құрайды. Қайтарымсыз гранттарды тағайындау ауданда арнайы құрылған комиссия шешімі арқылы жүзеге асады. Грант алған азаматтарды комиссия бір жыл бойында тексеріп, бақылап отырады. 2021 жылға 60 грант беру жоспарланып отыр. Бүгінде грант алған барлық азаматтар өз кәсіптерін бастап, отбасылық бюджет қорын мүмкіндігінше молайтып отыр. Ескеретін жайт, грант бір адамға екі рет берілмейді. Бастаған ісін ары қарай жалғастыру үшін грант алған адам жеңілдетілген несие алуға мүмкіндігі бар. Ол үшін ол кісіде кепілге мүлкі болуы тиіс, өзінде (мүлкі) болмаса, үшінші тұлға кепіл беру арқылы несиеге қол жеткізе алады.
Шапағаты мол тиіп отырған «Еңбек» бағдарламасынан бөлек, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы да ауданымызда жаңадан жұмыс орындарының ашылуына, жұмыссыздар санының қысқаруына себепші болуда.
-Өткен жылы ауданымызға осы бағдарлама аясында 27 жобаға 921 млн. теңге көлемінде қаражат бөлінді. Бұл қыруар қаржы ауданымыздағы білім беру, денсаулық сақтау нысандарының, мәдениет ошақтары мен жолдардың жөнделуіне, елді мекендердің абаттандырылуына жұмсалды. Осы орайда, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бойынша жұмыспен қамту орталығы арқылы өткен жылы 221 адам жұмыспен қамтамасыз етілді. Олар көбіне уақытша жұмыстарға орналастырылды. Қолдарына 85 мың теңгеден айлық жалақы алып отырды. Жұмыс берушілер мен жұыс іздеушілер арасында келісімшарттар жасалды. Соның арқасында жұмысшылар жалақыларын уақытылы ала алды. Нәтижесінде ауданда 33 тұрақты жұмыс орны ашылды. Мәселен, мектептер өздеріне вахтер, кейбір мектептер сантехник мамандарды алса, Үлкен Нарындағы «Бәйтерек» саябағына күзетші тұрақты жұмысқа қабылданды, – деді Сәуле Зарлыққызы.
Бұдан түсінгеніміз, ауданда неғұрлым құрылыс, абаттандыру жұмысары артса, соғұрлым жұмыс орындары да көп пайда болады деген сөз. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында атқарылған істер соның дәлелі.
Тимур Смағұлов
Катонқарағай ауданы.