Қоғам

9,5 мыңға жуық тонна алтын бар

9,5 мыңға жуық тонна алтын бар

Қазақстанда алтынның болжамды ресурстары 9,5 мың тоннаны құрайды. Бұл туралы жетінші рет өткізіліп отырған «МАЙНЕКС Орталық Азия» тау-кен өнеркәсібі форумы барысында Инвестициялар және даму министрлігі геология мен жер қойнауын пайдалану комитетінің төрағасы Базарбай Нұрабаев мәлім етті.
– Еліміздің болжамды алтын қоры 9,5 мың тоннаға, оның ішінде алтын кен орындарындағы ресурстар 7,7 мың тоннаға бағалануда, – деді комитет басшысы.
Сондай-ақ, мыстың болжамды ресурсы 100 миллион, мырыш пен қорғасындікі сәйкесінше 135 миллион және 50 миллион тоннаны құрап отыр.
Ал Каспий маңы ойпатындағы көмірсутекті шикізаттың әлеуеті 63 миллиард тонна шартты отынға бағалануда.
– Бұл қазақ даласының жер астындағы байлығының болжанған мөлшерден бірнеше есе артық екенін көрсетеді және жер қойнауын одан әрі зерттеу қажет екенін растайды, – деп атап өтті Базарбай Нұрабаев.

30 мыңнан астам келісім жасалған

Елімізде жыл басынан бері жұмыс орындарын сақтау бойынша 30 мыңнан астам келісім жасалды. Бұл туралы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Соңғы ақпаратқа сәйкес, Астана, Алматы қалаларының, сондай-ақ, барлық облыстың әкімдіктері жұмыс берушілермен және өндіріс орындарының кәсіподақтарымен өзара ынтымақтастық туралы 30 207 меморандум жасасыпты. Мұндай келісімшарттар халықты тұрақты еңбекпен қамтуға және жұмыссыздық көрсеткішінің ұлғайып кетпеуіне кепілдік бола алады.
Өткен жылдың басынан бері елімізде 2,4 миллион жұмысшыны қамтыған 105 557-ге жуық меморандумға қол қойылғанын айта кеткен жөн.
Қол қойылған келісімдер 1,9 мыңға жуық ірі кәсіпорынды (жалпы көрсеткіштің 83 пайызы), 103,9 мыңнан аса орта және шағын кәсіпорынды (59 пайыз) қамтыды.
Ал аймақтар арасында меморандумдардың басым көпшілігі Қостанай мен Ақмола облыстарының кәсіпорындарымен жасалыпты.

Он пайызға қымбаттайды

«Жолаушылар тасымалы» АҚ 2016 жылдың 25 сәуірінен бастап жолаушыларды тасымалдау тарифін 10-пайызға өсіреді. Бұл туралы компанияның баспасөз қызметі хабарлады.
Баспасөз мәліметіне сәйкес, компания соңғы рет темір жол көлігімен жолаушыларды тасымалдау тарифін 2014 жылдың қаңтарында жеті пайызға көтерген.
Осы орайда, «Тұлпар-Тальго» пойыздарында икемді тариф жүйесі, яғни, билетті сатып алу мерзіміне қатысты жеңілдіктер сақталатынын айту керек.
«Қазіргі уақытта аталған пойыздарға билетті сатып алу мерзіміне (пойыздың жүруіне қанша күн қалғанына) байланысты қосымша 40 пайызға дейін жеңілдіктер бар. Бұдан бөлек, әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында жолаушылардың кейбір топтарына арнайы жеңілдіктер беретін дисконтты карталар шығарылды. Мәселен, «Ардақты ана», «Қамқор» немесе «Ардагер+» дисконтты картасына ие жолаушылар күні бұрын билет алса, 70 пайызға дейін жеңілдікке қол жеткізе алады» делінген компания хабарламасында.

Шығыс-Ақпарат

Осы айдарда

Back to top button