Қоғам

92 мың гектар суармалы алқап игеріледі

92 мың гектар суармалы алқап игеріледі


Біздің облыста ірілі-ұсақты 800-ден астам өзен бар. Олардың жалпы ұзындығы 10 мың шақырымнан асады. Осы байлықты суармалы егістікке жаратуға «Қазсушар» РМК-ның облыстық филиалының үлесі өте үлкен. Саладағы қордаланған мәселелер мен атқарылған жұмыстар жөнінде филиал басшысының міндетін атқарушы Дулат Наққажинмен сұхбаттасқан едік.

50 жыл жөндеу көрмеген бөгендер бар

-Дулат Ғазизұлы, өңірдегі гидротехникалық қондырғылардың қазір пайдасынан қаупі басым болып тұрған жоқ па? Өйткені, көктем сайын төтенше жағдайларға жауапты мекемелердің назары сіздерге ауады. Өңірдегі мелиоративтік жүйе қаншалықты ескірген? Оны жөндеуге қанша уақыт қажет?
– Жалпы Шығыс Қазақстан облысы бойынша 200 мың гектардан астам суармалы алқап бар. Қазір осы суармалы жердің 87 мың гектары ғана игеріліп отыр. Осыдан-ақ мелиоративтік жүйенің қаншалықты ескіргенін бағамдай беріңіз.

Алайда, ауызды қу шөппен сүрте беруге болмайды. Елбасы Жолдауында жерді пайдаланудың тиімділігін арттырудың маңыздылығына тоқталып, суармалы егіс алаңын бес жыл ішінде 40 пайызға кеңейтіп, екі миллион гектарға жеткізу қажет деген еді. Ауыл шаруашылығын дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламаның бір бағыты осы суармалы алқаптарды қалпына келтіруді көздейді. Осы бағдарламаның бірінші кезеңінде-ақ 36 мың гектар алқаптың суландыру жүйесін қалпына келтіруге мүмкіндік алдық. Ол аумақ негізінен магистральды каналдардың бойында жатыр. Екінші кезеңінде тағы 56 мың гектар алқапты суармалы етуге күш салынбақ. Бұл аумақ жаңағы жөнделген магистарльды каналдардан су алатын аралық арналарға жалғанған. Осылайша, 2021 жылға дейін 92 мың гектар суармалы алқап диқандарға сақадай сай күйінде ұсынылады.

Жалпы, гидроторабтарға қарасты 106 мың гектар суармалы жер бар. Олар жеті үлкен су қоймасы арқылы суарылады. Суармалы алқаптардың бір бөлігі жеке шаруа қожалықтарының қарауында. Әсіресе, Ертіс өзені бойындағы алқаптар «Приречинск», «Мұздыбай», «Багратион», тағы сол сияқты ірі-ірі шаруашылықтардың иелігінде. Олар суды тікелей өзеннен алады.

-Су бөгендерінің қауіпсіздігіне кеңірек тоқталып өтсеңіз…

-Көктем сайын жолдарды шайып, қора-қопсыны алып, елдің күйін қашыратын судың бәрі гидротехникалық құрылыстардан тарайды деп отырсаңыз, қателесесіз. Қызылағаштағы жағдайдан кейін барлық гидротехникалық нысандар қатаң бақылауға алынған. Керек десеңіз, қар
еритін уақытта ол нысандарға арнайы күзет қойылады. Біздегі Семей, Бесқарағай, Қайнар маңындағы оқиғаларға көбінесе жерасты суының көтерілуі себепкер. 2010 жылы Көкжыра мен Жәнтікей ауылдарын сарсаңға салған апатқа таудан соғатын Қарасай дейтін табиғат құбылысы түрткі болған. Тау ішіндегі жылы жел қарды ерітіп, ол етектегі сүрі қардың бетімен, қатып жатқан өзеннің арнасымен ауылға жайылған болатын. Дәл қазіргі таңда ауылшаруашылық мақсаттағы су бөгеттерінен келетін айтарлықтай қауіп жоқ. Ескіргендерін жөндеп жатырмыз. Мысалы, Үйдене мен Шар су қоймасы жөндеу көрмегеніне 50 жыл болған.

-Үйдене мен Шардан басқа тағы қандай нысандар жөндеуді талап етеді?

-Дәл қазір жеті нысанда жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Олардың жалпы құны – жеті миллиард теңгеге таяу. Былтыр оның 350 млн. теңгесі игерілсе, биыл 4,4 млрд. теңге бөлініп игеріліп жатыр. Қалған екі миллиард теңге 2018 жылы игеріліп, жөнделген нысандар халық игілігіне берілетін болады. Бұлардан бөлек тағы бір нысан – Үржар ауданындағы Құсақ өзеннің су бөлу торабы. Жақын арада тапсырылатын болады .

-Өзіңіз айтып отырған жеті нысан қолданысқа берілгенде неше гектар суармалы жер игеруге жарамды болады?

-Бұл нысандар бұрыннан қолданыста болып келген. Тек тиесілі аумаққа суды толықтай апара алмайтынбыз. Мысалы, бір арнаның ең аяқ жағында отыратын шаруа қожалығына су жетпей жататын. Өйткені, арналардың тозығы жетіп, су бөлгіш қондырғылар тоналған. Соның кесірінен судың көбі жерге сіңіп, буланып ең соңғы нүктеге дейін жетпейтін. Жөндеу жұмыстары біткеннен кейін шамамен 30 мың гектар суармалы жерді толықтай сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік туады.

-Жөнделіп жатқан нысандар қандай су көздеріне байланған?

-Жеті нысанның екеуі – Зайсан ауданында. Үйдене суару жүйесі 13 мың гектарға шақталған. Су қоймасында 75 млн. текше метр су жиналады. Қазір оған тиесілі алқаптың жартысынан астамы ғана суарылады. Біздің мақсат осы 13 мың гектарды түгелдей игеру ғой. Көкпекті ауданында Ворошилов, Ақтоған және Кіші Бөкен арналары жөнделуде. Олардың мүмкіндігі 6000 гектарды суаруға жетеді. Одан кейінгі нысан – бағана айтқан Шар су қоймасы. Оның сыйымдылығы – 80 млн. текше метр. Бұл нысандарды жөндеудегі ең бірінші мақсат – маңындағы халықтың қауіпсіздігі. Әсіресе, көктемде өзендердің арнасы молайып, су қоймалары артық судың бәрін өзіне жинап алады да, жаздың құрғақ күндерінде шаруаларға үлестіріп отырады. Жарма ауданында 17 мың гектар сауармалы жер болған, жаңбырлатып суару тәсілімен игерілетін. Кейін жаңбырлатқыш құралдар тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кетті де, қазір соның 6000 гектары ғана суарылады. Аудан әкімшілігі 11 мың гектар жер қайта суармалы алқапқа айналдыру жұмыстарымен айналысуда. Жетінші нысанымыз – Тарбағатай ауданындағы Қарғыба су торабы. Бұл торапқа 4000 гектар тиесілі.

92 мың гектар суармалы алқап игеріледі

Жаңадан алты су қоймасы салынады

-Жаңа өзіңіз «тістегеннің аузында, ұстағанның қолында» кетті деп қалдыңыз ғой. Сіздер жөндеп жатқан каналдардың материалы да ертең сол күйді кешпейтініне қандай кепілдік бар?

-Біздің қарамағымыздағы каналдарды тонау оңай-оспақ шаруа емес, өйткені, иесі бар. Оның үстіне тораптар мен арналарды жөндемес бұрын оның игілігін көруге ниетті адамдардың бар-жоғы анықталады. Суармалы жердің иелері ондағы каналдардың тоналмауына да мүдделі. Ал су қоймаларына қауіпсіздік үшін бейнебақылау құралдары орнатылып, ұдайы күзетке алынған. Біз де өз тарапымыздан су қоймалары мен каналдардың тоналмауын, судың қожалықтарға шашаусыз жетуін қадағалаймыз.

-Бұл қызметтеріңіз үшін ақы аласыздар ма? Миллиардтап бөлінген ақшаның қайтарымы бар ма?

-Су сатылмайды. Біз жаңағы су қоймасы мен тораптарды күтіп ұстап, шаруа қожалықтарына суды жеткізіп бергеніміз үшін ғана ақы аламыз. Біздің облыста су мол. Республикадағы судың мол қоры бізде жатыр. Сондықтан тариф те өзге өңірлерден әлдеқайда арзан. Судың әр текше метрі тиындармен есептеледі, теңгеге де толмайды.

-Сонда атқарып жатқан шаруаларыңыз кезінде қараусыз қалған нысандарды қайта жөндеумен ғана шектеліп отыр ма?

-Жоспарда жаңадан алты су қоймасын салу жұмыстары басталып кетті. Ол жоспар жүзеге асса, қосымша 25-30 мың гектар алқап суарылатын болады. Қазір зерттеу жұмыстары жүріп жатыр. Гидротехникалық құрылғыларды салу өте үлкен қаражатты талап етеді. Өйткені, ең бірінші кезекте маңындағы елдің қауіпсіздігі тұр. Бұл өзі жеті рет өлшеп, бір рет кесетін жұмыс. Алты қойманың үшеуі Тарбағатай ауданында Қарғыба, Ласты және Құсты өзендерінің бойында бой көтереді. Қалған екеуі Үржар ауданында және біреуі Зайсан ауданында салынады.

– Осындай ауқымды игеруге мамандардың әлеуеті жете ме?

-Маман тапшылығы өте өзекті мәселе болып тұр. Кезінде Тараз қаласында Жамбыл гидромелориативтік құрылыс институты болған. Сол жерде гидротехник-инженер деген мамандыққа даярлайтын. Қазір ондай мамандар дайындалмайды. Бізде су ресурстарын пайдалану деген мамандық бар. Ондағы білім жалпылама, кәріз жүйесіне көбірек жақын. Сондықтан инженер-гидротехник мамандар саусақпен санарлық. Осы филиалға екі маманды шаммен іздеп жүріп таптық. Олар да сол Тараздан білім алған. Кезінде әр кеңшарда екі гидротехниктен болған. Қазір ондай жүйе жоқ. Осындай жағдайда суды үнемдеу, тиімді пайдалану үлкен қиындықпен жүзеге асуда. Қыруар қаржы бөліп қалыптастырған мелиоративтік жүйені ертең тиімді пайдалана алатын мамандар табылмай қалады-ау деген қауіп те жоқ емес. Бұл енді бүкіл елімізге ортақ мәселе.

-Сөз басында айтқан 92 мың гектар жер қай-қай аудандарды қамтиды?

-Аталған аумақ негізінен облыстың оңтүстік аудандарына тиесілі. Атап айтсақ, Күршім ауданында – 17246 гектар, Тарбағатай ауданында – 9780 гектар, Үржар ауданында – 10336 гектар, Зайсанда – 24500 гектар, Көкпекті ауданында – 4620 гектар, Жарма ауданында – 20868 гектар, Ұлан ауданында – 4650 гектар алқап суарылатын болады.

Сұхбаттасқан – Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button