Қоғам

90 жастағы қарияның қарын күреп берді

90 жастағы қарияның қарын күреп берді

«Жастар – Отанға!» акциясы аясындағы «25 қайырымды іс» шарасы бойынша облыстық «Жас отан» жастар қанаты облыстық филиалының ұйымдастыруымен бір топ еріктілер жасағы тыл еңбеккері Владимир Тимофеевичке көмек көрсетті.
Өскемендегі Байкальская көшесіндегі 100-ші үйде тұратын қарияның ауласындағы қарын күреп, үйін тазалап, отынын жаруға белсенді жастар бірден білек сыбана кірісіп кетті.
Тыл еңбеккері Владимир Тимофеевичті мұндағылардың барлығы біледі. Ақсақал 90-ға келсе де, қимылы ширақ екен. Қазір қария алдағы Жеңіс мерекесіне дайындық үстінде. Жеті жасынан бастап тылда еңбек еткен ол қазақ отбасында тәрбиеленгенін айтты.
– Анам есімде қалмапты. Әкем болса менің жеті жасымда соғысқа аттанып, сол жақта Отан алдындағы парызын өтеу жолында ерлікпен қаза тапты. Бұрын әкеммен бірге Боран деген ауылда тұрған едім. Содан соң мені Үлкен Нарын ауылындағы қазақ отбасы асырап алды. Олар маған 10 жыл бойы қамқорлық танытып, өз балаларынан кем қылмай өсірді. Сондықтан қазақ халқына деген алғысым шексіз, – дейді Владимир Тимофеевич.
Тіпті, қария көмекке келген еріктілер жасағын көргенде таңғалып, көңілі босап кетті.
– Жасөспірімдердің тәрбиелі, еңбекқор болып өсіп келе жатқандығы қуантады. Олардың бойындағы мейірімділік сезімі ешқашан жоғалмаса екен деп тілеймін, – дейді қария.
«Жас Отан» жастар қанатының облыстық филиалының төрайымы Маржан Бақытқызының айтуынша, аталмыш жоба аясындағы еріктілердің мақсаты тұрғындардың әлеуметтік мәселелерін шешуде мемлекетпен теңқұқықты серіктес болуға қабілетті мықты еріктілер қозғалысына саналы, жас азаматтардың әлеуетін біріктіру болып табылады екен.
– «Жастар – Отанға» акциясы аясында республика бойынша өткен жылдың нәтижесі бойынша 651 Ұлы Отан соғысы ардагері, тыл еңбеккерлері, жалғыз басты қарттар қамқорлыққа алынып, оларға тұрақты түрде үй шаруашылығына байланысты атаулы көмек көрсетіліп келеді. Бұл акцияға қоғам өміріне бейжай қарамайтын, отаншыл жастар ерікті түрде қатысып жүр, – дейді Маржан Бақытқызы.
Белсенді жастар ауладағы қарды күреп, үй ішін тазалап, отын жару сияқты басқа да жұмыстарға көмектесті.
С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-да 2-курста оқитын Қайыржан Басбақбаев ардагерлердің ерлігі – жастар үшін үлгі екендігін айтты.
– Біз қыста ардагерлердің ауласындағы қарды тазалаймыз. Жазда картоп жинап, бақшадағы жұмыстарына көмектесеміз. Өйткені, бұл біздің – парызымыз, – дейді Қайыржан Басбақбаев.

Ажар Сағатбекова

Осы айдарда

Back to top button