90 «алтын» түлек ұшырған білім ұясы
Қай мемлекеттің болсын ертеңi – бiлiмдi жастардың қолында. Елбасымыз жан-жақты дамыған, білімді, елжанды, еңбекқор, ісіне жауапкершілікпен қарауды азаматтық парызы санайтын сапалы ұрпақ тәрбиелеуді білім беру саласы қызметкерлеріне жүктеді. Бұл Шығыс өңіріндегі бірегей білім ордасы – №3 мектеп-лицей ұстаздарының ұстанатын басты қағидасы.
Саналы ғұмырын білім беру саласына арнаған, «Ы.Алтынсарин атындағы», «Ерен еңбегі үшін» медальдарының иегері Есім Әкітбаев тәуелсіздік құрдасындай болған мектеп-лицейдің тарихы жайында: – Ел есінде, өткен ғасырдың сексенінші жылдарының соңы болатын. Көз алдыдағы дүние атаулы мың құбылып, мәңгіге орнап қалғандай көрінетін біртұтас империяның қабырғалары қақырай бастаған. Үйреншікті күйбің тірліктің де күйі кетіп, жұрттың көңіліне қобалжу ұялаған. «Бір шатырдың астында» бір жүйеге ғана мойын ұсынып келген әр ұлт, әрбір жұрт бодандықтан бостандыққа ұмтылып, жаңа дәуірдің жылымық лебі есе бастаған. Осындай бір алмағайып кезеңдегі үделі үрдістен Өскемен қаласының көзі ашық, көкірегі ояу ұлтжанды азаматтары да сырт қалған жоқ. «Балаларымызды ұлттық мектепте оқытқымыз келеді, жалғыз қара шаңырақ – Жамбыл атындағы мектеп-интернатқа қайсымыз сыямыз?» деп жергілікті билікке өтініш айтқан. Орынды талаптарын алға тартып, қала, облыс басшыларының табалдырығын тоздырған. Ақыры дегендеріне жетті. Орталық шаһардағы ақын баба атындағы жалғыз білім ордасының «көк базар» жанындағы көнелеу бір ғимаратын босаттырып алған.
Тәуелсіздіктің ақ таңы асқар Алтайдың арғы бетінен енді-енді қылаң беріп, қала мен дала үстіне бозғылт сәуле тарай бастағанда қараша халықтың қарадомалақтарына қазақ мектебі есігін айқара ашты. Бұл сүйінші хабар балаға да, ата-анаға да, азат ел болуға ұмтылған қарашаға да ұмытылмас қуаныш ала келген еді,-деп еске алады.
Білім ұясында алғашқы жылы небәрі 252 оқушы білім алса, қазір онда 1628 шәкірт болашағының кірпіштерін қалауда. Осы қуаныш, жетістік, мәртебенің түп тамырында ата-бабаларымыз жанын жалдап, қанын төге жүріп қорғаған «Азаттық» атты қастерлі ұғым жатыр. Лицейдің оқу-тәрбие жұмысындағы басты ұстанымы да – осы ұғымның ішкі сыры мен тарихи астарын мектеп табалдырығын аттаған әр бүлдіршіннің зердесіне құю. Мектепте әр дүйсенбінің сабағын еліміздің Әнұранын шырқаудан бастау айнымас дәстүрге айналған. Бастауыш сыныптың кез келген оқушысы жатқа айтады, мемлекеттік рәміздердегі белгілердің сыр-сипатын талдап бере алады. Егемен еліне, туған жеріне деген патриоттық сезім ұшқыны жалындаған жүректерде солай лаулайды. Оның да өзіндік мәні бар.
Еліміздегі «Алдыңғы қатарлы 100 мектеп» рейтингісінде 10-орында
Рухани-мәдени саланың нығаюына, адами қасиеттердің артуына, жеке адамның сапалық ерекшелігінің кемелденуіне білім мен мәдениеттің ғана құдіреті жететіндігі күннен-күнге айқындалып келеді. Ұлт Көшбасшысы Н.НАЗАРБАЕВ: «Ұлттың бәсекелестік қабілеті бірінші кезекте оның білім деңгейімен айқындалады» деуі тегін емес. Бұл тұрғыда №3 мектеп-лицейінің алатын орны ерекше.
Білім ордасы жаратылыстану-математика және гуманитарлық бағытта жұмыс істейді. Жоғарғы сынып оқушылары тереңдетілген бағдарлама бойынша оқиды. Тың тәжірибелерінің арқасында республикадағы таңдаулы елу мектептің қатарында келеді. Жан-жақты дамыған тұлға тәрбиелеуге қосқан зор үлесі үшін биыл мектеп-лицей атағына ие болды. Өңіріміздегі ең озық білім ордасының біріне айналған бұл оқу орны жаңа тұрпатты мектептерге арналған «Дарын» орталығының мүшесі. 2000-2006 оқу жылдарында оқулықтардың жаңа топтамасын сынақтан өткізу жүргізілетін эксперименттік алаң, 2003-2004 оқу жылынан бастап «Сын тұрғысынан ойлауды оқу мен жазу арқылы дамыту» бағдарламасын оқып-үйрену орталығына айналды.
Үш жыл қатарынан ҰБТ қорытындысы бойынша республикадағы озық 100 мектептің қатарына еніп, гимназия тәжірибесі облыс көлеміне таратылды. «Білім ұясы: таңдаулы мектеп-2007» республикалық сайысының жүлдегері болған оқу ордасы «Сапа белгісі» дипломына ие болды. 2013-2014 оқу жылында орташа 104,3 балл жинап, «Үздік мектеп» сайысында облыс әкімінің бас жүлдесін алды. Бұл «Алдыңғы қатарлы 100 мектеп» рейтингісі бойынша республикадағы оныншы көрсеткіш.
– Жыл сайын «Алтын белгі» иегерлері мен мақтан тұтар озат оғландарымыздың саны артып келеді. Бүгінде мектептен түлеп ұшқан «Алтын белгі» иегерлерінің саны 90-ға жетіп отыр. Бұл қуанарлық жәйт,-дейді мектеп-лицей директоры Есім Тұрысбекұлы.
Жас ұрпаққа саналы білім, салиқалы тәрбие беру жолында еңбек етіп жүрген ұстаздардың 7-уі Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі, 3-еуі ҚР Білім министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталған, 2-еуі Халықаралық білім беру бағдарламаларының тренерлері болса, 21 ұстаз – Халықаралық және республикалық сертификаттардың иегерлері. Лицейдің материалдық-техникалық базасы жылдан-жылға нығайып, оқу бөлмелерінің стандарттық, эстетикалық талаптарға сай болуына көп көңіл бөлінуде. Бүгінде 42 кабинет заман талабына сай техникалық құрал-жабдықтарымен қамтылыпты.
«Ұстаздан шәкірт озар»
Мектеп ұжымы лицейдің туын биікке көтеріп, намысын берік ұстап жүрген оқушыларымен мақтанады. Мектеп оқушылары қала, облыс деңгейіндегі олимпиада, ғылыми жобалар сайыстарында үнемі жоғарғы деңгейде көрініп жүр. Осы бағытта жүйелі жұмыс істеп келе жатқан оқушылардың «Дарын» ғылыми қоғамының нәтижелі жұмыстары мақтанарлықтай екен.
Бұл турасында оқу ісінің меңгерушісі Гүлжан Аңсағанқызы: – Егемендіктің көк байрағы желбіреп, тәуелсіздік тізгінінің өз қолымызға тигеніне міне, ширек ғасыр болды. Қазақ жеріне жаңа заман орнады. Ой-сана, тұрмыс-тіршілік өзгерді. Мектепке де талап күшейді. Елбасы Жолдауында жаңа үрдіспен білім беру, инновациясын өркендету мәселелеріне ерекше көңіл бөліп отыр,-дейді.
Иә, дарынды балаларды іздеу, оларды оқыту мен тәрбиелеу бүгінгі заманда өте қажет. Дарынды бала – ата-ананың, мектеп ұжымының үздіксіз еңбегінің жемісі. Мақтанарлығы, қалалық пәндік олимпиадаға биылғы оқу жылында 98 оқушы қатысса, соның 90-ы жүлделі орындарға ие болған. Әл-Фараби атындағы университеті өткізген олимпиадада 11-сынып оқушысы А.Абаева 1-орын, Г.Сағатбекова 3-орынды иеленіп, университет грантын жеңіп алды.
Оқушылардың олимпиадаға қызығушылықпен белсене қатысуының нәтижесінде мектеп-лицей республикалық қашықтық интернет олимпиададан қала, облыс бойынша I орынға көтерілді. Осы орайда интернет олимпиадаға қатысуға оқушыларын жоғары дәрежеде ұйымдастырған Б.Сахариева, З.Садуақасова, А.Мұхамедиянова, Ш.Демеубаева сынды әдістемелік комиссия жетекшілерін ерекше атап өткен жөн. Халықаралық қашықтық олимпиадада 443 жүлделі орынның ішінде 99 оқушы 1-орын, 70 оқушы 2-орын, 38 оқушы 3-орынға ие болған.
Оқушылардың зерттеушілік қабілеттерін анықтайтын көрсеткіштердің бірі – ғылыми жобалар сайысы. Қала көлеміндегі ғылыми жобалар сайысына қатысқан 122 оқушының 116-сы жүлделі орынға ие болды. Греция, Венгрия, Кипр, Чехия, Ресей, Швеция сияқты алыс-жақын шетелдердегі халықаралық ғылыми жобалар сайысының жүлдегерлері қаншама. Ал халықаралық жүлдегерлер әлбетте, ҰБТ-дан босатылып, қалаған жоғары оқу орнына грантқа түседі. Сондай-ақ, халықаралық деңгейдегі «Медвежонок», «Британский Бульдог», «Кенгуру – Лингвист», «Кенгуру – Математика», республикалық деңгейдегі «Ақбота», облыстық деңгейдегі «Айналайын», «Малахит», «Тұлпар» интеллектуалдық сайыстарына белсене қатысып, нәтижесінде 21 оқушы республикалық, 598 оқушы облыстық, 198 оқушы халықаралық жүлдегер атанды. Бұл – толағай табыс. «Жас қолөнер шебері», «Тарих білгірлері», «Сахна сыры», «Үздік патриоттық ән», Абай оқулары, жас физиктер сайысы, полиглоттар сайысы, «Тіл – достық кепілі», облыстық шығармалар сайысы, экоконкурс, «О.Бөкей оқулары» сияқты сайыстарда да лицей оқушылары биіктен көрініп, үнемі жүлдемен оралып жүр. Мектеп-лицей директорының орынбасары С.Тәшеновтың айтуынша, пән мұғалімдері де оқушылардың зияткерлік қабілеттерін дамытуда талмай еңбектеніп келеді. Білім ордасы Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ, С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-мен үнемі байланыста болып, оқушылар университет мұғалімдерімен бірлесіп, зерттеу жұмыстарын жүргізеді.
Мектепте оқушыларды ұлттық салт-дәстүрге тәрбиелеу мақсатында \”Мұрагер\” бағдарламасы бойынша домбыра пәні де енгізіліпті. Қазір мектепте жоғары білімді музыка маманы Балшекер Сахариева жетекшілік ететін 1-8 сынып аралығындағы 200 оқушыдан тұратын домбыра оркестрі бар. Оқу жылының соңына қарай өтетін мектеп күнінде оқушылардың шығармашылық жұмыстарының қорытындысы шығарылып, олимпиада, ғылыми жоба, интеллектуалдық сайыстар жеңімпаздарының, оқу озаттарының, спорт чемпиондарының шеруі өтеді екен.
-Елбасы 2013 жылы өңірімізге сапары барысында балалар шығармашылық үйінің ашылуына байланысты дарынды оқушылармен кездескен-ді. Сол кездесуде №3 мектеп-лицейдің 11-сынып оқушысы Мәдина Еркінова \”Өскемен қаласындағы экологиялық талаптарды ескере отырып, жол кептелісін болдырмаудың математикалық моделін\” жасап, Президент алдында өзінің ашқан ғылыми жаңалығын қорғаған. Осы ғылыми жаңалығын Мәскеуде өткен халықаралық ғылыми жобалар сайысына да ұсынып, 1-ші орын алып, ел намысын қорғады. Қаламыздың Астана көшесіндегі жаңа көпірдің авторы деп мақтан тұтатын Мәдина бүгінде Алматыдағы Қ.Сәтпаев атындағы ұлттық университеттің студенті,-дейді дарынды балалармен жұмысты ұйымдастыратын оқу ісінің меңгерушісі Гүлжан Аңсағанқызы.
Ұлтымыздың жанашыры Мұхтар Шахановтай аталарының ақ батасын алған мектеп ұжымының 73 шәкірті «Болашақ» бағдарламасымен жоғары білім алып, бүгінде Елордадан бастап еліміздің түкпір-түкпірінде тамаша мамандықтар бойынша еселі еңбек етіп жүр. Мектеп мұражайындағы тілектер кітабына көзім түсті. Лицей түлектері, бүгінде инвестициялар және даму министрлігінің жетекші маманы Ілияс Әбдрахманов, мемлекеттік кірістер департаменті Шығыс Қазақстан облысы бойынша экономикалық тергеу қызметінің аса маңызды істер жөніндегі аға офицері Равиль Қалиев, білікті ұстаз Әсем Бақтыбаева, тағы да басқа түлектердің «Біздің бүгінгі жетістіктеріміз – Сіздердің еңбектеріңіз. Отанымыздың беделді, бетке ұстар азаматтары сіздер берген білім мен тәрбиені тек оңды пайдаланып, еліміздің беделін көтере берсін. Бізді өмірге бейімдеген сіздерге мың алғыс» деген шынайы жүректен шыққан ізгі тілектерін көрсеткен лицей директоры «Менің бар байлығым да, мақтанышым да – осылар!» дейді кеудесін қуаныш кернеп.
Күні кеше ғана мектеп-лицейге аты берілген қазақ ғылымының шоқжұлдызы Шоқан Уәлиханов «Халықтың кемеліне келіп, өркендеуі үшін ең алдымен азаттық пен білім керек» деген еді. Аллаға мың да бір шүкір, азаттыққа қолымыз жеткелі 25 жыл толып отыр. Қазақтың қарадомалақтарын білім шыңына жеткізу үшін аянбай тер төгіп, патриоттық рухта тәрбиелеп жүрген Есім Тұрысбекұлындай талапшыл да ұлтжанды басшылардың арқасында білімді ұрпақтан де кенде емеспіз.
Айжанат Бақытқызы