882 адам емханаларға қайта тіркелді

Облыста 15 қыркүйек пен 15 қараша аралығында емханаларға бекітілу бойынша жыл сайынғы науқанның қорытындысы шықты. Осы мерзімде медициналық ұйымды еркін таңдау құқығын 882 адам пайдаланды, оның ішінде емханаға алғаш рет тіркелгендер де бар.
– Медициналық ұйымдарды келесі жылға қаржыландыру көлемі бекіту науқанының қорытындысы бойынша, халықтың бөлінуін ескере отырып қалыптастырылатын болады. Науқан шеңберінде басқа емханаға ауысқан кезде азаматтар ТМККК және МӘМС бойынша медициналық көмекті 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап ала алады. Аталған уақытқа дейін оларға қызмет бұрынғы медициналық ұйымда көрсетіледі, – деп атап өтті облыстық ӘМСҚ филиалы басшысы Ғалымжан Әбілов.
Басшының сөзіне қарағанда, бекіту науқанына барлығы облыс бойынша 63 медициналық-санитарлық алғашқы көмек нысаны қатысты, олардың ішінде жекеменшік емханалар да бар. Жыл сайын амбулаториялық-емханалық көмек ұсынушылардың саны көбеюде. Бұл халыққа сапалы медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік беретінін атап өткен жөн.
Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығының облыс бойынша филиалы директоры Шынар Әшірбаеваның айтуынша, қазіргі таңда облыста 1 390 090 адам алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарына бекітілген, олардың ішінде шетелдіктер мен қандастар да бар. Естеріңізге сала кетейік, бекітілу науқаны емхананы ауыстырудың жалғыз мүмкіндігі болып табылмайды. Мұны жылына бір рет еркін таңдау құқығымен жасауға болады, сондай-ақ егер адам тұрақты немесе уақытша тұратын жерін, жұмыс немесе оқу орнын ауыстырса, басқа елді мекенге көшсе немесе ол тұрған емхана қайта ұйымдастырылса немесе жойылса және тағы басқа жағдайларда да жүргізіледі. Егер оқырмандарда қосымша сұрақтар туындаған жағдайда, олар жақын маңдағы емхананың анықтама қызметіне немесе Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына төмендегі fms.kz ресми сайты, 1406 байланыс орталығы, 24/7 Goldau мобильді қосымшасы және Telegram-дағы SaqtandyryBot. сияқты байланыс арналарының өздеріне ыңғайлысы арқылы жүгіне алады.
Кәмал Естай