85 жаңа автобус сатып алынады

Өскемен қалалық активінің жиынында Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауы талқыланды. Атап өтерлігі, Жолдаудың барлық алты бағытын орындау мақсатында қалада түбегейлі іс-шаралар жоспары әзірленіп, бекітілген-ді.
Шаһарда жаңадан екі мектеп салынады
– Өскеменде мемлекет тарапынан субсидияланған және кепілдендірілген бизнес-жоспарлар жеткілікті. Десек те, олардың санын арттыру қажет. Елбасы Жолдауында жаңа жұмыс орындарын көбейту үшін «Бизнестің жол картасы» бағдарламасын 2025 жылға дейін созып отыр. Бұл мүмкіндікті мүлт жіберуге болмайды. Сондай-ақ «Даму» қорымен бірлесе «Ақниет» өңірлік несиелендіру бағдарламасы іске қосылды. Ол бойынша кәсіпкерлер жеті жылға 8,5 пайыздық несие ала алады, – деді жиында қала әкімі Жақсылық Омар.
Шаһар басшысы Жолдауда көлік-логистика саласына жіті мән берілгенін алға тартып, келер жылдан әуежайда жаңарту жұмыстары жүріп, жаңадан қоғамдық көліктер алынатынын мәлім етті. Өскемен Еуропалық даму және қайта құру банкі беретін несиеге келесі жылы 85 автобус сатып алуды көздеп отыр. Сонымен қатар алдағы уақытта қалаішілік жолаушы көліктеріне электронды билеттендіру жүйесі енгізілмек.
Жиында сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеумен айналысатын қаладағы 13 кәсіпорынның қуаты артатыны жөнінде айтылды. Ал Жолдауда баса айтылған, ең төменгі жалақының өсуі 12 мың өскемендікке тікелей әсер етпек. Қаладағы дәл осынша жұмысшы бүгінгі таңда ең аз еңбекақы алады екен.
Актив жиынында білім, денсаулық сақтау, мәдениет, құрылыс, құқық қорғау, жастар саясаты салаларын дамыту, мемлекеттік қызметтер сапасын арттыру, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру туралы да сөз болды.
– 2019 жылы қалада жаңадан екі мектеп салынады, бірі – Ахмер кентінде, екіншісі – 19-шы тұрғын ауданда. Мұнымен қоса, Жаңа Согра кентіндегі №23 мектептің жапсарлас ғимараты салынып бітеді. Мемлекеттік-жекеменшік серіктесік аясында 250 орындық екі балабақша іске қосылады. Оның бірі Өтепов, екіншісі Революционная көшелерінде орналаспақ. Балабақша кезегі ашық болуы үшін электронды нұсқаға көшірілген. Қазіргі кезде 3-тен 6 жасқа дейінгі бүлдіршіндердің 99,9 пайызы балабақшамен қамтылған, – деді қала басшысы.
Мемлекет басшысы тұрғындарды баспанамен қамту міндетін қойған болатын. Осыған орай шаһарда тұрғын үй құрылысын үдету көзделіп отыр. Жыл басынан Өскеменде 120 шаршы метр үй салынған, алдағы екі айда тағы 230 мың шаршы метр баспана пайдалануға берілуі тиіс. «7-20-25» бағдарламасы қарқын алып келеді. Әзірге қала тұрғындарынан түскен 90 өтініш мақұлданған.
Қоғамдық тәртіпті төрт мың камера қадағалайды
Қазір облыс орталығының көшелерінде 1 мың бейнекамера бар, енді олардың саны 4 мыңға жетпек. Қазіргі кезде заманауи камералар жолдардан бөлек, аулаларға, қоғамдық орындарға әсіресе, мектептер мен балабақшалар маңына да орнатылуда. Қала әкімінің айтуынша, келер жылдың мамырына дейін осы жұмыс толық аяқталып бітеді.
– Тұрғындар Ертіс көпірінің құрылысы қашан аяқталады деген сұрақты жиі қояды. Жұмыстар таяуда бітеді деп үміттеніп отырмыз. Құрылыс қарқынды жүріп жатыр, бірақ қолайсыз ауа райының салдарынан және кейбір қажетті материалдардың Ресейден жеткізіліп отырғанына байланысты тапсыру мерзімі шегерілуде. Дей тұрғанмен, құрылыс толық бақылауда, мердігермен тығыз байланыс орнатылған, – деді Жақсылық Омар.
Қытайдың Шәуешегі, Түркияның Бурсасы, Ресейдің Барнаулы, Кореяның Канныны, Белоруссияның Бобруйскісі, Моңғолияның Баян-Өлгейі, Израильдің Йокнеамы – ресми түрде Өскеменнің бауырлас қалалары болып табылады. Десек те, облыс орталығы мен аталмыш қалалар арасында бауырластыққа татитын байланыс орнатылмаған. Егер Баян-Өлгей және Барнаул қалаларымен белгілі бір әріптестік, қарым-қатынас бар болса, Кореядағы және Израильдегі дос-шаһарлармен байланыс жоқтың қасы.
Осыған орай, Жақсылық Омар өзге қалалармен бауырластық қарым-қатынас орнату қажеттігін алға тартты.
– Өскеменге географиялық тұрғыда жақын, өзара сауда-экономикалық, мәдени байланыстарымыз бар, тиімді әріптестік орнатуға болатын қалалармен алдағы уақытта байланыстарды нығайтатын боламыз, – деді ол.
Жиын барысында Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің басшысы Жанна Қабдолдақызы баяндама жасады. Ол алдағы уақытта мемлекеттік органдар ғимараттары нормативтерге сәйкестік бойынша тексерілетінін мәлім етті. Яғни, 2 мыңнан астам нысан сараптамадан өтпек. Сонымен бірге, қағазбастылық пен формализмді жою шаралары атқарылады. Елбасы атап көрсеткен саны көп, сапасы аз жиналыстарды қысқарту бойынша нақты шешімдер қабылданады.
– 2020 жылдың соңына дейін мемлекеттік қызметтердің 90 пайызы автоматтандырылады. Бұл жемқорлықты азайтуға ерекше әсер етуі тиіс. Бірақ қоғамдық дертпен күресу ісіне баршамыз атсалысуымыз керек, – деп атап көрсетті ведомство басшысы.
Ержан Әбіш