85 сыбайлас жемқорлық әшкереленді
2021 жылдың он айында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ШҚО бойынша департаменті 100 қылмысты, оның ішінде 85 сыбайлас жемқорлықты анықтады. Тіркелген қылмыстардың негізгі бөлігін ұрлық (33) және парақорлық (54) фактілері құрайды. 68 қылмыс аса ауыр және ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстарының құрамына жатады. Сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны үшін 66 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды.
Бұл жайында департамент басшысының бірінші орынбасары Жігер Байділдин ағымдағы жылдың он айындағы жұмыс қорытындысына арналған брифинг барысында айтып берді, делінген баспасөз қызметінің парақшасында.
Жігер Байділдиннің мәліметтері бойынша ағымдағы жылы ең ірі пара мөлшері 40 млн. теңгені құраған. Осы құқық бұзушылық үшін сот үкімімен аса ірі мөлшерде пара беруге итермелегені үшін Д.Баймадиев 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылса, Ж. Басболатов 10 жылға сотталды.
-Сонымен қатар, департамент жұмысының нәтижелері бойынша ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті Төрағасының орынбасарлары, Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің департамент басшысының міндетін атқарушы, ҚР АШМ Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің ШҚО аумақтық инспекциясының басшысы, ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі Комитетінің “Еңбек Өскемен” ШЖҚ РМК директоры, Аягөз қаласының әкімі және Глубокое ауданы әкімінің орынбасары сияқты республикалық және облыстық маңызы бар бірқатар жоғары лауазымды басшылар әшкереленіп, сотталды. Департамент қазір облыстық маңызы бар бірқатар басшыларға қатысты қылмыстық істерді тергеп жатыр және сотта қарайды, – деді Жігер Байділдин.
Соңында департамент басшысының бірінші орынбасары өңірдің барлық тұрғындарын белсенді азаматтық ұстаным танытуға және өздеріне белгілі сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлауға шақырды. Сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлағаны үшін азаматтарды көтермелеу жүйесіне сәйкес ақшалай сыйақы қарастырылған.
Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлық фактілеріне куә болған жағдайда Call-орталыққа 1424 нөмірі бойынша қоңырау шалуға болады, сондай-ақ шығысқазақстандықтар облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің кезекші бөліміне 8 (7232) 29-88-88 нөмірі бойынша қоңырау шала алады.
Камал Естай