Қоғам

81 мың адамның өмірі құтқарылды

Айна Ескенқызы

Облыстың жедел медициналық жәрдем қызметкерлері  заман көшінен қалмай, уақыт талабына сай жұмыс істеуде. Техникалық базаны жаңарту мен жедел медициналық жәрдем (ЖМЖ) қызметін орталықтандырудың арқасында шақыртудың жеделділік санатын анықтау, науқасқа жақын маңдағы бос бригаданы жіберу, GPS сигналы бойынша оның келу уақытын бақылау және тіпті ауысымның аға дәрігерінен онлайн-кеңес алу мүмкіндігі пайда болды.

Жедел медициналық жәрдем қызметінің реформаға ұшырағанына көп уақыт өте қойған жоқ. Қалалық станцияға облыстық мәртебе беріліп, оған ЖМЖ аудандық бөлімшелері қосылған болатын. Бұл шараны Денсаулық сақтау министрлігі әзірлеп, енгізді.

– Аталған реформа аясында қызметті орталықтандырудан басқа, жедел медициналық жәрдем көрсету сапасын жақсарту бойынша басқа да шаралар енгізілді. Олардың қатарында жедел жәрдем шақыртуларын қабылдап, қызмет көрсету бойынша бірыңғай автоматтандырылған “Көмек” жүйесі енгізілді. Оның қызметі, сөзсіз, ЖМЖ бригадаларына шақыртуларды жіберу уақытын айтарлықтай қысқартуға мүмкіндік береді. Бұл осы ақпараттық жүйе шеңберінде жедел жәрдем қызметінің барлық көшпелі бригадаларын, оның ішінде барлық аудандық бригадаларды арнайы бағдарлама орнатылған смартфондармен жарақтандырудың нәтижесінде мүмкін болды. Шақырту келіп түскен кезде шақыртуларды қабылдау жөніндегі фельдшер шақырушыдан алынған ақпаратты дереу бағдарламада тіркейді және қоңырауды бос бригадаға жолдайды. Шақырту бригаданың смартфондарына электрондық шақыру картасы түрінде келіп түседі, онда пациенттің шағымдары бірден көрініс табады және қаншалықты шұғыл екендігінің санаттары қойылады, – деп хабарлады облыстық жедел медициналық жәрдем станциясындағылар.

Бағдарламаның өзі GPS-навигация жүйесімен жабдықталған, бұл жедел бөлім қызметкерлеріне шақырту орнына дәрігерлердің келу уақытын және олардың орналасқан жерін бақылауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар бригадаларда ауысымның аға дәрігерімен тұрақты байланыс бар, яғни алынған ЭКГ-ны жолдап, оның қорытындысы бойынша кеңес немесе басқадай көмек алу мүмкіндігі бар.

– Қызметті орталықтандыруда пациенттің кез келген шақыртуына бұрынғыдай аудандарға бөлмей, кез келген бос бригаданы жіберуге болатындығы маңызды болып табылады. Аталмыш реформаны енгізудің бастапқы кезеңінде халықта  сенімсіздік болғаны рас. Ауылдық жерлерде тұратын адамдар аудандық жедел жәрдем қызметін қалаға қосқаннан кейін бригада оларға қаладан кетеді деп ойлады.  Алайда облыстық ЖМЖ станциясына берілген бөлімшелер бұрынғысынша халыққа қандай да бір зиян келтірместен, жедел жәрдем көрсету бойынша өз жұмыстарын жалғастырғанын айта кеткен жөн. Орталықтандыру халыққа қызмет көрсету сапасын жақсарту үшін жүргізілді, өйткені оларды ЖМЖ облыстық станциясының құрамына бергеннен кейін жедел жәрдемнің  барлық аудандық бөлімшелерінің жұмысын тәжірибесі мол аға дәрігерлер бақылайды, бұл бригадалардың жұмысын жеңілдетеді және халыққа медициналық қызмет көрсету сапасын бақылауға мүмкіндік береді, – деп түсіндірді облыстық денсаулық сақтау басқармасындағылар.

Сонымен қатар станция қызметкерлері өз аймағының географиялық ерекшеліктері және сол жерде бағдарлау бойынша оқытудан өтті. Қазіргі уақытта шұғыл бөлім қызметкерлерінің штаты кеңейтілді: жедел жәрдем шақыртуларын қабылдау бойынша кезекшілікке тәулігіне 15 фельдшер шығады, бұл өңірдің барлық тұрғындарына жедел жәрдем қызметіне жүгінудің қолжетімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. 2022 жылдың  сегіз айында 136 мың шақырту түсіпті. Оның 81 мыңы шұғыл медициналық көмекті қажет ететін шұғылдығы бірінші және екінші санаттағы шақыртулар. Басқаша айтқанда, өміріне қауіп төнген, шұғыл медициналық көмекті қажет еткен 81 мың адамның өмірі құтқарылды. Сондай-ақ осыдан біраз уақыт бұрын облыстың барлық жедел медициналық жәрдем станцияларының автопаркі жаңартылғанын еске салғымыз келеді.

Осы айдарда

Back to top button