8-сынып оқушысы жеке көрмесін өткізді
Балалық шақтың өзіндік есте қалар сәттері болады деген рас. Жақында облыстық музей-қорықтың «Алтай» галереясында Өскемендегі №39 мектептің 8-ші сынып оқушысы Дарья Баженованың «Балалық шақ қайда кетіп бара жатыр?» атты жеке фотокөрмесі болып өтті.
Өмірдің бақытты сәттерін шырт еткізіп ұстап алу – әр фотографтың арманы екені сөзсіз. Жас фотограф Дашаның бұл жағынан алғанда ізденістері жетерлік. Оның «Қоршау», «Үй», «Қар», «Звезда по имени Солнце» атты суреттері өзіндік жылылығымен ерекшеленеді. Әсіресе, Дашаның «Күту» атты картинасы ерекше. Бұл картинаның басты кейіпкері – кәдімгі ойыншық аю. Бірақ сол ойыншық аюдың терезеге мұңдана қарап, қожайынын күтуі адам жүрегін селт еткізеді.
Он бес жасар фотошебердің көрмесіне оның елу шақты шығармашылық жұмысы қойылды. Олардың әрқайсысының өзіндік ерекшелігі бар. Пейзаждар мен портреттер, өмірден алынған фотосуреттердің ешқайсысы кәсіби фотографтардың жұмысынан еш кем емес. Бұдан балалардың үлкендер мән бере бермейтін дүниелерді байқайтынын білуге болады, – деді көрменің ашылу салтанатында музей-қорық директорының орынбасары Тамара Быкова.
Өзінің айтуынша, Дарья суретке түсірумен осыдан екі жыл бұрын айналыса бастапты. Оған алғашқы кәсіби кинокамераны әжесі Ольга Прокопьевна сыйға тартыпты.
– Менің фотографияға әуестігім әкемнен дарыған болуы керек, – деп жымияды Дашаның өзі.
Көрменің ашылу салтанатында адам көп болды. Олардың арасында Дашаның өзінің ата-анасы мен өзінен кейінгі екі кішкентай сіңлісі мен достары да бар. Көрмеге келушілердің барлығы да Дашаның түсірген суреттерінің адамды ойландыратынын ерекше атап айтты.
Бір атап айтарлығы, Дашаның жеке көрмесін өткізуге Павлодардағы «Полиграфия орталығы» ЖШС-нің директоры Александр Пархоменко да қол ұшын созыпты.
Алғашқы көрмесі ашылған жас дарынға музей-қорық директоры Н. Зайцевтің атынан алғыс хат табыс етілді.
Гүлзат Зәмзәм