ТОП

794 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алды

Азамат Темірбеков

Облыс орталығында әлеуметтік жағынан азқамтылған және көпбалалы отбасылардың тұрмысын түзетуге бағытталған бірқатар жұмыстар жүргізілуде. Солардың бірі – атаулы әлеуметтік көмек. Биылғы жылы көмектің аталмыш түрін шаһардағы 794 отбасы алған.

Биылғы жылдың бірінші қыркүйегіндегі жағдайға сүйенсек, 1194 адамнан тұратын 794 отбасы 191 млн. теңге сомасында  атаулы әлеуметтік көмек алған. Аталмыш отбасылардың 1-ден 6 жасқа дейінгі 953 баласы түрлі тауар және тұрмыстық химия жиынтықтарын алды. Осылайша азқамтылған және көп балалы отбасыларға біршама көмек көрсетіліп, атаулы әлеуметтік көмектің арқасында олардың материалдық жағдайы кішкене болса да тұрақтана түсті.

– Атаулы әлеуметтік көмекті алушылардың еңбекке жарамды мүшелерінің «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының берер мүмкіндіктерін қолдануларына болады. Олар үшін тұрақты және уақытша жұмыс орындарына жұмысқа орналастыру, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша қысқа мерзімді кәсіби курстардан өту, бизнес-идеяларды жүзеге асыруға қайтарымсыз мемлекеттік гранттар алу мүмкіндігі бар. Мысалы көп балалы аналар қысқа мерзімді кәсіби курстарда оқып, жаңа мамандық игеріп, өз ісін ашып, үйде жұмыс істей алады, – дейді Өскемен қалалық Халықты жұмыспен қамту орталығының бөлім басшысы Меруерт Сәрсебаева.

Оның айтуынша, кәсіп ашып, тасын өрге домалатуға құлқы бар көпбалалы отбасылар осы мақсатқа арналған 200 айлық есептік көрсеткіш, яғни 583 400 теңге сомасындағы мемлекеттік грантты алып, қаражат тапшылығынан құтылып, материалдық жағдайын жақсарта алатын көрінеді.

Осындай нәтижелі еңбегінің жемісін көріп жатқан жанның бірі Ахмер ауылында шағын наубайхана ашқан Дүйсен Нұристем. Атаулы әлеуметтік көмек алатын бес балалынң әкесі, «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында грант ұтып алып, бүгінгі күні жеке бизнесін дамытып жатыр.

– Атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасыларға «Еңбек» бағдарламасы аясында грант алуға болатынын білген соң бағымды сынап көруге бел будым. Шілде айында аңсаған қаржыға қол жеткізіп, нан пісіретін кіші-гірім пеш, үстел мен қамыр илейтін құрылғы сатып алып, Аязбаев көшесінің бойынша шағын наубайхана аштық. Алдағы уақытта бизнесімді одан әрі ұлғайтуды жоспарлап отырмын, – дейді ол.

Мемлекеттік гранттың қызығын көріп отырған тағы бір көпбалалы ана – Динара Ерболат. Атаулы әлеуметтік көмек алып отырған ол, мемлекеттік бағдарлама арқылы маникюр шеберіне оқып, өз ісін ашқан.

– Мен бұл бағдарламаны Халықты жұмыспен қамту орталығы тарапынан көрсетілетін үлкен көмек деп білемін. Жаңа мамандықты игеріп, көп нәрсе үйренген кезде менде әрі қарай өсіп, өз өмірімді өзгертуге ынтам пайда болды. Тырнақ сервисі салонымды ашу үшін бизнес-жобамды қорғадым, – дейді Динара Ерболат.

Тағы да бір жарқын үлгілердің бірі – Айжан Қадырқұлова. Кәмелет жасына толмаған екі баланы тәрбиелеп отырған жас ана бірнеше жыл бойы өз күшімен өмірдің қиын жағдайдан шығуға тырысып, Жұмыспен қамту орталығына жүгінуді жөн көрген.

– Осы уақытқа дейін шаштараз мамандығы бойынша пайызға жұмыс істедім. Сәйкесінше, кірісімнің жартысын салон басшысына беріп отырдым. Жұмыспен қамту орталығына жүгінген соң ондағы мамандар маған «Еңбек» бағдарламасына қатысу ұсынды. Гранттың көмегімен қажетті құрал-жабдықтарды алып, ғимаратты жалға алдым. Енді өзіме жұмыс істеймін. Табысым бөліп-жарылмайтын болды, –дейді ол.

 

Осы айдарда

Back to top button