75 жылдан кейін бұйырған бір уыс топырақ

Қызын бекер қобалжытпайын деп, «әкеңіздің қандай өнері бар, немен шұғылданған» деген сияқты кезекші сауалдар қойып, жауап жаздым, – деп жалғастырды Евгений Григорьевич.
Көп ұзамай жауап та келеді. Осы жолғы хатқа тағы бір суретті салып жіберіпті. Евгений Григорьевич суретті көрген бойда әлгі жауынгердің осы әйелдің әкесі екеніне ешқандай күмәні қалмағанын айтады. Суреттегі ер адамның бір езуінде темекісі қыстырулы, өзі жолдастарының ортасында гитара шертіп отыр. Қызы әкесінің гитара, баян сияқты музыкалық аспаптарда ойнағанын, ән салатын өнері болғанын жазыпты. Осылайша, қызы талай жылдардан соң майдангер әкесінің рухымен қауышып, басына келіп, ұзақ сырласып қайтыпты. Іздеушілер тобының тәжірибесінде мұндай оқиғалар аз емес.
Мұражайдың қазақстандық жауынгерлерге арналған бөлмесінің төріне жыр алыбымыз Жамбыл Жабаевтың кілемге тоқыған портреті ілініпті. Іздестіру жұмыстары кезінде окоптардан табылған сарбаздардың барлық жеке заттары да осында сақтаулы. Көрнекі жерінде ұлттық шапанымыз ілулі тұр.
Халқымыздың тұрмыс-тіршілігінен сыр шертетін кіші-гірім аралға тап болғандаймыз. Өйткені, экспонаттардың көпшілігі елімізден жеткізілген. Ұлттық ою-өрнекпен әшекейленген құты, басқа да тұрмыстық бұйымдарды көзіміз шалды. «Мұндай мұражайдың барын білгенде, біз де жәдігер ала келетін едік» деп қоямыз құрқол келгенімізге қарадай ыңғайсызданған апамыз екеуіміз бір-бірімізге.

Оқушылар мұражайға жиі келіп, өздеріне таңсық дүниелерді қызықтап, сұрастырып жүретін көрінеді. Айтпақшы, Киев қаласының бір көшесіне Жамбыл Жабаевтың есімі беріліп, 2012 жылы еңселі ескерткіш орнатылыпты. Оның авторлары – архитектор К.Жарылғапов пен мүсінші М.Әзмағанбетов.
Тағы бір боздақтың сүйегі еліне жеткізілді
Украинаның Қарулы күштері Қазақстанның елшілігімен бірлесіп, Ұлы Отан соғысында хабарсыз кеткен жауынгерлерді іздестіруді белсенді жалғастыруда. Осындай қазба жұмыстарының нәтижесінде Украина қауіпсіздік қызметінің Ұлттық академиясының курсанттары 2017 жылы Березань қаласының маңынан екі сарбаздың сүйегін табады. Олардың біреуінің әскери медальоны сақталыпты.
– Сондағы деректерге сәйкес, ол – Солтүстік Қазақстан облысының тумасы Әйіп Рамазанұлы деген азамат екен. Курсанттар бірден біздің елшілікпен хабарласып, туған-туыстарын тауып беруге көмектесуімізді сұрады. Іздестірсек, майданға жастай аттанған жауынгердің артынан тұяқ та қалмапты. Біз он күннің ішінде Ақтаудан аталас немересін таптық. Туыстары келе алмайтын болғандықтан сарбаздың мүрдесі мен жанынан табылған медальонын, оқ тиген каскасы мен оқ жарықшақтарына дейін темір табытпен Астанаға жөнелттік, олар сол жерден қарсы алуға уағдаласты, – дейді әскери атташе Сәбит Кеңесбайұлы.

Айтысына қарағанда, мұндай жүкті жөнелту үшін арнайы рұқсат керек екен. Елшіліктің қызметкерлері кедендік, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау қызметтерінің, басқа да құзырлы органдардың тексеруінен кейін тасымалдаушы компанияның өкілін шақырып, тиісті құжаттарды толықтай рәсімдеп беріпті.
Осылайша 1942 жылдан хабар-ошарсыз кеткен, жат жерде шейіт болған кіші сержант Рамазанұлының сүйегін ұрпағы тура 75 жылдан кейін кіндік қаны тамған ауылына апарып, барлық жөн-жоралғысымен арулап,туған жерінің қойнына тапсырды.
Аты-жөні қазақтарға ұқсайтын мың жарымнан астам жауынгер бар
Киевте бізді Украинаның ардагерлер ұйымыкеңесінің төрағасы Виктор Шмаков арнайы кездесуге шақырды. Бұл елдің ардагерлер ұйымы үлкен де беделді күш екенін бірден аңғаруға болады. Төрағаның сөзіне қарағанда, Украина 1250 күн фашистердің табанының астында болған. Украинаны неміс басқыншыларынан азат ету үшін қандарын төккен қандастарымыздың саны украиндар мен орыстардан кейін үшінші орында екен. Жүрегінің түгі бар бабаларымыздың тегіне тартқан ұлдарымыз бауырлас халықтың жері үшін атажұртын қорғағандай айқасыпты. Ол кезде мерт болғандарды ортақ бауырластар зираттарына жерлей берген. Кейде белгі де қойылмады. Уақыт өте келе іздестіру жұмыстары қолға алынып, шейіт болған боздақтарды анықтаумен, қайта арулап жерлеумен айналысып келеді. Бұл ардагерлер ұйымының негізгі қызметі болмағанымен, үлкен мән беріледі. Қазір екі бағытта жұмыс істейді. Оның бірі -қазба жұмыстары. Белсенділер әлі де ұрыс болған жерлерді сүзіп, соғыстың жаңғырығын – қаза болғандар туралы мәлімет беретін жеке заттарды тауып жатады. Бірақ көп уақыт өткендіктен, соғыс өрті шалған аумақтарда қазір жаңа қалалар бой көтерген. Сондықтан үміт жібі де үзілуге шақ. Алайда төраға қазіргі заманауи технологиялар заманында іздестірудің интеллектуалды бағыты дамып келе жатқанын айтты.
-Қазір бізде өздерінің жеке таныстары мен технологиялардың көмегімен архив құжаттарымен жұмыс істейтін белсенділер бар. Мысалы, «Память Украины» кітабының редакторы, Украинаға Еңбегі сіңген мәдениет қызметкері Эдуард Арутюнян деген азаматпен тілдесуіңізге болады. Болашақта біздің Отанымыз үшін жандарын пида еткен қазақ жауынгерлерінің тізімін жеке кітап етіп басып шығарсақ деген ойымыз бар. Жеңістің 70жылдығына орай Днепр облысы ардагерлер кеңесі облыстағы азат етуші жауынгерлерге арналған мың жарымнан астам мемориалдық ескерткіштерді қамтыған жинақ басып шығарды. Кітапта 314 сурет жарияланды. Оның ішінде сіздердің аталарыңыздың мемориалдық тақтасы да бар , – деді Виктор Шмаков.
Эдуард Арутюнян қазақ сарбаздарының есімдерін анықтаумен айналысып жүр екен. Оның мәліметтері бойынша, архивтерде аты-жөні қазақтарға ұқсайтын мың жарымнан астам жауынгердің тегі әлі күнге толық зерттелмеген. Эдуард Хачатурович осы азаматтардың есімдерінің дұрыс жазылуын анықтап беруге қол ұшын беруімізді сұрады.
-Біз Славгородтағы, Синельников қаласындағы бауырластар зираттарының күтулі екенін көрдік. Осындай ардагерлер ұйымы барда менің ағатайымның, басқа да боздақтардың ескерткішіне жол жабылмайды деп сенемін. Сіздерге көрсеткен барлық құрметтеріңіз үшін аналық алғысымды айтамын, – деді Сара апамыз қоштасарда.
Түйін
Украинада болған бір аптаның ішінде біз бауырлас халықтың қазақтарға деген тек риясыз көңілін, жат жер үшін құрбан болған боздақтарымызға деген өлшеусіз құрметі мен қонақжайлығын ғана көріп қайттық. Әрине, жергілікті халық елінің батысындаболып жатқан қантөгіске алаңдайды. «Тым болмаса биыл бейбітшілік орнаса екен. Анам Донбаста тұрады. Бес жылда бір барамын. Өзі өскен жерін тастап, маған көшіп келгісі жоқ. Қазақстанда тыныштық екенін естиміз, сіздер бақыттысыздар», – дейді біз тілдескен таксистердің бірі.
Мен осы сапарымда үйіміздегі бейбіт өмірдің баға жетпес байлық екенін, халықтар достығы дегеніміз жауыр болған, жаттандысөз тіркесі емес, шын мәнінде ізгілік пен басқа ұлтқа деген шынайы құрмет екенінкөзіммен көріп, жүрегіммен сезіп келдім.Көңілі дарқан қазақ халқы мен украиндық бауырлар арасындағы осы кіршіксіз қарым-қатынасымызға қылау түспесе екен, әлемге үлгі болған тұнығымызды лайлап алмасақ екен, ешкіммен жауласпай, өзара дауласпай өмір сүріп жатқан Отанымызға көз тимесе екен деген тілеумен оралдым. Жолға шыққанда біздің сапарымыз бір әулеттің ғана ісі деп ойлаған едім. Қарап отырсам, әлеуметтік желідегі пікірлерден басқа, алғашқы жолжазбам жарияланған бойда Өскемен қаласынан ғана оншақты әжей мен ата хабарласты. Бәрінің айтар өтініші біреу-ақ:«Қалай іздесек? Өзің тауып берсеңші, балам». Оқырмандардың бір кәдесіне жарар деп, бәрін тәптіштеп жазуға тырыстым.
Шейіт болған боздақтардың артында қалған көзі тірі іні-бауырларының өзі бүгінде жетпістен асып, сексенді алқымдап қалды.Сол жандардың ұрпағы үшін бір үміт сәулесі жылт еткендей болғаны сөзсіз.Украиналық бауырлар уәделерінде тұрып, қазақ жауынгерлерінің тізімін жіберіп жатса, бұл тақырыпқа тағы қайта оралармыз. Үміттеріңізді үзбеңіздер, ағайын.
Айна Ескенқызы
Өскемен-Киев-Синельников-Өскемен