75 пәнді ағылшынша оқытатын болды
Өскемендегі С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінде «Қазақстанда үш тілді білім беруді дамытудың жол картасы» аясында ұйымдастырылған профессорлық-оқытушылық құрамға арналған ағылшын тілі деңгейлік курстарының қорытындысы шығарылып, курсты тәмамдаған 68 оқытушыға сертификаттар тапсырылды. Бұл сертификат оқытушыларға өз пәндерін жаңа оқу жылынан бастап ағылшын тілінде оқытуға мүмкіндік береді.
Білім ордасының оқу-әдістемелік жұмыстар жөніндегі проректоры Анар Мырзағалиеваның айтуынша, оқытушылардың ағылшын тілі бойынша білім деңгейіне байланысты 1-2 ай бойы өткен курсты филология ғылымының кандидаты, доцент Бақытжан Келгенбаева басшылық ететін біліктілікті бекіту орталығы ұйымдастырған. Ағылшын тілінен дәріс бергендер – осы университеттің шет тілі кафедрасының оқытушылары.
– Біз 2016-2017 оқу жылында 75 пәнді ағылшынша жүргізуге бел буып отырған жоғары оқу орындарының біріміз. Ал сол пәндерді ағылшынша оқытатын сіздерсіздер. Демалыс уақыттарыңызды бөліп, біліктіліктеріңізді арттыру үшін жазғы мектепке қатысқандарыңыз үшін рақмет. Сондай-ақ, оқытушылар ұжымына ерекше алғыс айтамыз. Бұл өзара қарым-қатынас және бірлесіп, үш тілділіктің тұғырын бекітуге арналған маңызды іс-шара. Елбасының жарқын болашақ жолындағы Ұлттық бағдарламасын жүзеге асыру – біздің міндетіміз. Біз заман талабына сай мамандарды оқытып шығаруымыз керек. Ал қазіргі заманның талабы – үш тілді меңгеру. Студенттеріміз бітірген кезде, осы университеттің кешендік бағдарламасымен қатар IELTS және «Қазтест» халықаралық сертификаттарын қолдарына алып шықса, олардың келешекте жұмысқа қабылдануына зор мүмкіндік туады,-деді проректор Анар Базарқызы.
Курс алдында оқытушылардың ағылшын тілін меңгеру деңгейіне мониторинг жүргізіліп, оқыту бірнеше кезеңге бөлінген. Университеттің 310 мұғалімі жыл көлемінде кезең-кезеңімен 8 топқа бөлініп оқиды. – Курсқа қатысқаныма өте қуаныштымын. Өйткені, қазіргі жұмысымызға ағылшын тілі ауадай қажет. Өзім дәріс беретін «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және информатика» пәні жаңа оқу жылынан бастап ағылшын тілінде өтуі тиіс. Ағылшынша оқытуды алдымен ағылшын тілі және аудармашы мамандықтары бойынша оқып жүрген студенттерден бастаймыз. Тіл үйренуді әліпбиден бастаған біз күнделікті бірнеше сөзден жаттап, грамматиканы меңгердік, түрлі жаттығулар орындап, аудиоматериалдар бойынша сөздің дұрыс айтылуын үйрендік. Жаз бойына тапсырмалар берді. Күзге дейін соны меңгеріп, келесіде тереңдетілген курсты жалғастырамыз. «Болашақ» бағдарламасымен оқып келген оқытушымыз Динара Маткаримованың әдістемесі өте жақсы болды, – деп ризалығын білдірген курсқа қатысушы, педагогика ғылымдарының кандидаты Сәния Көбентаева тіл үйретушілерге деген алғысын ағылшынша білдірді. Сондай-ақ, проректор А.Мырзағалиева «Келешекте университетте бір күнді ағылшын тіліне арнап, қандай мәселеде болмасын өзара ағылшынша сөйлессек» деген идеясын ортаға салды.
– Кез келген тілді күштеп үйрету мүмкін емес, оған ең алдымен, ниет керек. Қуанарлығы, жасы бар, жасамысы бар «студенттеріміз» аз уақыттың ішінде ағылшын тілін едәуір меңгеріп қалды, – дейді аға оқытушы Динара Маткаримова. Орыс филологиясы, әлем тілдері және аударма кафедрасының меңгерушісі Г.Капышева, ағылшын тілінің оқытушылары Е.Чжан, И.Ларионова, Н.Забелина, М.Абдрахманова курс бітірушілерді құттықтап, қыркүйекте өтетін келесі тереңдете оқыту кезеңдеріне әзір екендіктерін жеткізді.
Басқосу соңында ғылыми кітапхана директоры Перизат Нұралиеваның ұйытқы болуымен қазақ, ағылшын, орыс тілдерін үйренуге, білім беруге арналған кітаптар көрмесі ұйымдастырылды. Ұстаздардың еңбек демалысынан кейін қыркүйекте ағылшын курстарының тереңдетілген түрі және мемлекеттік тіл курстары басталады. Енді тек мемлекеттік тілде өтетіндіктен ең алдымен «Қазақстан тарихы» кафедрасының оқытушылары қазақ тілін үйренетін болды.
Айжанат Бақытқызы