Аймақтар аухалы

736 АУЫЛҒА 143 млрд ТЕҢГЕ ЖҰМСАЛМАҚ

Биыл еліміздегі 736 ауылда 1,5 мың жобаны жүзеге асыру үшін 143 млрд теңге бөлінді.      Жобалар ауылдардағы әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды жаңғыртуды, тұрғын үй, әлеуметтік нысандар салуды, ауылдағы өмір сүру сапасын жақсартуды көздейді.

Үкімет отырысында ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров республикада 6 293 ауылдық елді мекен бар екенін, онда 7,8 млн адам тұратынын баяндады. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында  2019-2022 жылдары ауылдарда 326 млрд теңгеге 3,7 мың жоба іске асырылған. Бұл жобалар тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы 334 нысанды, 1,2 мың әлеуметтік инфрақұрылым нысанын (білім беру, денсаулық сақтау, спорт) және 2 мыңнан астам көлік инфрақұрылымы нысанын (ауыл ішіндегі жолдар) салуға және жөндеуге мүмкіндік берген.

Биыл 736 ауылда 143 млрд теңгеге 1,5 мың жобаны іске асыру жоспарланған: 119 жоба ТҮКШ саласында, 275 жоба әлеуметтік инфрақұрылым,  1,1 мың жоба ауыл ішіндегі жолдардың жағдайын жақсарту бойынша іске асырылмақ.

Премьер-Министр 2027 жылға қарай әлеуеті жоғары 3,5 мың ауылдың бәрін Өңірлік стандарттар жүйесіне сай дамыту жоспарланып отырғанын атап өтті. Осы жүйеге  сәйкес ауылдарда сапалы жолдар мен мәдениет, спорт және денсаулық сақтау нысандары, мектептер міндетті түрде болуы тиіс, сондай-ақ ауыл инфрақұрылымын дамытуға баса мән беріледі. – Біздің басты мақсатымыз – ауылдағы өмір сапасын жақсарту. Қазірдің өзінде нақты нәтижелер бар, – деді Үкімет отырысында  Премьер-Министр Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысы Атырау, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстарында жобаларды пайдалануға беру қарқыны жақсы екенін атап өтті. Бұл орайда Ұлытау және Батыс Қазақстан облыстары осы көрсеткіш бойынша артта қалып отыр.

Премьер-Министр барлық жоспарды жүзеге асыру 40 мыңға жуық жұмыс орнын құруға мүмкіндік беріп, ауылдық аумақтарды дамытуға жаңа серпін беретінін айтты.

2027 жылға қарай ауылдық елді мекендерде судың сапасы мен жолдардың жағдайы жақсарады, инженерлік желілер жөнделіп, әлеуметтік, мәдениет және спорт нысандары салынады, – деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысы Ұлттық экономика министрлігі Ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын әзірлеу барысында болашағы бар ауылдарды айқындау әдістерін өзектендіріп, Өңірлік стандарттар жүйесін жетілдіру жөніндегі жаңа тәсілдерді ескеруі қажет екенін атап өтті.

Жамал Ермен

Осы айдарда

Back to top button