700 шақырымдық жаңа желі тартылды
«KEGOC» акционерлік қоғамы Екібастұз-Шүлбі-Өскемен арасын жалғайтын 500 киловольттік жоғары кернеулі электр желісінің құрылысын мерзімінен бұрын аяқтады.
Бұл жоба Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ 2014 жылғы «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауында көрініс тапқан болатын. «Солтүстік-Шығыс-Оңтүстік транзиті» деген атауға ие болған ауқымды инвестициялық жобаны «KEGOC» акционерлік қоғамы бастан-аяқ өзі қаржыландыруы тиіс. Жалпы ұзындығы 868,5 шақырым болатын желіні тартып шығуға 124,2 млрд. теңге жұмсалады деп жоспарланды. Оның ішінде бірінші кезеңге 45,5 млрд. теңге, екінші кезеңге 78,7 млрд. теңге бөлінген. Құрылысы аяқталған Екібастұз-Шүлбі-Өскемен желісі сол ауқымды жобаның бірінші кезеңінде тартылып отыр. Жолдауды іске асырудың жалпыұлттық іс-шаралар жоспарына сәйкес желі құрылысы 2015 жылдың наурыз айында басталған болатын. Ол бойынша кернеу қуаты 500 және 220 кВ болатын 700 шақырымнан астам электр желілері, 500 киловольттік «Семей» және «Өскемен» қосалқы стансалары, 1150 киловольттік «Екібастұз» қосалқы стансасы салынды.
-Осы желінің арқасында өңірдегі энергия тапшылығын ресейлік транзитке тәуелсіз жолмен шешуге мүмкіндік туды. Сондай-ақ, Бұлақ су электр стансасындағы қайта реттеуішті іске қосу арқылы Шүлбі ГЭС-ін толық қуатына енгізу жоспарланған, – дейді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ринат Омаров.
Қолданысқа берілген желінің 293,7 шақырымы Павлодар облысының аумағын, 408,1 шақырымы Шығыс Қазақстан облысын басып өтеді. Жобаның екінші кезеңі, яғни, Ақтоғай-Талдықорған-Алматы бағытындағы 500 киловольттік желінің құрылысы да басталуға жақын. Оны 2018 жылы ел игілігіне беру көзделген.
Есжан Ботақара