Қоғам

700 мың тоннаға жуық астық бастырылды

700 мың тоннаға жуық астық бастырылды

Кеше кеңейтілген аппараттық кеңесте облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ қалалар мен аудандардың және басқармалардың басшыларына жүктелген қызметтік міндеттерді барынша жауапты атқару қажеттігі туралы тағы бір мәрте ескертті, себебі жұмыстың нәтижесіне деген талап алдағы уақытта тек өсе түсетін болады.
Атқарылар істер расында да жетерлік. Олардың әрқайсысы бақылауда болуы тиіс. Кеңесте облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Айтқазы Шерубаевтың Қазақстан Президентінің «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Жолдауын іске асыру аясында энергетикалық инфрақұрылымды дамыту жол картасының жүзеге асырылу барысы туралы есебі тыңдалды.
«Солтүстік – Шығыс – Оңтүстік» үлкен транзиттік жоғары вольтты желісінің 865 шақырымы Шығыс Қазақстан облысының аумағы бойынша өтетіні белгілі. Бұл жұмыс осы жылдың наурызында басталған. Бүгінде облыс аумағындағы Екібастұз – Семей учаскесінде 208 іргетас және 185 тірек орнатылған. Семей – Өскемен бөлігінде 527 іргетас, 503 тірек жасалған, 149 шақырымда сымдарды монтаждау аяқталған. Құрылыс-монтаж жұмыстарының 87 пайызы Семей подстанциясында орындалған. Сонымен қатар, кестеге сәйкес Семейде және «Өскемен» подстанциясында шығыс-кіріс энергетикалық учаскелерін салу жалғасуда.
Шығыс жылумен-сумен қамту жүйесін жаңғырту қарқынын үдету бойынша президенттік талапқа алғашқылардың қатарында үн қатты. Облыста сомасы 2 миллиард теңгеден асатын мұндай 12 жоба жүзеге асырылуда. Олардың 10-ы – Семейде. Жылумен қамту желілерін, қазандықтарды, жылу пунктерін қайта құру қарқынды жүріп жатыр, бірақ 68 тұрғын үй әлі жылуға қосылмаған. Олардың кейбірі тұрғындардың кінәсінен қосылуға дайын емес. Оларды 15 қазанға дейін қосу міндеті қойылған.
– Баспананы жылуға қосу үшін жауапкершілік өзара болуы тиіс. Біз жылуды уақытында беру мақсатында құрылысшылардан тәулік бойы еңбек етуді талап етеміз, ал үйдің тұрғындары дайындалмайды. Тұрғындар олардың жұмысын ешкім де атқармайтынын білуі шарт. Тек дайын үйлер ғана жылуға қосылатын болады. Жалпы, Семейде қысқа дайындық бойынша үлкен жұмыс атқарылған, бірақ бақылауды әлсіретуге болмайды. Осы күндері қосылмаған 68 үй бойынша тиянақты жұмыс істеу керек, – деп атап өтті облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ.
Жиын-терін жұмыстарының барысы туралы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Дүйсембай Селиханов баяндады. Ағымдағы жылы егістік алқаптар 1287 мың гектарды құрады. Дәнді дақылдар 580 мың гектарға, негізгі азық-түлік дақылы – бидай 379 мың гектарға себілді. Күнбағыс алқаптары 28 мың гектарға кемісе де, бәрібір 348 мың гектарды құрады. Есесіне дәнді дақылдар аумағы 10 мың гектарға өсіп, шамамен 300 мың гектарға жетті. Картоп, көкөніс, бақша алқаптары тиісінше 24, 9 және 3 мың гектар аумақты алып жатты.
Дәнді дақылдардың түсімі 691 мың тоннаны құрады, өнімділік – гектарынан 12,1 центнер, бұл өткен жылғы деңгейден төмен. Ең төменгі өнімділік Аягөз, Жарма және Ұлан аудандарында орын алған. Дәнді дақылдардың ең көп түсімін Зырян, Глубокое аудандарының диқандары қамтамасыз етті, мұнда өнімділік гектарынан 16 центнерден асқан. Картоптың жалпы жиыны әзірше гектарынан 18 тоннаны құрады. Ал көкөніс 180 мың тоннадан артық жиналды.
Баяндамашы осы ретте агроөндірістік кешенде барлық резервтердің іске аспай жатқанын атап өтті. Мәселен, 2015 жылы жалпы облыс бойынша 16 мың тонна субсидияланған минералдық тыңайтқыш себілген, бұл 2014 жылмен салыстырғанда 1,4 есеге көп. Аалайда, Аягөз, Жарма, Күршім аудандарының қожалықтары бірде-бір тонна минералдық тыңайтқыш алмапты.
Жиында «Сыбаға», «Құлан», «Алтын Асық», «Ырыс» бағдарламаларының іске асырылу барысы қарастырылды. Айталық, «Сыбаға» бағдарламасы бойынша осы жылы облыс шаруашылықтарына 3900 бас ірі қара сатып алуы қажет. Әзірге 2,5 мың бас сатып алған. Бағдарламаны іске асыруға Бородулиха, Шемонайха, Зырян, Ұлан, Глубокое сынды аудандар сылбыр қатысуда. Бағдарлама орындалу үшін ауыл шаруашылығы басқармасы қосымша шаралар қабылдап отыр. «Құлан» бағдарламасы 101 пайызға орындалған, сатып алу жоспары 2136 бас жылқы болса, 2192 бас сатылып алынған. Осы орайда күршімдіктер, көкпектіліктер, аягөздіктер, абайлықтар жақсы жұмыс істеді. «Алтын Асық» бағдарламасын өңіріміздің атқара алмайтыны анық. Өйткені, қазан айының басында ол тек 19 пайызға ғана орындалған. Аудандар мен қалалардың көпшілігі бұл істі мүлдем қолға да алмапты. Осы жылы «Ырыс» бағдарламасын, жалпы сүт бағытын іске асыруға ерекше мән берілген-ді. Нәтижесінде жыл ішінде 11 тауарлы-сүт фермасын құру жобасы қаржыландырылды.Ұлан ауданындағы «Есіл», Жарма ауданындағы «Сүлеймен», Аягөз ауданындағы «Рыспек» шаруашылықтарынан жаңа өтінімдер түскен. Қосымша жобаларды есепке алар болсақ, сүт бағдарламасының жоспарлары артығымен орындалмақ.
Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ жиналғандар назарын шағын несиелендіру бағдарламасына аударды. Несиелендірудің осы түрі бойынша берешек қазірдің өзінде 300 миллион теңгені құрайды. Сондай-ақ, бұл соманың қайтпау қаупі бар.
– Сіздер аталмыш несиелердің қайтатынына кепілдік бердіңіздер. Аталмыш қаражатты бюджетке қайтаратын уақыт жетті, сондықтан қатаң әрекет етуге тура келеді. Осы қарыздар бойынша нақты есеп әзірлеуді тапсырамын. Барлық кінәлі тұлғалар жауапқа тартылады. Қаржы бдюжетке қайтарылуы тиіс, – деді облыс басшысы қалалар мен аудандар әкімдеріне.
Кеңесте өзге де өзекті мәселелер талқыға салынды.

Шығыс-Ақпарат

Осы айдарда

Back to top button