Қоғам

700-ден астам жәдігер табысталды

700-ден астам жәдігер табысталды

Халықаралық мұражай күні қарсаңында облыстық тарихи-өлкетану мұражайында «Бабалар мұрасы» атты археологиялық көрме ашылды. Еліміздің белді археологтары табыстаған 700-ден астам жәдігерді көпшілікпен бірге облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар да тамашалады.
Аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВТІҢ бастамасымен археологияны дамытудың 2016-2018 жылдарға арналған өңірлік бағдарламасы қолға алынғаны белгілі. Сол бағдарлама аясында осыған дейін Шығыс Қазақстан аумағында қазба жұмыстарын жүргізген археологтарға тапқан жәдігерлерін облыстық мұражайға біртіндеп табыстау міндеттелген. «Бабалар мұрасы» атты көрмеде сол жәдігерлердің алғашқы парасы ұсынылды.
Облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар көрмеге жиналған қауымды халықаралық мұражай күнімен құттықтай келіп, аймақта бастау алған археологиялық бағдарламаның мән-мақсатына тоқталды.
-Естеріңізде болса, 2011 жылы мұражай мамандарының төл мерекесі қарсаңында «Мұражайдағы бір түн» атты акцияны Қазақстанда бірінші болып біз бастаған едік. Бүгінде осы акция бүкіл ел аумағына тарап, еліміздің барлық аудан-қалаларында аталып өтуде. Ал бүгінгі көрмеге келетін болсақ, биыл облысымызда бұрын-соңды болмаған кешенді археологиялық зерттеулер жүргізілмекші. Оған облыс бюджетінен 100 млн. теңге көлемінде қаржы бөлінді. Карл Байпақов, Зейнолла Самашев сынды танымал археологтардың қатысуымен бес бірдей учаскеде қазба жұмыстары жүргізілмек. Оған өз тарапымыздан жас ғалымдар мен студенттер, АҚШ, Қытай, Түркия, Бельгия, Италия, Венгрия, Ұлыбритания, Австралия, Үнді елдерінен жетекші археологтар атсалысады деп күтіп отырмыз. Ал бүгінгі көрмеге бұған дейін археологтарымыздың күн-түн демей еңбектенуі арқасында Берел қорымы мен Шілікті жазығынан, Үржар мен Аягөзден, Бесқарағай мен Марқакөл маңынан табылған мұралар қойылды. Осыншама мол мұраны тарих тоңдарынан аршып, аршып қана қоймай бізге аман күйінде жеткізген жанкешті азаматтарға алғыс айтуымыз керек. Бүгінгі көрме де, екі аптадан кейін басталатын ауқымды археологиялық зерттеулер де бірінші кезекте ертеңгі буын баба тарихтан қол үзбес үшін жасалып отыр. Өйткені, тарих – өткенді зерделейтін ғылым ғана емес, болашақты бағдарлайтын негізгі ұстынымыз, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Бұған дейін республикалық зертханалар мен мұражайларда сақталып келген 700-ден астам жәдігердің ішінде З.Самашевтің Берел қорымынан, К.Байпақовтың Аблайкет аңғарынан, У.Үмітқалиевтің Абай және Аягөз аудандарындағы Қырықүңгір, Қырықоба кезеңдерінен, А.Төлеубаевтың Шіліктіден, Т.Смағұловтың Бесқарағай ауданынан тапқан жәдігерлері еніпті. Тас дәуірінің алғашқы еңбек құралдары, қола дәуірінің зергерлік бұйымдары, былғары табыт пен қыш ыдыстар, күйдірілген кірпіштер мен алғашқы тағалар көшпенді өркениеттің түрлі кезеңінен сыр шертіп тұр.
Осы көрмеге тапқан жәдігерлерін өз қолымен әкеп табыстаған археологтың бірі – керекулік Тимур Смағұлов. Бесқарағай және Алакөл маңынан табылған ондаған жәдігерді табыстаған ғалым биыл Карл Байпақовпен бірге Аблайкет қамал-ғимабатханасын зерттемек. 1720 жылы Париждің беделді басылымдары арқылы әлемге аты шыққан әйгілі кешенге кезінде орыстың Петр патшасы да қызығушылық танытып, табылған жәдігерлерді жұмыс үстелінде сақтаған екен. Т.Смағұлов сондай-ақ, бұл ескерткіш 18 ғасырдан бері зерттелгенімен, құпиясы анықталмағанын, дәл биылғыдай кешенді түрде зерттелмегенін айтады.
-Аблайкет ескерткішін зерттеуге 60 студент атсалыспақ. Оның сыртында ондаған ғалымдар бар. Бұл ескерткіштің не бейіт болғанын, не ғибадатхана болғанын биыл анықтаймыз деп отырмыз. Дәл осындай ауқыммен Берел, Шілікті, Қырықүңгір, Қырықоба, Елеке сазы сынды орындар да түбегейлі зерттелмек. Мұндай ауқымды да кешенді археологиялық жұмыс елімізде бірінші рет қолға алынып отыр. Бір сөзбен айтқанда, биыл Шығыс Қазақстан еліміздің археологиялық астанасына айналады, – дейді археолог.
Мұражай мамандары көрме алдағы уақытта жаңа жәдігерлермен толығатынын айтады.

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button