Руханият

70 жылдық тарихы бар кәрлен кеселер

70 жылдық тарихы бар кәрлен кеселер

Мақаншылық Ләззат Төлекова ата-бабаларынан жеткен көне жәдігерлерді әспеттеп ұстап келе жатқан жан.
Мәселен, мына суреттегі екі кәрлен кесеге биыл тұп-тура 71 жыл толған екен. Тарихы Қытай жерінен бастау алатын бұл ыдыстарды Ләззаттың әкесі Тұрсынқұл ақсақал мен анасы Күләш Әлімғазықызы 1945 жылы некелесіп, өз алдарына отау құрған сәтте еншілеген көрінеді. Шәуешек қаласындағы Рамазан Шәмшид атты бай татардан сатып алынған бұл заттар жетпіс жылдан астам уақыт Төлековтер әулетіне қызмет етіп келеді. Бұдан өзге бұл үйдегі сол жылы құрылған патсайы шымылдық, жез самаурын, күміс сырғалар мен шолпылар, қалайы табақ секілді құнды жәдігерлер көздің жауын алады. Ал Ләззат Тұрсынқұлқызы болса, ата-анасынан қалған осындай құнды дүниелерге қылау түсірмей сақтап келеді. Ұлттық құндылықтарымызды әспеттеп, салт-дәстүрімізді насихататап келе жатқан Ләззаттың бұл ісі кейінгі буынға да үлкен үлгі-өнеге.
– Қашан көрсең жүзінен имандылық есіп тұратын келіншек келген қонақтарына сары самаурынмен шай беріп, қымыз ұсынудан жалыққан емес, – дейді Мақаншы ауылының әкімі Советхан Қалиев, – осы өңірге тегіс танымал Тұрсынқұл ағамыз да барды бағалайтын, шежіреші, елге билік айтатын жан еді.
Шынында да, 2008 жылы 90 жасында дүниеден озған Тұрсынқұл ТөлековтІң «Туған жер – тұнған шежіре», «Саналыға салсам ой», «Ұрпаққа айтар сөзім бар» атты кітаптары көзінің тірісінде жарық көрген. Ләззат пен оның ұлы Ернұр Нұркебаев екеуі көздің қарашығындай сақтап келе жатқан сарғайған газеттердегі Тұрсынқұл атаның жарық көрген мақалаларының өзі бір төбе. Жастарға тәлімді тәрбие беруге негізделген «Көз көрген, өзгерген дүние», «Ақылды келін – әулет мақтанышы», «Шайық айтқан шариғат», «Ұлыдан ұлан шарапат», «Қамшы мен қалам» тағы бсқа да мақалаларының берер тағылымы үлкен. Осындай абыз ағаның ұрпағы Ернұр биыл Семей медициналық академиясының соңғы курсын тамамдамақ. Атасы мен апасынан қалған қастерлі дүниенің қадірін білетін Ернұр да әсіресе Ақселеу Сейдімбек, Қабдеш Жұмәділов, Медеу Сәрсеке, Ұлықпан Сыдықов, Мұхтар Құл-Мұхаммед секілді қазақтың марқасқалары дәм татқан кәрлен кеселерге шаң жуытпайды.
– Бұл үй осындағы Тарақты әулетінің қасиетті қара шаңырағы болып саналады, – дейді ағамыз Әнуар Бимұрзин. – Мақаншыға ат басын бұрған еліміздің абыройлы азаматтарының қай-қайсысы бұл шаңырақтан дәм татпай кеткен емес. Өйткені, анамыз Күләш та тегін жерден шықпаған, руы қожа, шешесі Бәтима Ақтайлақ бидің шөбересі.
Осындай қасиетті қара шаңыраққа келіп кәрлен кеседен дәм татып, көрем деушілердің саны бір толастамайды.

Берікхан Тайжігіт

Үржар ауданы.

Осы айдарда

Back to top button