«7-20-25»-ке өзгертулер енгізілді

Ағымдағы жыл соңына дейін облыста «7-20-25» бағдарламасы бойынша 1834 пәтер қолданысқа беріледі деп жоспарлануда. Бұл туралы Өскеменге арнайы іссапармен келген «Баспана» ипотекалық ұйымы» АҚ серіктестік банктермен жұмыс жөніндегі департаментінің бас маманы Жанар Байпақпаева мәлім етті.
«Баспана» ипотекалық ұйымы өкілдерінің қатысуымен өткен брифингте негізінен өңірдегі «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасы жөнінде кеңінен түсіндірілді. Сондай-ақ бұл жиынға Ұлттық банк өкілдері де келіп, қараша айының соңындағы баспана нарығындағы жағдаймен таныстырды.
– Облыс бойынша «7-20-25» бағдарламасына қатысуға 299 адам өтініш білдірді. Оның ішінде құны 1,9 миллиард теңгені құрайтын 207 тұрғынның өтінімі мақұлданды, – деді банктің облыстық филиалының бөлім басшысы Гүлшат Ыдырысова.
Ұлттық банк өкілдерінің хабарлауынша, тамыз айынан бері бұл бағдарлама арқылы баспана алуға ниет білдірген тұрғындардың саны артып келеді. Мұны Гүлшат Ыдырысова жеткізді.
Брифинг барысында Жанар Байпақбаева шығысқазақстандықтар аталмыш бағдарламаны іске асыру бойынша елде төртінші орында тұрғанын атап өтті.
– Қазір «7-20-25» бағдарламасы бойынша ипотеканы сегіз банктен алуға болады. Оның ішінде «Центр кредит банкі», «Forte Bank», «Цеснабанк», Еуразия және Халық банкі сияқты қаржы ұйымдары бар. Жалпы, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген жаңа бағдарламаның басты мақсаты –халықтың екінші деңгейлі банктер арқылы ипотека алуына барынша жағдай жасау болған, – деді Жанар Байпақбаева.
Брифинг барысында «Баспана» ипотекалық ұйымының өкілдері Президент бастамасы бойынша қолға алынған «7-20-25» бағдарламасы аясында бүгінге дейін республика аумағында 4831 өтінім берілгенін атап өтті.
– Бұл бағдарламаға өзгертулер енгізілді. Соған орай, еліміздегі әкімдіктер «7-20-25» бағдарламасы аясында салынатын тұрғын үй құрылысына субсидия бөледі деп жоспарлануда. Қазір барлық билік өкілімен келіссөздер жүргізілуде. Мұндағы басты мақсат – халықты баспанамен қамтамасыз етіп, құрылыс саласына тың серпін беру, – дей келе, Жанар Байпақбаева мемлекет тарапынан құйылған қаржы револьверлік принциппен екі жыл сайын қайта айналып отыратынын жеткізді.
Ажар Сағатбекова