«7-20-25» бағдарламасының түйткілдері айтылды

Парламент Мәжілісінің депутаты, «Ақжол» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Берік Дүйсембинов Елбасы Жолдауының негізгі міндеттерін насихаттау аясында облыстық құрылыс басқармасында болып, сол жерде «7-20-25» бағдарламасының іске асырылуына қатысты жауапты тұлғалармен жүздесті.
Еліміз бойынша 2 жарым миллиондай адам баспанаға мұқтаж екен. Президент бастамасы бойынша қолға алынған «7-20-25» бағдарламасы бойынша Ұлттық банктің мәліметтеріне сенсек, бүгінге дейін республика аумағында 3752 өтінім беріліп, оның жалпы сомасы 44 миллиард теңгені құрайтын 2513-і мақұлданып отыр.
Шығыс Қазақстан осы бағдарламаны іске асыру бойынша елде төртінші орында келеді. Біздің өңірде 220 азамат екінші деңгейлі банктерге шамамен 2 миллиард теңгенің өтінішін білдіріп, оның 148-і мақұлданыпты.
Жиынға қатысқан банкирлер бағдарламаның неге сылбыр жүріп жатқанын айтты.
– Ең алдымен көп жағдайда азаматтар өздерінің төлем қабілеттерін дәделдей алмайды. Не болмаса, басым бөлігінің табысы жетпейді. Сосын тұрғындардың бұрын алған ипотекалық және мүліктік несиелері көп, ол да айтарлықтай кедергі болуда. Мұнымен қоса, 20 пайыздық алғашқы жарна да екінің бірінде бар деп айта алмаймыз. Кейбіреулер ұзақ мерзімге, яғни 25 жылға қарызданудан жүрексінеді, – деген себептерді алға тартты банк қызметкерлері.
Жалпы, банктер бойынша ең көп несие беріп отырған «ЦентрКредит Банкі» екен. Аталмыш банк өскемендік 80 азаматқа несие рәсімдесе, «Цеснабанк» бірақ адамға осы бағдарлама бойынша несие берген екен.
– Шынын айту керек – насихат жұмысы әлі де болса әлсіз. Айталық, Шымкентте осы бағдарламаны түсіндіретін арнайы фронт-офис ашылған. Шығыста да осы тәжірибені қолдану керек шығар. Әлбетте, Елбасының бұл бағдарламасынан жұрт көп үміт күтті. Бірақ тоқмейілсуге болмайды, несие деген – бұл қарыз, оны алған соң қайтару керек, – деген мәжілісмен бағдарламаның кейбір тұстарын түртіп алғанын, Астанаға барғанда тиісті органдарға оны жеткізетінін айтты.
Халық қалаулысы сондай-ақ облыстық Төтенше жағдайлар департаментінде де болып, аталмыш ведомствоның қызметкерлерімен жүздесті. Жиында Елбасы Жолдауының негізгі міндеттері айтылып, азаматтық қорғаныс органдарының өзекті мәселелері талқыланды.
Ержан Әбіш