«7-20-25» бағдарламасын жүзеге асыруда алдамыз

Бұл жөнінде Парламент Сенатының Қаржы және бюджет комитетінің Қазақстанның теңге сарайының қызметі мен «7-20-25» тұрғын үй несие бағдарламасын іске асыру мәселелері бойынша өңірде өткізген көшпелі мәжілісінде айтылды. Көшпелі мәжілістің жұмысына облыс әкімінің орынбасары Серік Ақтанов қатысты.
Алдымен Сенат депутаттары Қазақстанның теңге сарайының қызметімен танысты. Облыстық әкімдікте өткен көшпелі мәжілістің жұмысын бастаған Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Ольга Перепечина Қазақстанның теңге сарайы отандық қаржы жүйесінің ғана емес, сондай-ақ Қазақстанның мемлекеттілігінің маңызды бөлігі екендігін атап өтті.
– Қазіргі кезде өздерінің ұлттық ақшасы мен тиындарын шығаруға барлық мемлекеттердің қауқары жетпейді. Басым көпшілігі ұлттық валюталарын шет елдерде өндіруге мәжбүр, – деді сенатор.
Ұлттық банк төрағасының орынбасары Дина Галиева биыл төл теңгеміздің айналымға енгізілгеніне 25 жыл толғанын, сол уақыт аралығында еліміздің қаржылық секторын дамыту мен реформалауда, қалыптастыруда ауқымды жұмыстар атқарылғандығын нақты мысалдармен атады.
Ал Қазақстанның теңге сарайының қызметі жөнінде кәсіпорын директоры Александр Транов депутаттарға егжей-тегжейлі хабардар етті. Оның айтуынша, кәсіпорын елімізде алғашқылардың бірі болып, сапа менеджменті жүйесінің ISO 9001:2008 халықаралық стандарты сертификатын иеленген.
– Қазақстан әлемде танталы бар теңге шығаратын жалғыз мемлекет. Дәл осы тантал қазақ теңгесінің басты ерекшелігі болып табылады, – деді ол.
Екінші мәселе сенаторлардың қатысуымен қызу талқыланды. «7-20-25. Әр отбасы үшін тұрғын үйге қол жеткізудің жаңа мүмкіндіктері» тұрғын үйді несиелеу бағдарламасын талқыламастан бұрын сенатор Ольга Перепечина әлеуметтік тұрғын үйді сатып алу кезінде әртүрлі санаттағы тұрғындар үшін аталған бағдарламаның ұсынатын жеңілдік шарттары ыңғайлы екендігіне тоқталды. Бағдарламаны іске асыру еліміздің құрылыс саласына ғана емес, сонымен қатар экономиканың басқа да салаларына оң серпін бермек.
Ольга Перепечинаның айтуынша, «7-20-25» бағдарламасын іске асыру жөніндегі биылғы 23 қазанда Сенатта өткен жиында жергілікті бюджеттен жеңілдікпен несиелеу бойынша бастапқы жарнаны жартылай субсидиялау мүмкіндігін қарастыруға, білікті педагогтарға, дәрігерлерге, полицейлерге және басқа да мамандарға тұрғын үй сертификаттарын беруге және екінші деңгейлі банктердің несие өтінімдерін қарау үдерісін жеңілдетуге қатысты өзекті мәселелер көтерілгенін айтып өтті.
Бұдан бөлек, сенаторлар несие өтінімдерін қарастырған кезде банктер несие алушылардың несие тарихының әртүрлі мерзімдерін қарастыра отырып, әлеуметтік қарыз алушылардың несие тарихтарын бағалауда түрлі тәсілдерді қолданатынын да ашық көрсетіп, бұл ретте екінші деңгейлі банктердің Президент ұсынған бағдарлама аясында баспана алатын тұрғындарға мейлінше қолдау білдірулері керектігін атады.
– Себебі, елімізде он жыл бұрын заттай алған несиесінің тарихына бола бүгін үй алу мүмкіндігінен айырылған адамдар жетерлік. Бұл енді адамдарға жасалған қиянаттай көрінеді. Сондай-ақ, 20 пайыз алғашқы жарнаны да азайту мүмкіндіктерін қарау керек. «7-20-25» бағдарламасын іске асыруда қазіргі кезде азаматтардың төлем мүмкіндігі, өңірлерде баспаналардың жеткіліксіздігі және несие тарихына байланысты азаматардың өту-өтпеу мәселесі өте өзекті болып тұр, – деді жиында пікірін білдірген Парламент Сенатының депутаты Гұмар Дүйсенбаев.
Сонымен қатар депутаттар бағдарлама арқылы тек жаңа үйлерді ғана емес, екінші нарықтағы үйлерді алу мүмкіндіктерін де қарастыруды ұсынды. Себебі белгілі, жаңа үйлердің бағасы қымбат, қарапайым көпшіліктің шамасы жетпейді.
Несие тарихына қатысты сөз алған облыстағы Центркредит банкінің өкілдері өздерінде 2013 жылға дейінгі алынған несиелердің тарихы мүлде қарастырылмайтындығын, тұрғындарға барынша жеңілдік қарастырылғанын атап өтті.
«Баспана» ипотекалық ұйымы» АҚ басқарма төрағасы Қайрат Алтынбеков пен облыс әкімінің орынбасары Серік Ақтанов «7-20-25» бағдарламасына қатысу тетіктерін жан-жақты түсіндіріп, өңірде іске асырылуы барысынан хабардар етті.

Қайрат Төреқұлұлының айтуынша, біздің облыс бағдарламаны жүзеге асыруда өзге аймақтар арасында алда келеді. Қазір бағдарламаға Центркредит Банкі, АТФБанк, Евразиялық Банк, Халық банкі, Цесна Банк, BankRBK, ForteBank секілді жеті екінші деңгейлі банк қатысуда. Жақында олардың қатарын Сбербанк толықтырмақ.
Облыс әкімінің орынбасары Серік Ақтановтың келтірген деректеріне сүйенсек, бүгінге дейін өңірде бағдарламаға қатысуға 315 өтініш беріліп, оның 207-сі мақұлданған. Оның айтуынша, облыста бағдарламаны жүзеге асырудың жан-жақты мүмкіндіктері жүзеге асырылуда.
Көшпелі мәжілістің жұмысын қорытындылаған Ольга Перепечина бүгінгі кездесуде көтерілген мәселелер мен айтылған ұсыныстар Үкіметке жолданатынын, болашақта заң шығару кезінде ескерілетіндігін жеткізді.
Сондай-ақ, түстен кейін сенаторлар «Азия Авто» АҚ-да болып, қазақстандық жеңіл көліктердің қалай құрастырылатындығын көрді. Зауыт басшысы Ерік Сағымбаев халық қалаулыларын кәсіпорынның барлық цехтарымен таныстырып, болашақтағы жоспарларымен бөлісті. Жаңа Согра кенті ауданында салынып жатқан толық циклды зауыттың құрылысын жиналғандар назарына ұсынды. Қонақтар әсіресе, конвейерден жаңа ғана шыққан су жаңа Niva, Vesta, Granta, Largus көліктеріне қызығушылық танытып, бұларды халық үшін қолжетімді бюджеттік көліктер деп атады. Ерік Сағымбаевтың айтуынша, қазіргі кезде осы көліктерге сұраныс жоғары. Тіпті, зауыт былтыр көршілес Қытай еліне жол талғамайтын 1200 дана Niva-ны сатқан.
Сенаторлар бұл күні облыс орталығының Стрелка шағын ауданында орналасқан Данқ мемориалына барып, Ұлы Отан соғысы кезінде қаза тапқан шығысқазақстандықтар рухына тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды.
Дәурен Аллабергенұлы