Қоғам

«7-20-25» бағдарламасына не кедергі?

Баспана мәселесін шешуге бағытталған «7-20-25» бағдарламасының іске асырылу барысы облыстық мәслихаттың кезекті отыз үшінші сессиясында талқыға салынды.

Тақырып бойынша баяндама жасаған құрылыс басқармасының басшысы Бауыржан Құдияровтың айтуынша, бүгінге дейін облыс бойынша тұрғындардан осы бағдарлама арқылы үй алуға 7 миллиард теңгенің 848 өтінімі түскен екен. Екінші деңгейлі банктер оның жалпы құны 5 миллиард теңгеден асатын 529 өтінімін мақұлдапты.

Елбасының бастамасымен қолға алынған  бірегей бағдарламаның негізгі шарттары – сатылымға тек жаңадан салынған пәтерлер қойылады, үйді өз атында баспанасы жоқ азаматтар ғана ала алады, сондай-ақ әлбетте несие алушының тұрақты табысы болуы тиіс.

Пайыздық мөлшерлемесі аз болғанымен бұл бағдарламаның қарқыны көңіл көншітпей тұр. Әлі де болсын көпшілік жұрт үшін баспанаға қол жеткізу мүмкін емес. Оның себебі неде?

Сессияда сөз алған облыстық мәслихаттың депутаты Риза Молдашева бағдарлама механизмінің дұрыстығына жан-жақты талдау жүргізіп, оған республикалық деңгейде өзгерістер енгізу қажеттігін атап көрсетті. Оның айтуынша, бұл бағдарлама бойынша үй алу барысында кедергілер көп.

– Шынын айту керек, халықтың басым бөлігінің үй алуға табысы жетпейді, сонымен қатар  халықтың банктерде өзге де несиелері бар. Мұнымен қоса, бағдарламаның шарттары туралы тұрғындар толық хабардар деп те айта алмаймыз. Мәселен, осы бағдарлама бойынша жас шектеуінің жоқ екенін, 25 жыл міндетті мерзім емес, ең ұзақ мерзім екенін көпшілік біле бермейді. Яғни, түсіндіру жұмыстарын қолға алу керек, – деп ұсыныс тастады халық қалаулысы.

Депутаттың талап-тілектерін сессияға қатысып отырған аймақ басшысы Даниал Ахметов те қуаттап, сала басшыларына тиісті тапсырмалар жүктеді.

Ержан Әбіш

 

 

Осы айдарда

Back to top button