670 шенеуніктің орны бос тұр

Облыста 670 бірлік немесе барлық мемлекеттік қызметшілердің 8%-ның орны бос тұр. Жалпы облыста штаттық кесте бойынша 8237 мемлекеттік қызметші болу керек, олардың 4355-і – жергілікті атқарушы органдарда, қалған 3882-і – орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерінде. Алайда, өңірдегі лауазымды тұлғалардың нақты саны – 7560.
Бұл жайында Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Жанна Қабдолдақызы аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында мәлім етті.
Қазіргі таңда аймақта 687 мемлекеттік орган тіркелген. Олардың 520-сы жергілікті атқарушы орган және өкілетті органдар, 167-сі орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелері.
Департамент басшысының мәліметтеріне сүйенсек, жергілікті атқарушы органдарға 346 шенеунік жетпейді, өткен жылдың осы мерзімінде 386 лауазымды орын бос тұрыпты. Орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелері 331 мемлекеттік қызметшіге зәру.
Бос орындарды мамандармен толықтыру үшін үстіміздегі жылдың 11 айында 3266 вакансияға конкурстар жарияланған. Олардың қорытындысы бойынша 1396 адам жеңімпаз деп танылды. Жанна Қабдолдақызы ішкі конкурстардың нәтижелері бойынша лауазымы жоғарылатылған шенеуніктердің көрсеткіші 70%-ды құрағанын (364 адам), өткен жылғы көрсеткіш – 66,7% (230 адам), бұл меритократия принциптері мен персоналдарды дамыту бағытындағы жұмыстардың жақсарғанының дәлелі екенін айтты.
Департамент басшысының айтуынша, 2017 жылдың он бір айында жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік қызметшілері арасында жұмыс ауыстырудың орташа коэффициенті 5,7%-ды құраған, не болмаса 247 адам. Бұл республикалық деңгейден төмен болғанымен, 2018 жылы мемлекеттік қызметшілердің жұмыстан кетуін тежеу мақсатында бұл көрсеткіш аумақты дамыту бағдарламасын жүзеге асыру жоспарына енгізіліпті.
Айна Ескенқызы