Қоғам

65 мекеме аттестаттаудан неге өте алмады?

65 мекеме аттестаттаудан неге өте алмады?
Өткен жылы облыстық білім саласындағы бақылау департаменті өңірдегі 173 білім беру мекемесінде мемлекеттік аттестаттау процесін жүргізген көрінеді. Нәтижесінде, осы мекемелердің 108-і мемлекеттік аттестаттаудан өтсе (61,5%), қалған 65 мекеме (38,5%) өтпеген. Бұл жайында бізге облыстық білім саласындағы бақылау департаментінің басшысы Нұргелді Әбжапаров әңгімелеп берді.

– Осы бақылау мәселесіне келгенде, ерекше атап айтып кетер нәрсе бар. Бүгінгі күні білім беру мекемелерін тексеретіндер өте көп. Аудандық білім бөлімінен бастап, қадағалаушы органдардың барлығы тексеріп жатады. Білмейтіндер, оларды тексеріп жатқан біздің департамент деп те ойлауы мүмкін. Бірақ мүлдем олай емес. Біз бір мектепке бес жылда бір-ақ рет тексеру жүргіземіз. «Білім туралы» Заңға сәйкес білім беру мекемесі мемлекеттік аттестаттаудан бес жылда бір-ақ рет өтеді. Қалған тексерулерге біздің мүлдем қатысымыз жоқ, – дейді облыстық білім саласындағы бақылау департаментінің басшысы Нұргелді Әбжапаров.
Мемлекеттік аттестаттау процедурасы облыстағы білім беру ұйымдары көрсететін білім беру қызметтерінің мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартының талаптарына сәйкестігін анықтау мақсатында өткізіледі. Қазіргі таңда облыста аталған департаменттің бақылау субъектісіне жататын 992 білім беру мекемесі бар. Нақты атап айтар болсақ, олардың 662-сі мектеп, 229-ы бала бақша, жетеуі кешкі мектеп, 11-і арнайы мектеп және 83-і колледж. Олардың көпшілігі негізінен Семей қаласында екен. Онда барлығы 32 колледж, 69 мектеп, 41 балабақша, бес арнайы мектеп пен екі кешкі мектеп бар.
Әрине, 992 білім беру нысандарын бір жылда тексеріп шығу мүмкін емес. Сондықтан жыл сайын мемлекеттік аттестаттаудан өтетін мекемелердің тізімі жасалады. 2016 жылы аталған департамент облыстағы 173 білім беру нысандарында аттестаттау процесін жүргізген. Осы мекемелердің 108-і бойынша «мемлекеттік стандартқа сәйкес келеді» деген шешім қабылданса (61,5%), қалған 65 мекеме (38,5%) аттестациялау процесінен өте алмаған.
Нақты айтар болсақ, мемлекеттік аттестаттаудан балабақшалардың 85 пайызы, яғни, 34 балабақша аттестатталса, 15 пайызы, яғни, алты балабақша аттестаттаудан өте алмаған. Мектептердің 57 пайызы, яғни, 69 мектеп аттесттаттаудан өтсе, 51 мектеп ( бұл 42 пайыз) мемлекеттік аттестаттаудан өте алмады деген шешім шығарылған.
Колледждерге келгенде мәселе тіпті қиындай түседі. Мемлекеттік аттестаттау процесі өткен колледждердің 61 пайызы ( 8 колледж) аттестациялау процесінен өте алмапты. Ал 38 пайызы (5 колледж) аттестаттаудан өткен. Яғни, бір сөзбен айтқанда, мемлекеттік аттестаттау процесінде дәл осы колледждер ең нашар көрсеткіш көрсетіпті.
Ал енді осы мемлекеттік аттестаттау процесіне қатысқан аудандардың атын атап, түсін түстеп көрсетсек қайтеді? Департамент жетекшісі Нұргелді Алханұлы бізге оны да жасырмай айтып берді.
2016 жылы жоспарда тұрған аттестациялауға жататын мекемелердің ішінде Өскемен қаласындағы білім беру мекемелерінің 11 пайызы ғана аттестациялау процесінен өте алмаса, Катонқарағай ауданындағы мектептердің 16 пайызы, Жарма ауданында 20 пайызы өте алмаған. Ал Бородулиха ауданындағы білім мекемелерінің 85 пайызы, Күршім ауданының 80, Зайсан ауданының 62 пайызы мемлекеттік аттестаттаудан өте алмаған екен. Яғни, Өскеменде 17 мекеменің екеуі, Катонқарағайда алты мекеменің біреуі, Жарма ауданында бес мекеменің біреуі, Бородулихада жеті мекеменің алтауы, Күршімде 10 білім беру ұйымының сегізі, Зайсан ауданында сегіз білім беру ұйымының бесеуі аттестатталмаған. Неге?
Департамент басшысының айтуынша, мемлекеттік аттестаттаудан өте алмаған білім беру ұйымдарының барлығына ортақ себеп, бұл – мектеп, колледж секілді мекемелердің оқу жұмыс жоспарларының мемлекеттік білім беру стандартына сәйкес еместігі, білім саласындағы заңнама талаптарының сақталмауы көрінеді. Рас, тәуелсіздік алғаннан бергі 25 жылда біздің еліміз білім саласында біраз жетістіктерге жетті. Мемлекет басшысы әр уақытта білім берудің маңыздылығына, жоғары дамыған, бәсекеге қабілетті елге айналу үшін ұлттың жоғары білімді халыққа айналу қажеттігіне, білім беру сапасын арттыруға үлкен назар аударуда. Осы жолғы «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәскеге қабілеттілік» атты Жолдауының төртінші басым бағыты да білім сапасын арттыруға бағытталып отыр. Білім сапасы облыс әкімінің де басты назарында. Сол себепті де облыста апатты жағдайдағы немесе үш ауысымда оқытатын мектептер мәселесі біраз шешімін тапты. Сонымен қатар, соңғы жылдары оқушылардың білім сапасының да артқаны байқалып отыр. Десе де, әлі де болса кемшіліктер бар. Білім беру ұйымдары оқушының мемлекеттік стандартта көрсетілген міндетті білім деңгейін меңгеріп шығуы үшін жағдай жасауы керек. Мемлекеттік стандартта мектеп ғимаратының талапқа сай болуы, пән кабинеттері мен зертханалардың арнайы бекітілген құрал-жабдықтармен жабдықталуы, кітапханалар, компьютерлік сыныптар, спортзалдарының жағдайы барлығы қарастырылған. Егер мемлекеттік бақылау жүргізілген мектептерде осылардың бірі дұрыс болмаса, ол оқу сапасына әсер етеді.
– Сонымен қатар, мемлекеттік аттестаттау барысында мектеп оқушылары тест тапсырады. Білім стандартына сәйкес ол тестен кем дегенде 50 пайыз жинауы керек. Өкінішке қарай, кейде 49 пайыз немесе 49, 5 пайыз жинап қалады. Біз ондай білім мекемесін аттестаттауға қақымыз жоқ. Ал аттестаттаудан өте алмаған білім беру ұйымдарына орын алған кемшіліктерді түзету үшін алты айға дейінгі мерзім береміз. Алты айдан кейін кемшіліктер жойылмаса, оларды әкімшілік жазаға тартуға мәжбүрміз. Десе де, біздің департаментіміз жазалаушы емес, керісінше білім саласындағы заңнама талаптарын бұзудың алдын алуға, алдағы уақытта болдырмауға бағытталған жұмыс жүргізетін орган екенін ерекше айтқым келеді. Осы бағытта көптеген жұмыстар атқарып жатырмыз және жоспарларымыз да бар.
Аудандық әкімдіктермен келісіп, шалғайдағы мектептерге барып мемлекеттік білім стандартын қалай дұрыс орындау керек екенін, жұмыс жоспарын қалай дұрыс жүргізу қажеттігін түсіндіретін семинарлар өткізуді жоспарлап отырмыз. Ұлан және Жарма аудандарына барып сондай семинарларды өткізіп қайттық. Осындай семинарларды бірінші жартыжылдықтың ішінде Тарбағатай, Зайсан, Көкпекті, Катонқарағай аудандарында да өткізуді көздеп отырмыз. Сонымен қатар, ата-аналармен арадағы жұмыс та жанданып келеді. Жалпы, біздің департаменттің ең басты мақсаты – облыстың білім беру мекемелерінде білім сапасын көтеру, – деді Нұргелді Алханұлы.

Мейрамтай ИМАНҒАЛИ

Осы айдарда

Back to top button