60 тонна уылдырықты заңсыз өткізбек болған
Үржар ауданының прокуратурасы шетелге артемия салина шаянының 60 тонна уылдырығын заңсыз өткізу әрекетіне тосқауыл қойды.
Артемия салина шаянының сыртқы қабығы (циста) немесе уылдырығы балықтар мен құстар үшін аса құнарлы азық, ол мал шаруашылығында және медицинада көптеп қолданылады. Өскемен қаласында орналасқан А. фирмасы қытайлық компаниямен уылдырықты жеткізу туралы келісімшарт жасаған. Қазақстандық кәсіпкерлер уылдырықты Петропавл қаласынан сатып алған. Ал А. фирмасының шаян уылдырығын экспортқа шығаруға арнайы лицензиясы болмаған.
Алайда, кәсіпкер кеден декларациясына жалған мәліметтерді енгізіп, құны 32 млн. теңгені құрайтын 60 тонна уылдырықты Қытайға өткізбекші болған. Кеден қызметкерлері жүкті шығарғанымен, тауарды Үржар аудандық прокуратурасының қызметкерлері тоқтатқан. Бүгінде дайын өнімді лицензиясыз өткізген кеден қызметкерлеріне қатысты да тергеу жүргізілуде.
Нәтижесінде жасырын тауар туралы істі №2 Үржар аудандық соты қарап, жүкті өткізбекші болған кәсіпкер Қылмыстық кодекстің 234-бабы бойынша кінәлі деп танылып, оған шартты түрде 1 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Декларацияланбаған 60 тонна шаян уылдырығы мен үш автокөлік мемлекет пайдасына тәркіленді.
Дәурен Аллабергенұлы