60 миллиард теңгеден бізге қанша тиеді?
Биыл көктемгі егіс пен күзгі егін жинау жұмыстарын жүргізуге жаңартылған бағдарлама бойынша республикалық бюджеттен 60 млрд. теңге бөлінді. Егістік алқаптарын әртараптандыру мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігі мемлекеттен несие бөлу барысында басымдықтарға ие болатын бірнеше ауыл шаруашылығы дақылдарын белгілеп, осы дақылдарды өсіруге көп мөлшерде қаржы қарастырып отыр.
Ұсақ қожалықтар қаржыдан тағы қағылмақ
Олар бірінші кезекте, күнбағыс, рапс, соя, зығыр сияқты майлы дақылдар түрі мен арпа дақылы. Бұлардан бөлек басымдыққа ие дақылдардың тізімінде қант қызылшасы, күріш, жүгері, мақта, сұлы мен картоп бар. Аталған дақылдарға еліміздегі жартылай жүктемеде жұмыс істеп тұрған қайта өңдеу кәсіпорындарын шикізатпен толық қамту мақсатында басымдық берілген. Биылғы көктемгі егіс, күзгі жиын-терінге берілетін несиелердің пайыздық мөлшерлемелері де төмен.
Жеңілдетілген несие қандай пайыздық мөлшерлемемен беріледі, оны алушыларға қойылатын талап қандай? Облыс әкімінің орынбасары Дүйсенғазы Мусиннің, аудан әкімдері орынбасарларының, шаруашылық құрылымдары басшыларының қатысуымен өткен жиында «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ басқармасының төрайымы Гүлназ Атамқұлова, корпорация мамандары және «ҚазАгро» АҚ өкілдері шаруашылықтарға жеңілдетілген несиені берудің шарттары мен тәртібін түсіндіріп берді.
Ақпан айынан бастап көктемгі, күзгі дала жұмыстарына бөлінетін бұл несиелерді алуға шаруалардан өтінімдер қабылданып жатыр, өтінімдер сәуір айына дейін қабылданбақ. «ҚазАгро» корпорациясының құрамына кіретін «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы берілетін 60 млрд. теңге несие қаржысы шаруаларға 6-8 пайызбен бөлінеді.
Ұлттық қордан алынатын бюджет қаржысын корпорация шаруаларға несиелік серіктестіктер, ауыл шаруашылығы кооперативтері және екінші деңгейдегі банктер арқылы үш бағыт бойынша береді. Агроөнеркәсіп кешені субъектілерінің шаруашылық жағдайы шарт талаптарына сай болса, қаржыны корпорациядан тікелей ала алады.
Амал жоқ, жеңілдетілген несиеден ұсақ шаруа қожалықтары бұл жолы да қағылады. Банкке қоятын кепілдігі жоқ, техникалары жоқ шағын қожалықтар несиеге ауыл шаруашылығы кооперативіне бірігіп немесе несие серіктестігіне еніп қана қол жеткізе алады. Сондықтан кооперативке, несие серіктестігіне кіру қажет. Аграрлық несие корпорациясының өкілдері болса, шығысқа ананша, батысқа мынанша деген теңдестірудің, теңгермешіліктің болмайтынын, қай шаруашылықтың, қай өтініш берушінің әлеуеті, жағдайы жетсе, жеңілдетілген несие соған берілетінін атап айтты. «Аграрлық несие корпорациясы» басқармасының төрайымы шарт талаптарының үдесінен шығатын шаруашылықтарға, кооперативтерге, несие серіктестіктеріне банктен несие алуға барынша көмектесетіндіктерін, даулы мәселелерде банкке бірге барып өтінімдерінің қанағаттануына қолдау жасайтындықтарын де еске салды.
– Басқа облыстарда кооперативтерге несие беру басталып кетті. Біздің облыста кооперативтер құруды жеделдетпесе бұл қаржыдан құр қалуымыз мүмкін, – деді жиналғандар алдында банктер кепілдігімен астықты сатып алуды қаржыландыратын «Продкорпорация» АҚ облыстық филиалының басшысы Мақсұт Шаймарданов.
-Алдағы аз уақыттың ішінде облыс шаруашылықтары, аудан әкімдері көктемгі егіс пен күзгі егін жинау жұмыстарына, жанар-жағармай, тыңайтқыш, тұқым сатып алуға, егін өсіруге жеңілдікпен бөлініп отырған осы мол несие қаржысынан өз үлестерін алуға, мемлекеттен берілетін қаржылай қолдауға қол жеткізуге бар күштерін салуы керек, -деді облыс әкімінің орынбасары Дүйсенғазы Мусин осыған орай.
Әкімдердің орынбасарлары ауыз ашпады
-Мен осы жиынға дейін аудан әкімдерінің орынбасарларына шаруалардың көктемгі егіс, күзгі жиын-терін науқанына бөлінетін несиелерді алуына кедергі болып отырған жәйттерге байланысты мәселелерді егжей-тегжейлі зерттеп, талдап, бүгінгі жиында баяндап, жеткізуін қадап тапсырғаныма қарамастан, сіздердің тараптарыңыздан сауалдар қойылмай, мәселелер көтерілмей қалып барады, – деп жалғастырды жиынды Дүйсенғазы Мусин.
Бірақ шараға келген, оған онлайн режимінде қатысып отырған аудан әкімдерінің орынбасарларында бұл сөзден кейін де қозғалыс болмады. Зайсан ауданы әкімінің орынбасарынан басқалары алдарына келген несие беретін корпорация басшылары мен мамандарына өз аудандарындағы несие ала алмай жүрген қаншама шаруашылықтардың, тіпті, несие серіктестігі мүшелерінің мұң-мұқтажы немесе өтініштері, ұсыныстары туралы бір ауыз сөз айтпай кетті.
Несие алудағы басты кедергінің бірі шаруашылықтардың көпшілігінде кепілдіктің болмауы екендігін айтқан облыс әкімінің орынбасары аудан әкімдерінің орынбасарларына шаруа қожалықтарымен, несие серіктестіктерімен, кооперативтермен, шаруалармен несие алуға өтінімдер беруді әзірлеп, ұйымдастыруды қайталап тапсырды. Көктемгі, күзгі дала жұмыстарына беріліп жатқан қысқа мерзімді несие болса, биылғы желтоқсан айына дейін пайыздық үстемесімен қоса қайтарылып берілуі тиіс.
Аймақтағы ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшылары жеңілдікпен берілетін несие бағдарламасының кем-кетігін де көрсетіп, өз ұсыныстарын жеткізді.
Ержан Нұрбаев, «ВостокАгрохолдинг» серіктестігінің басшысы:
Ауыл шаруашылығы министрлігі бекіткен жаңа бағдарламада несиелендіруге жататын басым бағыттағы ауыл шаруашылығы дақылдарының ішіндегі кейбір дақылдарды өсіруге кететін шығындарға көрсетіліп отырған несие қаржысының көлемі дұрыс есептелмеген. Мысалы, күнбағыстың бір тоннасына бөлінген несиелік қаржы рапстың бір тоннасына бөлінген қаржыдан әлдеқайда көп. Алайда, күнбағысқа қарағанда рапсты өсіруге көп шығын жұмсалады, бірақ бағдарламада рапсқа кететін шығынға бөлініп отырған несие көлемі күнбағысқа кететін шығыннан әлдеқайда төмен белгіленген. Бағдарламадағы осындай кереғар нормаларды жойып, реттеу қажет деп есептеймін.
Жанаргүл МҰҚАТАЙ