Төр Алтай қымыз мерекесін тойлады

Катонқарағай ауданында Шығыстың, Төр Алтайдың бренді болып саналатын бал мен қымыз мерекелерін өткізу жыл сайынғы дәстүрге айналып отыр.
Катонқарағай ауданы жылқы басы жағынан облыста екінші орында тұр. Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Рақымғали Байгереевтің айтуынша, былтыр аудандағы 60-тан астам кәсіпкер 450 тоннадан артық қымыз өндірді. Ұлттық сусынды өндіріп жатқан аудан кәсіпкерлеріне 2015 жылы мемлекеттен 74 млн. теңге субсидия берілді. Ауданда өндірілген қымыздың 70 пайызға жуығы Белқарағай ауылдық округінің үлесінде. Қамбар ата түлігін көбейте түскен Катонқарағай, Өрел, Аққайнар, Жамбыл ауылдық округтерінің қожалықтары да бие байлап, қымыз сауып келеді.
Жаз айына бергісіз қыркүйектің тамылжыған шуақты күнінде өткен қымыз тойына келгендерді ауыл округтері қаз-қатар тігілген шатырларымен, табиғи тағамдарға, қымызға толы мол дастарханымен қарсы алды. Арба сүйреу, арқан тарту, ауыр тасты лақтыру, шеңберден итеріп шығару сияқты «Алыптар сайысы» мен атты ерттеп мінудегі ептілік, шеберлікті таныту сияқты өзгеше жарыстарға қатысқан жеңімпаздарға сыйлықтар табыс етілді.
Қымыз тойының мәнді де сәнді өтуіне үлкен үлес қосқан Белқарағай ауылдық округі (әкімі – Дәурен Қалибеков) шараны жоғары деңгейде ұйымдастырып, саба-саба қымызы, дәмді дастарханымен мерекенің жүлдегері атанса, Катонқарағай, Аққайнар, Новополяковка,https://sapc.kz/ Жамбыл ауылдық округтері екінші, үшінші орындарды жеңіп алды.
Қымыз мерекесі аясында өткен жәрмеңкеде 1700 литр қымыз, 1 тонна 200 келі бал, 250 мың теңгенің құрт-ірімшігі сатылды.
Жанаргүл Мұқатай
Катонқарағай ауданы.