525 заңсыз қоқыс алаңы анықталған

Шығыс Қазақстанда 500-ден астам заңсыз қоқыс алаңдары анықталған. Бұл – әзірге Өскемен маңындағы 50 шақырымдық қашықтықтағы жағдай.
Облыс аумағындағы 525 аумақта заңсыз қоқыс алаңдарының, сондай-ақ заңды түрде тіркелген қоқыс алаңдарының аумағынан тыс қоқыс төгілген 20 фактіні «ҚазақстанҒарышСапары» ұлттық компаниясы анықтап отыр.
– Еліміздің Экология министрлігі тұрмыстық қатты қалдықтар заңсыз жинақталған аумақтардың көзін жоюмен айналысуда, – дейді облыстық экология департаментінің басшысы Дмитрий Кавригин. – Осы мақсатта өткен жылдан бастап бұл істе ғарыштық мониторинг жасауды бастадық. Осындай мониторинг жасаудың арқасында биыл ғана облыс орталығы мен оған жақын орналасқан Ұлан, Глубокое аудандарының аумақтарынан 525 заңсыз қоқыс алаңдарын анықтап отырмыз. Экология департаментінің инспекторлық құрамымен жүргізілген тексерулер барысында олардың 25-і заңды түрде тіркелген қоқыс алаңдары екендігі белгілі болды. 19 орын қоқыс алаңы емес қираған ғимараттар болып шықты. 190 рейд ұйымдастырылып, нәтижесінде 57 қоқыс алаңының көзі жойылды.
Департамент өкілдерінің айтуынша, смартфонына «Waste edit» қосымшасы жүктелген экология инспекторлары қоқыс алаңдарына барып, фото және бейнефактіні тіркеген соң қоқыс алаңдарының қазіргі жағдайын сол жерден орталықтандырылған базаға жолдайды. Ғарыштық мониторингте қызыл түспен белгіленген заңсыз қоқыс алаңдары тазаланған соң қайтара фотосуретке түсіріліп, базадан алынып тасталынады.
– Анықталған қоқыс алаңдарын тазарту бойынша аудан, қала әкімдеріне арнайы хат жолдадық. Бұдан бөлек, кестеге сәйкес заңсыз қоқыс алаңдарының көзін жою жұмыстарын күшейту жөнінде облыс әкімінің орынбасарына да хат жазылды. Жүргізілген жұмыстар нәтижесінде Глубокое, Шемонайха, Ұлан аудандары мен Өскемен қаласының аумағындағы 127 қоқыс алаңының көзі жойылды. Сонымен қатар жоспардан тыс тексерулер жүргізу нәтижесінде кәсіпорындар аумақтарында анықталған қоқыс алаңдары бойынша ескертулер жасалды, – дейді департамент басшысы.
Өңірлік баспасөз өкілдеріне арнайы баспасөз-турын ұйымдастырған Экология департаменті Өскемен қаласының Автобусная көшесіндегі заңсыз қоқыс алаңдары мен олардың тазартылу барысын көрсетті. Департамент өкілдерінің айтуынша, мұндай қоқыс алаңдарының пайда болуына көбіне тұрғындардың өздері кінәлі көрінеді. Қалдық шығаруға қаражатын қимаған тұрғындар қоқысты аула қоршауынан асыра тастауды әдетке айналдырған. Осының салдарынан қоқыс тау болып үйіліп, маңайды ластай бастаған.
Автобусная көшесінің төменгі жағында заңды түрде тіркелген қоқыс алаңы бола тұра, жергілікті тұрғындар қоқысты оның іргесіндегі жерлерге төккен. Жақында аталмыш учаскені жергілікті кәсіпорындардың бірі алып, оны өз қаражатына тазартқан екен. Алдағы уақытта осы маңдағы жеке тұрғын үйлер иелерімен жұмыстың күшейтілетінін алға тартқан департамент басшысы құқық қорғау органдарымен бірлесе отырып, мәселенің біржақты етілетінін атап өтті.
Азамат Темірбеков