Қоғам

52 пәтер берілді

Жаңа жыл қарсаңында өскемендік 52 отбасы баспаналы болды. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ның салымшылары мен үй кезегінде тұрған азаматтарға пәтерлер «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша берілді.

–  Жаңа жыл мерекесі қарсаңында тұрғындардың үй алып жатқаны үлкен қуаныш, – деді тұрғындарға пәтер кілттерін салтанатты түрде табыстаған облыс әкімі Даниал Аметов. – Баспаналы болу әр адамның арманы екені белгілі.  Жаңадан алған үйлеріңіздің іші қуанышқа, шаттыққа, балалардың жарқын күлкісіне толсын!

Бұл күні құрылысы аяқталып, қолданысқа берілген тоғыз қабатты тұрғын үйдің 52 пәтері тұрғындарға табысталып, қоныс тойларына ұласты.

– «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне» салымшы болып, пәтер алатын қаражаттың 20 пайызын, яғни алғашқы жарнасын жинаған едім. Енді міне, «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы арқылы бес пайыздық жылдық сыйақы мөлшерлемесімен бір бөлмелі пәтерге ие болдым, – дейді Назира Меделханова.

Жалпы, биыл «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ арқылы 430 пәтерлік төрт үйдің құрылысы аяқталып, қолданысқа берілген. Бір шаршы метрінің құны 140 мың теңгені құрайтын мұндай үйлердің құрылысы алдағы уақытта да жалғасын тауып, 2020 жылы 742 пәтерлік тоғыз үй салынатын көрінеді.

– Бүгін 72 пәтерлік тұрғын үйдің 52 пәтері тұрғындарға табысталды, – деді «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ облыстық филиалы директорының орынбасары Дәурен Мырзатаев. – Пәтер кілттерін алған тұрғындардың жартысы кезекте тұрғандар болса, қалған бөлігі біздің банктің қарапайым салымшылары. «Алтай Строй» компаниясы салған үйдің сапасы жақсы. Биыл  біздің банк жалпы құны 17 млрд. 863 млн. теңгені құрайтын сомаға 2208 адамға несие қарызын берді.

  Азамат Темірбеков

Осы айдарда

Back to top button