Қоғам

50 саңлақ, 50 үміт

50 саңлақ, 50 үміт


Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Асқар Можанов пен фристайл-могульдан еліміздің құрама командасының аға жаттықтырушысы Виктор Рейхерд аймақтық коммуникациялар қызметінде ХХVІІІ қысқы дүниежүзілік Универсиадаға Кенді Алтайдан қатысатын саңлақтар, олардың дайындығы жайында баспасөз мәслихатын өткізді.

-Мұның алдында хабарлағандай, жылдың басты додасына Шығыстан 42 емес, 50 спортшы қатысатын болды,-деп бастады әңгімесін Асқар Байжігітұлы. – Саусақпен санасақ, олардың қатарында шайбалы хоккейден – (ерлер мен әйелдер) 19, фристайлдың могул және акробатика түрінен – 7, шаңғы мен биатлоннан – 10, тау шаңғысы, шаңғымен тұғырдан секіру, конькимен жүгіру, сноуборд, шаңғы қоссайысынан – 14 саңлақ бар. Бұлардың барлығы халықаралық, республикалық жарыстарда тәжірибе жинаған жалынды жастар. Демек, біз олардан үлкен үміт күтеміз.

Фристайл – аса күрделі, үлкен шеберлік пен тактикалық тәсілді қажет ететін спорт түрі. Универсиада ойындарында Шығыстың 7 саңлағы өнер көрсетпек. Олардың ішінде Юлия Галышева мен Дмитрий Рейхерд Олимпиада ойындарына қатысып, тамаша нәтиже көрсеткен, Әлем кубогы кезеңдерінде, Азия ойындарында топ жарған өрендер. Жақында ғана Д.Рейхерд Американың Лэйк-Плэсид қаласында өткен Әлем кубогының кезекті сайысында алтыннан алқа тақты. Демек, екеуі де Универсиада ойындарында топ жарады деген үміттеміз. Біздің бұл ойымызды еліміз құрама командасының аға жаттықтырушысы Виктор Рейхерд былай деп түйіндеді.

– Ару қала Алматыда өтетін дүниежүзілік Универсиадаға дайындықты екі жыл бұрын бастағанбыз. Ең алдымен республикалық және халықаралық жарыстарда көзге түскен талантты жастарға таңдауымыз түсті. Бұдан кейін оқу-жаттығу жұмыстарына кірісіп, Риддерде спортшыларды бір ай бойы шыңдадық. Былтырғы қазан айында бүкіл құрамамен Швейцарияда жаттығу жасадық. Әлемнің барлық мемлекеттерінен Швейцарияға кілең дүлдүлдер жиналады, олардың тәжірибесімен танысып, тактикалық тәсілдерін көкейге түйдік. Қазір екі құрама, негізгі және резерв бойынша дайындық жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Д.Рейхерд Әлем кубогы кезеңінен кейін бірер күнде Алматыға келеді. 7 ұл-қызымыз жеңіс жалауын желбіретеді деген сенімдеміз,-деді аға жаттықтырушы.

– Турин және Сочи қысқы Олимпиада ойындарына қатысып, көзбен көрген кезде фристайл бойынша өнер көрсеткен шеберлер ойынына тек Канада мен Құрама Штаттардан келген қазылар төрелік жасағанын көрген едік. Рас, фристайлдың отаны – Канада. Бірақ та, тәуелсіз ел болғанымызға 25 жыл болды. Біз өз төрешілерімізді қашан дайындаймыз? Мәселен, Сочиде екі өреніміз де керемет шеберліктерін көрсетті. Юлияның кедір-бұдыр жолдан төмен қарай сырғып келе жатып артқа емес, алға қарай сальто жасау әдісін ешкім жасай алмайды. Дмитрий де Сочиде финалда үшінші орында келе жатып, нәтижесінде бесінші орынды қанағат тұтты. Судьялардың қазақстандықтардың екі медалін тартып алғанын көрген кезде, үлкен спорттағы әділетсіздіктер қашан жойылар деген ой келеді. Алматы төріндегі сайысқа кімдер төрелік етеді? – деп сауал қойдық.

– Біз бұл мәселені назардан тыс қалдырғанымыз жоқ. фристайл Шығыс пен Оңтүстікте қарқынды дамып келеді. Дүбірлі жарыстарға төрелік жасайтын мамандарды мұхиттың ар жағына жіберіп дайындау қолға алынды. Универсиадада Ресей мен Беларусь, Еуропа елдерінің, біздің де қазыларымыз төрелік жасайды. Алаңдауға еш негіз жоқ,-деді аға бапкер.

Басқарма басшысы Асқар Можанов соңында Универсиада эстафетасы жайында әңгімеледі. Оған таңдаулы спортшылар, Олимпиада ойындарының чемпионы Ольга Рыпакова, жоғары және орта арнаулы оқу орындарының 60 үздік студенттері қатыспақ. Эстафета 26-шы қаңтарда сағат 14.30-да Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті алдында бастау алып, қаланың көрікті жерлерін аралап, Б.Александров атындағы спорт сарайы алдына келмек.

Оңдасын Елубай

Осы айдарда

Back to top button