Қоғам

50 мың шаршы метр жол жөнделмек

Биыл облыс орталығында жалпы аумағы 50 мың шаршы метр жолдар жөнделмек. Алдағы уақытта жөнделетін жол көлемі тағы да артуы мүмкін. Бұл туралы қала әкімі Жақсылық Омар хабарлады.

Қалада жол жөндеу жұмыстары жалғасуда. Жалпы алғанда, орташа жөндеу жұмыстары 21 учаскеде жүргізіледі екен. Оның ішінде Крылов, Красин, Стаханов көшелері мен Үлбі кентіндегі жолдар секілді проблемалық учаскелер бар.

– Қазір Қабанбай батыр көшесіндегі асфальттың тегістеуші қабаты төселіп қойды. Енді мұндай жұмыстар Крылов пен Красин көшелерінде басталмақ. Көшелердің бойынан жасыл көшеттер отырғызатын орындар белгілеу жағы да ойластырылуда. Жақын арада дәл осындай жұмыстар Күленов кентіндегі Халықтар достығы және Гавань ауданындағы Интернациональная көшелерінде де басталуы тиіс. Барлық учаскедегі жұмыстарды бір уақытта жүргізу аса маңызды, бұл бізге орташа жөндеу жұмыстарын 1 маусымға дейін аяқтауға мүмкіндік береді, – деді шаһар басшысы.

Белгілі болғандай, қазір шұңқыр жамау жұмыстары Қабанбай батыр, Михаэлис және Алматы көшелерінде жүргізілуде. Бүгінге дейін бастапқыда жоспарланған 35 мың шаршы метр көлемнің 20 мыңында жұмыстар толықтай аяқталып қойған.

– Жақында қосымша 15 мың шаршы метр жолды жөндеуге қаржы бөлу туралы шешім қабылдадық. Осылайша, биыл жөндеу көретін жолдардың аумағы 50 мың шаршы метрге дейін жетпек. Қажет болса, бұл көлем тағы да өсуі мүмкін, – деді әкім.

Сәрсен Қабылым

Осы айдарда

Back to top button