Қоғам

47 адам өңірлік квотаға енгізілді

Азамат Темірбеков

Биыл облыс орталығына жұмыс күші басым өңірлерден көшіп келетін және қандастар санатындағы жиырма отбасы өңірлік квотаға енгізілді.

Бүгінде жұмыс күші тапшы өңірлерге жұмыс күшін тарту бағдарламасының жұмыс істеп жатқанына бірнеше жылдың жүзі болғаны көпшілікке белгілі. Қазіргі уақытта Алматы, Жамбыл, Маңғыстау, Түркістан, Қызылорда облыстары мен Шымкент, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларынан тартылған азаматтар жұмыс күшінің өңірлер арасындағы мобильділігін арттыра түскен.

Өскемен қалалық халықты жұмыспен қамту орталығы мамандарының хабарлауынша, еркін көші-қонға өңірлік квотаға енгізілген отбасылар қатыса алатын көрінеді. Ол үшін халықты жұмыспен қамту орталығы мен бағдарлама қатысушысы арасында бес жылға әлеуметтік келісімшарт жасалады. Ал жұмыс күшінің тартымдылығын арттыру үшін бірқатар мемлекеттік қолдау түрлері қарастырылады.

Атап айтсақ, бағдарлама қатысушысы мен оның отбасы мүшелеріне көшу үшін бір реттік тұрғыда 70 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде қаржылай көмек жасалады. Биыл оның мөлшері 214 410 теңгені құрайды. Сонымен қатар отбасына тұрғын үйді жалдауға және коммуналдық төлемдерді төлеуге қаржылай қолдау жасалады. Оған қоса, мұндай отбасылардың аталған қаржылай көмек түрін тұрғын үй сатып алу кезінде бірден ала алатын мүмкіндіктері бар.

Қалалық жұмыспен қамту орталығының ақпаратына сүйенсек, биыл өңірлік квотаға комиссия шешімімен құрамы 47 адамнан тұратын 20 отбасы енгізіліп, олардың 11-і қажетті көлемде қаржылай көмекті алып үлгерген. Осындай отбасылардың бірі Райхат Черемжановтың жанұясы үстіміздегі жылы Алматы облысына қарасты Қосөзен ауылынан көшіп келген. Үш ұл, бір қыз тәрбиелеп отырған көпбалалы әке «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» Ұлттық жобасы жайлы естіген соң бірден оған қатысуға өтініш білдірген. Осылайша, ол Өскемен қаласына ерікті түрде қоныс аударып, көшіп келу қаражатын кәдеге жаратты. Нәтижесінде облыс орталығындағы титан-магний комбинатына күзетші ретінде жұмысқа тұрып, қаланың 28-ші шағын ауданынан баспана алды.

Осы айдарда

Back to top button