Қоғам

450 тоннаға жуық ауылшаруашылық өнімдері саудаланды

450 тоннаға жуық ауылшаруашылық өнімдері саудаланды

Сенбі күні Астанада Шығыс Қазақстан облысының ауылшаруашылық жәрмеңкесі болып өтті.
Бұл күні Елорда төрінде барлығы 94 шатыр тігіліп, ет пен сүт, шұжық, бал, жарма өнімдері, өсімдік майы, сондай-ақ, қымыз, тары, құрт сияқты ұлттық тағамдар молынан саудаланды.
Осы жолғы жәрмеңкеге әсіресе, Шығыстың брендтік тауарлары – бал және панты өнімдері көптеп әкелінгенін айта кету керек. Мәселен, шығысқазақстандық кәсіпкерлер Астанаға өздерімен бірге 50 тоннадан астам бал ала келіпті. Катонқарағайдан жеткізілген ет пен қымыз, Глубокоедан әкелінген бал өнімдері, бәрі де астаналықтар мен қала қонақтары тарапынан зор сұранысқа ие болып, пышақ үстінде сатылып кетті.
– Еліміздің аймақтарындағы шаруалар күз айларында керуен тартып, Елордаға келетіні бар. Бұл бір жақсы дәстүрге айналған бастама. Дегенмен, бүгінгі жәрмеңкенің жөні бөлек. Өйткені, осы жолы Астанада ерекше сапалы ауылшаруашылық өнімдерімен танымал Шығыс Қазақстан облысының жәрмеңкесі өтуде. Әдеттегідей дәмі тіл үйіретін балдан, жоғары сапалы күнбағыс майы мен панты өнімдерінен бөлек, ірімшік, қарақұмық, қымыз және картоп әкелініпті. Ет те молынан жеткізілген екен. Және ең бастысы, барлық өнім қолжетімді бағамен саудалануда, – дейді Светлана Арыстанбекова есімді қала тұрғыны.
Расымен де, жәрмеңке сөрелеріне қойылған кез келген тауар өзінің арзандығымен ерекшеленді. Мәселен, бір келі еттің бағасы 950 теңгеден аспады.
Жалпы, жәрмеңкеге облысымыздан 35 тонна ірі қара мен қой еті, 13 тонна шұжық, 12 тонна сүт өнімі, 9 тонна өсімдік майы, 8 тоннадан астам жарма түрлері, 8 тонна қымыз бен ұлттық өнімдер, 2 тоннаға жуық балық жөнелтілген екен. Дегенмен, Астанаға әкелінген өнімнің басым көпшілігін картоп құрады. Бұл жолы Елорда жұртшылығына арнап 200 тоннаға жуық аталмыш бақша өнімі жеткізіліпті. Дей тұрғанмен, түс ауа бұл өнімнің де толықтай сатылып кетуі Шығыста өсірілетін картоптың сапасы жоғары екенін тағы бір айғақтаса керек.
Мамандардың айтуынша, бұл жолғы жәрмеңкеде шығысқазақстандық кәсіпкерлер барлығы 450 тоннадай өнімін саудалапты.
Қала қонақтары бұл күні шаһардың орталық алаңында тігілген ақшаңқан киіз үйлерге бас сұғып, ұлттық тағамдардан дәм татуға мүмкіндік алды. Сонымен қатар бұл күні астаналықтардың назарына орталық алаңда орнатылған сахна төрінде Шығыс Қазақстаннан келген өнерпаздардың қатысуымен концерттік бағдарлама ұсынылды.

Шығыс-Ақпарат

Осы айдарда

Back to top button