450 миллиграмм өмір сыйла

Ауласында студенттер мен оқытушылар ғана жүретін С.Аманжолов атындағы ШҚУ-дың жанында сарғыш автобус тұр және оған денсаулығы жақсы адамдарға ғана кіруге рұқсат етілген. Автобусқа кіріп-шыққан әр адам бірнеше мұқтаж жанға көмектесе алады. «Ол сонда қандай автобус екен?» деп таңырқап отырған боларсыз. Ендеше, айтайық.
Көптің көзіне шалынған көліктің сыртында «Донор! Бүгін сен тапсырған қан біреудің өмірін сақтап қалады» деген жазу жазылған. Рас, сіз тапсырған қан әлдебір науқасты бір ажалдан аман алып қалуы әбден мүмкін. Бірақ донорлық мұнымен шектеліп қалмаса керек. Қан тапсырғаны үшін берілген ақшаны олар көмекке зәру көпбалалы немесе әлеуметтік жағдайы нашар отбасыларға, басқа да адамдарға ұсынбақ. Автобустан шыққар әрбір адам арнайы орнатылған жәшікке ақшасын салып кетіп жатты.
Игі шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай «Қайырымды істер марафоны» жалпыұлттық жобасы аясында ұйымдастырылып отыр. Аталмыш бастаманы облыстың Жастар ресурстық орталығы мен С.Аманжолов атындағы ШҚУ қолға алған.
– «Жылы жүрек» қайырымдылық марафонына университетіміздің оқытушылары мен студенттері қатысып жатыр. Көріп тұрғандарыңыздай, таңертеңгі сағат 9.00-ден бастап қан тапсыруға ниет білдіріп келіп жатқандар қарасы толастаған емес. Қан тапсырғанда берілетін ақшаны донорлар қайырымдылыққа бағыттай алады немесе өз керегіне жұмсайды, – дейді университеттің тәрбие жұмысы және әлеуметтік мәселелер жөніндегі бөлім басшысы Бақдаулет Анас.
Иә, байқауымызша, донорлар өзіне берілген қаражатты өзгенің қажетіне жаратуды мақсат етіпті. Солардың бірі – Ербол Тұрсынбай. Компьютерлік мехатроника мамандығының 2-курс студенті қан тапсыруға алғаш рет келгенін айтады.
– Университетіміздің белсенді студенті болған соң жаңалықтардан құр қалмай, бәрін оқып-біліп жүремін. Жуықта «Жылы жүрек» акциясы өтеді деген хабарды естіген бойда қан тапсыруға бел байладым. Өмір үшін арпалысып жатқан науқастарға көмек беріп, баласына киім әперуге мүмкіндігі болмай отырған ата-аналарға қол ұшын созсам қандай керемет, – дейді студент.
Тәртіп бойынша донор болғысы келгендер алдымен сұрақтарға жауап беріп, анкета толтырады. Денсаулығын тексертіп, дәрігерлердің оң шешімін күтеді. Содан кейін ғана рұқсат. Әр адамнан 450 мг мөлшерінде қан алынады.
Ұйымдастырушылар бұл игі шара алдағы уақытта да жалғасын табатынын айтты. Осы ретте біз қан тапсырамын деушілер үшін не істеу керегін сұрап білдік.
– Донор болғысы келген адам өзімен бірге жеке куәлігін алып келуі шарт. Қан тапсырардан бір күн бұрын кешке майлы, тұзды, сүрленген тамақтардан бас тарта тұрғаны абзал. Ал таңғы ас ішу міндетті. Онда да бірақ тамақты аса көп жеуге кеңес берілмейді. Жеңіл тамақ, мәселен, қара шай мен буға піскен тағамдарды немес ботқа жеуге болады, – деген облыстың Қан орталығының қызметкері Мира Мустафина қан тапсырып болған соң сұйық көп ішіп, тынығу керектігін де ескертті.
Қан тапсыру медицинада 1881 жылдан бері қолданылып келеді. Содан бері қаншама науқасқа донорлықтың пайдасы тиді және әлі де тие бермек. Ал сіз бір рет болсын 450 мг қаныңызды өзгенің өмірі үшін қиып көрдіңіз бе?..
Балауса Қожаева