Қоғам

400-ден астам кадет ант қабылдады

400-ден  астам кадет ант қабылдады


Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы күні айтулы мерекеге орай облыс орталығындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде «Ұлы дала елі – Тәуелсіздіктің 25 негізі» 25 жұлдызды күн аясында жас патриоттар слеті өтті.

Облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсүпова қатысқан шара барысында облыстың әр аймағынан жиналған «Шығыс ұландары» арнайы сыныбының 400-ден астам кадеті Отанға адал қызмет етуге ант беріп, кадеттік сынып оқушыларының куәлігіне ие болды.

Биыл облыстың жалпы білім беретін мектептерінде 25 «Шығыс ұландары» кадеттік сыныптары ашылған болатын. Әр сыныптағы оқушы саны да 25. Мұндай ерекше сынып ашу бастамасын облыстық білім басқармасы «Дарынды мектеп» кешенді жоспарын жүзеге асыру аясында қолға алған еді.

Білім алу барысында аталған сынып оқушылары мектеп бағдарламасынан тыс әскери-техникалық және жаттығу дайындығын жетілдіріп, әскери іс негіздері, топография, жекпе-жек, гимнастика және хореография сабақтарын тереңдетіп оқитынын айта кеткен орынды. Бұлардың ішінде Семей қаласындағы «Дарынды балаларға арналған Ш.Уәлиханов атындағы «Жас ұлан» арнайы ерлер мектеп-лицей-интернаты» тірек мектебі ретінде таңдалып алынды.

– Бүгін біз ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығын атап өтудеміз. Сіздерді Ұлы мерекемен құттықтаймын! Тәуелсіздік дегеніміз – ең бастысы, бұл біздің балаларымыз, олардың тәрбиесі, білім алуы және олардың ұлттық асқақ рухы. Тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі жағдайы сіздерге білім мен жетістікке ұмтылуға, жаңа ғылымды меңгеруге, әскери істі терең игеруге, барлық жағынан кәсіби шебер болуға мүмкіндік ашып отыр. Сіздерге қарап басқа оқушылар да бой түзейтін болады. Әскери форма, иықтағы погондарыңыз көп нәрсеге міндеттейді. Сондықтан өздеріңізді ең жақсы қасиеттер: адалдық пен шыншылдыққа тәрбиелеңіздер, – деді жас патриоттарды құттықтау сөзінде облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсүпова.

– Біз бұл күнді ұзақ күттік. Бір жылдың ішінде әскери дайындықты меңгерумен қатар, қатарластарымыздың алдындағы үлкен жауапкершілікті сезіне алдық. «Шығыс ұландары» сыныбының оқушылары барлық жағынан үлгі болуы тиіс. Біз бейбіт елде өмір сүрудеміз, Тәуелсіз Қазақстанымыз бұдан ары да гүлденіп, көркейе берсін, – деді өз қуанышымен бөліскен кадет сыныбының оқушысы Лейла Қасанова.

«Жас ұлан» лицейі тәрбиеленушілерінің көрсетілімдері, жас дауылпазшылар взводының қойылымы, әдемі би композициялары мереке ажарын кіргізді.
– Осындай балаларға еліміздің болашағын сеніп тапсыруға болады. Қазірдің өзінде олар Қазақстанның нағыз патриоттары болып тәрбиеленуде, -дейді «Жас ұлан» арнайы ерлер мектеп-лицей-интернатының директоры Құрмаш Оқасов.

Слетке қатысушыларды облыстың күштік құрылымдарының өкілдері, білім беру мекемелерінің басшылары да құттықтады. Сонымен бірге, жиында аймақ басшысының орынбасары өңірдің білім, денсаулық сақтау және әскери іс саласының бір топ үздіктерін марапаттады.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button