Қоғам

40 жыл жедел жәрдем көлігін жүргізіпті

40 жыл жедел жәрдем көлігін жүргізіпті

Аягөздің көшесінде асығыс жүйткіп бара жатқан жедел жәрдем көлігінің рулінде тәжірибелі жүргізуші отыр. Ол қандай асығып бара жатса да, ешқашан жол ережесін өрескел бұзған емес. Себебі, Гүлімхан Садықова өз ісінің нағыз маманы. 40 жылдан астам «УАЗ-таблетканың» құлағында ойнаған тіс қаққан жүргізуші қазыр су жаңа шетелдік реаномобильді тізгіндеп жүр.
Аягөз көшелерінде «таксовать» етіп жүрген 70-тегі апамыз туралы да жазғанбыз. Иә, Аягөзде бұған ешкім таңғалмайды. 40 жылдан астам уақыт ауданның ұңғыл-шұңғылының бәрін аралап, өзінің жедел жәрдемімен сан мың науқасты ауруханаға жеткізген Гүлімхан апайды да танымайтын адам жоқ. Біз барған кезде Гүлімхан Садықова кезекті шақырту бойынша жолға шығып кетіпті. Маңайдағы ауылдардың біріне кеткен жедел жәрдем қайта оралғанша біршама уақыт күтуге тура келді.
– Мен осы жедел жәрдем бөлімінде Гүлімхан апаймен жұмыс істегеніме 27 жылдай болып қалды. Бұл кісі мұнда отыз жылдан артық уақыт еңбек етті. Ісіне мығым, тәжірибесі мол адам. Талай рет далада қалып, батпаққа батып, қарлы борандарда бірге адастық. Бұл кісіні әмбебап деп айтуға болады. Үйде де, түзде де бірқалыпты, ақжарқын, кеңпейілді, қашанда біреуге көмектескісі келіп тұрады. Қасымызда апайымыз барда бізде ешқандай қорқыныш болмай, сеніммен жүретінбіз. Өзінің білетінін әрқашан бөлісіп отырады. Қаншама жас жүргізушілерді тәрбиелеп, жол көрсетті. 90 жастан асқан енесі бар, оны баладай күтіп отыр. Мен шаршадым деп мойып көрмеген жан. Әрқашанда жинақы жүреді, – дейді жедел жәрдем қызметінің аға фельдшері Гүлнара Мұрсамбаева.
Бізде бір стереотип қалыптасқан. Көлік жүргізушісі міндетті түрде ер адам болуы керек, бұл – нәзікжандыларға арналмаған жұмыс, немесе әйелдердің қолынан мүлдем келмейді деген сияқты. Ал аурухана ауласына ағындата кіріп тоқтаған жедел жәрдемнен күлімдеп түсіп келе жатқан Гүлімхан апайды көрген кезде, жаңағы ойыңыздың қайда қалғанын білмей қаласыз.
Ол 1957 жылы дүниеге келіпті. Еңбекке ерте араласқан қаршадай қыз мектеп бітіре салып, бензовоздың руліне отырған. 17 жасында трактор атаулының кез келгеніне отырып, жер жырта береді. «Мыңбұлақ», «Нарын» совхоздарының қайнаған еңбек майданына білек сыбана кіріскен. Еңбекке ерте араласқаны сондай жүргізуші куәлігін бір жылдан кейін, 18 жасқа толғанда бірақ алады.
– Әрине, бұл нәзік жандарға жарасымды мамандық деп айта алмас едім, бірақ шектен тыс сызылып тұру да қазақ қыздарына онша тән емес. Кезіндегі жаугершілік замандарда арулар ерлермен бірдей садақ тартып, атқа мінуді меңгергенін білесіздер, жаугершілік заманның талабы солай болған шығар. Біздің тұсымызда да еңбекке ерте араласуға тура келді. Әке-шешеміздің тәрбиесі солай болды, еңбекті сүюге үйретті, оған еш өкінбеймін,-дейді Гүлімхан Садықова.
Алғаш келін болып түскенде қиын болыпты. Ұзатылып барған жағы келіндерінің шопыр болғанын қаламаған болуы керек, отағасы да жұбайының жедел жәрдем жүргізгенін онша құптай қоймаған сияқты.
– Менің техникаға деген құлшынысым мен өз мамандығыма деген шексіз құрметім барлық кедергілерді жеңіп шықты. Кейін жұбайым да, туған-туысқандарым да менің мамандығыммен мақтанатын болды,-деп жымияды жүргізуші апай.
Рульде жүрген 42 жылдың ішінде апайымыз талай қиындықты көргенін айтты. Қазір ол халық арасында «УАЗ таблетка» атанған жедел жәрдем көлігінің моторын өзі шашып, қайта жинап алады екен.
Ерлер мен иық тірестіре еңбек еттік. Жұмыстың аты жұмыс. Жылдың 360 күнінің бәрі 8-наурыз емес, сондықтан, мен әйел адаммын деп дәрменсіздік көрсеткен жоқпын. Қазір ана «УАЗ» көлігінің «денсаулығын» моторының дыбысынан-ақ ажырата аламын. Өзі бір сапасыз көлік. Мына шетелдің реанимобилінің жанында кәдімгі темір-терсек. Қатты ауырып жатқан адамды жедел жеткіземін десең, одан сайын ауыртасың. Себебі, ескі және жүрісі жайсыз,-дейді Гүлімхан апай.
Зейнетке шығардың алдында ғана шетелдің жайлы көлігіне мінген еңбекқор жан 42 жыл көлік айдаса да, бұл жұмыстан еш қажымағанын айтады. Күнделікті еңбек оны керісінше шыңдап, қуаттандырып отырады екен. Жуықта Гүлімхан апай құрметті зейнеткер атаныпты. Ол қазір Құдай қосқан жұбайының қасында үш баласы мен бес немересінің қызығын көруде. 40 жылдан астам уақыт дәрігерлерді діттеген жеріне жеткізіп, хал үстінде жатқан науқастарды жанын шүберекке түйіп ауруханаға жеткізген апайымыздың еңбегі орасан зор.

Дарын Нұрсапаров

Осы айдарда

Back to top button