40 жыл елге жарық сыйлаған ұжым

Тарбағатай аудандық электр желісі 1977 жылы маусым айында Зайсан ауданынан өз еншісін алып, бөлініп шыққан еді. Сол кезде Ақжар бөлімшесінің аға шебері Қосман Нұрақыжанов жаңадан құрылған желінің басшысы болып тағайындалған. Жаңадан құрылған желіге техникалық жұмысшылар керек болды. Сол кезде аудан көлемінде Оралхан Сағатбеков екеуіміз ғана энергетика саласында оқу бітірген екенбіз. Ласты және Қарасу совхоздарында инженер-электрик болып жұмыс істеп жүрген біздерді жаңа бөлімшенің жауапты қызметтеріне алды.
1981 жылдың қараша айында аудандық партия комитетінің нұсқауымен мені жаңадан құрылған «Сельхозэнерго» мекемесіне ауыстырып жіберді.
Тағдырдың жазуымен 1994 жылы маусым айында Тарбағатай аудандық электр желісіне қайтадан жұмысқа орналастым. Сол жылдары оңтүстік электр желісінің директоры болған Аманай Нұрғалиевтың ықпалымен аудандық электр желісінің базасы нығайтылды. Шаруашылық есеппен қалған жұмыстарды бітіруге кірісіп кеттік. М.Адамбаев, А.Қалыбаев, Т.Ракымжанов, А.Бейсекенов пен марқұм Баяхмет Нұрахметов сынды қызметкерлер уақытпен санаспай еңбектенді. Бүгінгі жылы гараж бен қос қабатты еңселі ғимарат сол ұжымның күшімен бой көтерген.
Құрылғанына 40 жыл толған шағын ұжымда 1994-2013 жылдар аралығында түрлі лауазымдарда жұмыс істей жүріп, көптеген шәкірт тәрбиеледім. Елеубек Көксегенов, диспетчер Дәурен Амангелдин, Қанат Ажахметов, Талант Бейсенбаев, Марат Рахметов, Бекзат Ақан, Еркін Китанов, Серікжан Қисанов, Самат Кәріпжанов, Қанат Рақышев сияқты шәкірттерім бүгінде түрлі қызметтің тізгінін ұстап отыр.
Биыл аталған электр желісінің 40 жылдық мерейтойы Тарбағатай төсінде дүркіреп тұрып тойланды. Облыстың әр түкпірінен келген әріптестермен қауышып, мәз-мейрам болып қалдық. Олардың ішінде Алтай аймағының директоры Ерболат Алпиев және «Шығысэнерготрейд» ЖШС бас директоры Ерлан Текешов бар. Ақжар ауылының көрікті жерлерін аралап, ауылымыздың көркейіп келе жатқанына куә болдық. Ардагерлер Мақта апамыздың ескерткішіне гүл шоғын қойып, аудан әкімінің орынбасары Ержан Сабырбаев айрандай ұйыған ұжымды төл мрекесімен құттықтады.
Нығметолла Қызов,
ардагер-энергетик