40 отбасы баспаналы болды

Өткен жылы Жарма ауданының орталығында 40 отбасы баспаналы болды. Бұл туралы Қалбатау ауылдық округінің әкімі Берік Сәмежанов хабарлады.
Ауыл әкімінің айтуынша, түрлі санаттағы жармалықтардың баспаналы болуына «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы септігін тигізген.
– «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы арқылы республикалық бюджеттен бөлінген 26 млн. теңге мөлшеріндегі қаржыға үш жоба жүзеге асырылды. Аталған қаражатқа ауылдың екі көшесі жөндеуден өтіп, бір балалар ойыны алаңы салынды, – деді Берік Сәмежанов.
Сонымен қатар округтің жергілікті бюджетінен бөлінген қаржыға Қалбатаудағы орталық алаңға, орталық саябақ пен Достық көшесінің бойындағы саябаққа, мекемелердің алдына гүлзарлар орнатылып, 30 мың тал гүл отырғызылды. Ірі сауда орталықтары мен орталық саябақ қоршалып, шіріген ағаштар кесілді. Бұдан бөлек, Қапай батыр ауылындағы қатты тұрмыстық қалдықтар төгілетін полигонның алды тазаланды. Сондай-ақ ауылдық округке қарасты ауылдардың жолын жазда тегістеу, қыста қардан тазарту жұмыстары да осы жергілікті бюджет арқылы іске асырылды.
Азамат Темірбеков