ҚоғамТОП

Париж-2024: Дүбірлі додаға Шығыстан тоғыз спортшы қатысады

Төрткүл дүние жұрты тағатсыздана күткен төртжылдық додасы басталуға жақын. Париждегі ХХХІІІ жазғы  Олимпиада ойындарында ел намысын 80 спортшы қорғайды. Олар спорттың 25 түрінен сынға түседі.

Еліміз тәуелсіздік алғалы бері қатысқалы отырған сегізінші Олимпиада бұл. Осыған дейінгі ойындармен салыстырып қарасақ бұл жолы ұлттық құрама қоржынында лицензия саны азырақ. Дегенмен отандық спорт мамандары саннан гөрі сапа маңызды дейді.

Айта кетейік, Олимпиада жолдамасы негізінен Әлем біріншіліктері мен құрлықтық, әлемдік деңгейдегі іріктеу турнирлерінде беріледі, сондай-ақ әлемдік рейтинг қорытындысы бойынша да лицензияға ие болу мүмкіндігі бар.

Жеңіл атлеттерден жеңіс күтеміз

Бұған дейін жазылғандай, ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындарына ұлттық құрама сапында 80 спортшы барады десек, оның 9-ы Шығыс Қазақстаннан.

Атап айтсақ, еркін күрес шебері Азамат Дәулетбеков, таэквондошы Батырхан Төлеуғали, семсершілер Руслан Курбанов пен Вадим Шарлаимов, марафоншы Жанна Мамажанова, жеңіл атлеттер Нора Джеруто, Джепкемей Дейзи, Надежда Дубовицкая және Елизавета Матвеева Франция жеріндегі байрақты бәсекеде ел намысын қорғайтын болады. Бағы мен бабы қатар шапса бұлардың кез келгені олжа салады деп отыр мамандар.

Осы тоғыздың бесеуі жеңіл атлетикадан өнер көрсетеді. Олар: Нора Джеруто – 3000 метрге кедергімен жүгіру, Дейзи Джепкемей – 3000 метрге кедергімен жүгіру және 10 шақырымға жүгіру, Жанна Мамажанова – марафон, Надежда Дубовицкая мен Елизавета Матвеева – биікке секіру. Жалпы, жеңіл атлетикадан еліміз үшін қатысатын жеті спортшының бесеуі – Шығыс Қазақстан облысының өкілі.

Осы ретте допинг дауына іліккен жеңіл атлет Нора Джерутоның толық ақталғанын айта кету керек. Қазақстан Жеңіл атлетика федерациясының хабарлауынша, бұл дауға қатысты сот шешімі биылғы 25 маусымда шыққан.

«Спорт арбитраждық сотының (CAS) шешімімен 2022 жылғы әлем чемпионы Нора Джеруто толығымен ақталды. 2024 жылғы 25 маусымда халықаралық арбитраждық сот шешім шығарды: World Athletics-тың 2023 жылғы 24 қарашада World Athletics тәртіптік трибуналының 2023 жылғы 27 қазандағы спортшы Нора Джерутоның допинг қолданды деген күдікке байланысты шешіміне берген апелляциясы қабылданбады. Осылайша, Қазақстан Республикасы ұлттық құрамасының спортшысы күдіктен толығымен арылды», делінген хабарламада.

Естеріңізге болса, Нора Джеруто 2022 жылы Әлем чемпионатына қатысып, Қазақстан қоржынына тұңғыш алтын медальді салған болатын. Алайда 2023 жылдың көктемінде оған допинг қолданды деген айып тағылып, бір маусым бойы спорттан шеттетілген еді. Алайда халықаралық арбитраждық сот биылғы 25 маусымда шешім шығарып, Нора Джерутоны ақтады. Спортшы ешқандай да допинг қолданбаған, ал оның ағзасындағы өзгерістер коронавирустың әсерінен болған.

Сөйтіп допинг дауынан арылған Нора Джеруто араға біраз уақыт салып жарыс жолына қайта оралды. Оралды да, олжа салды. АҚШ-та өткен USATF Los Angeles Grand Prix бәсекесінде қола медальмен бірге Париж Олимпиадасының жолдамасын қанжығалады. Енді желаяқ қыздың жанкүйерлері одан Олимпиаданың жүлдесін күтеді.

Нора Джеруто 1995 жылы 10 ақпанда Кения елінде дүниеге келген. 2017 жылы Қазақстанға қоныс аударып, 2022 жылы азаматтық алды. Содан бері ресми түрде біздің елдің атынан дүбірлі жарыстарға қатысып жүр және Өскеменнің «Altay Athletics» клубының атынан өнер көрсетеді.

2022 жылдан бергі спорттық мәнсабында ол Қазақстан чемпионатында, Қазақстан Республикасының кубогі жарысында жүлделі орындарды жеңіп алған. АҚШ-та өткен Әлем біріншілігінде топ жарып, алтын медальға ие болған. Сонымен қатар Азия біріншілігінде де жақсы өнер көрсеткен. Ендігі меже – Олимпиада жүлдесі! Желаяқ қыздан жанкүйерлері жеңіс күтеді.

Руслан Курбанов: Психологиялық сынақтан сүрінбедік

Жүлдеден үмітті спортшылардың бірі – семсерші Руслан Курбанов. Ол 1991 жылы Өскеменде дүниеге келген. Семсерлесуден халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Ұлттық құраманың мүшесі.

2020 жылы Токиода өткен XXXII жазғы Олимпиада ойындарына қатысып, қорытынды есепте 12-ші орынды місе тұтқан. Бұған қоса ол Әлем кубогында алтын, Әлем чемпионатында қола жүлдені иеленген, 19-шы Азия ойындарында күміс жүлдегер атанған. Әлем кубогы мен Азия чемпионатының бірнеше дүркін жүлдегері атанған, Қазақстан чемпионатында сан мәрте жеңіс тұғыры көтерілген. Русланның ендігі мақсаты – Олимп шыңын бағындыру.

– Бізге финалда Жапония құрамасын жеңу керек болды. Сөйтіп әлемдік рейтингтегі көрсеткішімізді жақсартып, Олимпиада алдында психологиялық дайындығымызды тағы бір мәрте тексеріп алуды жөн санадық. Бұл сынақтан біздің команда өкілдері сүрінбей өтті. Алдағы дүбірлі додаға сақадай сай дайынбыз, – деді Руслан Курбанов жуырда ғана Кувейтте аяқталған Азия чемпионатынан оралған сәтте.

Айта кетейік, Кувейтте өткен Азия біріншілігінде семсерлесуден еліміздің ерлер командасы финалда Жапония спортшыларын жеңіп, чемпион атанған болатын.

Азамат Дәулетбеков – еркін күрес шебері

Шығысқазақстандық Азамат Дәулетбеков 1994 жылы 15 наурызда Семей қаласында дүниеге келген. Оның спортқа келуі де қызық, оған немере ағасы түрткі болыпты. Әйтеуір спорттың бір түрімен айналыссын деген оймен ағасы оны спорт залына әкелгенде Азамат еркін күрес кілемінде белдесіп жүрген сыныптастарын байқап, спорттың осы түрін таңдап алады.

Ел біріншілігінің бірнеше дүркін жеңімпазы, екі дүркін Азия чемпионы, екі рет Әлем чемпионатының қола жүлдегері атанған Азамат Дәулетбековке қазір үлкен үміт артылып отыр.

Olympic.kz сайты 86 келі салмақ дәрежесінде күресетін Азамат Дәулетбековке әлемдік рейтингте ешкім тең келмейді деп жазады. Өткен жылы Әлем чемпионатында үшінші орын алған Азамат біраздан бері алдына жан салмай келеді.

Азамат Дәулетбеков спортсүйер қауымның есінде 2023 жылдың Әлем чемпионатында соңғы секундтарда қола жүлдені жеңіп алып, Олимпиада-2024 жолдамасын алуымен есте қалары сөзсіз. Жаһандық доданың қола жүлдесін жерлесіміз Бахрейн құрамасының спортшысы Магомед Шариповтің уысынан жұлып алды! Азамат белдесудің соңғы сәтінде өзінің сүйікті әдісін қолданып, жеңіс тұғырына көтерілген-ді. Жалпы күресте соңғы сәттерде әдіс қолдану сирек кездесетін құбылыс екен.

Азамат Белградтағы дәл осы белдесуін спорттық ғұмырындағы ең есте қаларлық бәсеке деп есептейді.

– Әр жарыстың өзіне сай қиындықтары, ерекшеліктері бар ғой. Дегенмен, мен үшін соңғы әлем чемпионатының жөні бөлек. Неге десеңіз, қола жүлде үшін, жолдама үшін өткен белдесудің соңғы сәтіне дейін қарсыласымнан 3:2 есебімен жеңіліп жатқан едім. Бәрі менен үмітін үзе бастағанда өзімнің сүйікті әдісімді жасап, қарсыласымнан жеңісті жұлып алдым. Бұл сәтте кездесудің аяқталуына небәрі үш-ақ секунд қалған болатын. Негізі күрес түрлерінде соңғы секундтарда әдіс жасау өте сирек кездеседі. Сондықтан дәл осы әлем чемпионаты, қола жүлде үшін болған белдесу, одан қала берді Олимпиада лицензиясы сарапқа салынған бәсеке менің жадымда ұзақ уақыт сақталатыны сөзсіз, – дейді ол.

30 жастағы Азамат Дәулетбеков өз салмақ дәрежесінде екі жыл қатарынан Әлем чемпионатының қола жүлдегері және биыл үшінші рет Азия чемпионатының жеңімпазы атанды.

Ұлттық олимпиада комитетінің ақпараты бойынша, Азамат Дәулетбеков 86 келі салмақ дәрежесінде тағы да үздік шықты. Континент чемпионатының финалында Азамат өзбекстандық қарсыласы Жабраил Шапиевты 5:2 есебімен ұтып, осымен үшінші рет Азия чемпионы атанды.

Ең жас спортшымыз – Батырхан Төлеуғали

Батырхан Төлеуғали – Қазақстан құрамындағы олимпиада жолдамасын жеңіп алған ең жас спортшы. Ол небәрі 17 жасында таеквондодан лицензиялық турнирде топ жарып, Париж олимпиадасына қатысу мүмкіндігіне ие болды.

Батырхан Төлеуғали Париж олимпиадасының жолдамасына биылғы наурызда Қытайдың Тайань қаласында өткен лицензиялық турнирде қол жеткізген болатын. Ұлттық құрамадағы ең жас таеквондошы алғашқы жекпе-жегінде үндістандық Акшай Худаны айқын басымдықпен ұтып, ширек финалдан сүрінбей өткен. Шешуші айқаста Сауд Арабиясының өкілі Әли Мабрук әл-Мабруктан 2:0 есебімен басым түскен-ді.

– Шыны керек, жолдама жеңіп алатыныма сенімді болдым. Өйткені бапкерлермен, спарринг-серіктестермен жақсы дайындықтан өтіп, мықты бабымда болдым. Жекпе-жек барысында бапкерлердің қойған тактикасын толыққанды орындап шықтым. Сол себепті де қарсыластар аса қиындық тудырған жоқ. Олимпиадаға қатысу бала күнгі арманым болғандықтан, жолдаманы жеңіп алған сәтте ерекше қуандым. Мен ғана емес, бүкіл құрама бапкерлері, тіпті жанкүйерлердің де қатты қуанғанын көрдім. Ендігі мақсат – Париж олимпиадасында алтын алу, – дейді 80 келіге дейінгі салмақта сынға түсетін саңлақ.

Батырхан Абай облысындағы Аягөз ауданында дүниеге келген. Әкесі – әскери адам, анасы – қазақ тілі пәнінің мұғалімі. Ата-анасының жұмыс бабы бойынша Өскеменге көшіп келген. Осы жақта 8 жасынан бастап таеквондомен айналыса бастады. Кинодағы спорттық элементтерді қайталап, шпагатқа отырып, аяқпен тебуді өздігінен үйренген. Үйдегілер де қабілетін байқап, спортқа баули бастайды. Осылайша ол үшін таеквондо әлеміне жол ашылып, кәсіби тұрғыда айналысуға бел буды.

Осы уақытқа дейін Батырханның жеткен жетістігінің артында тұрған адам көп. Әуелі ата-анасының, алғашқы бапкерінің, Өскемендегі спарринг-серіктестерінің және ұлттық құрама спортшыларының, бас бапкер Нұрсұлтан Мамайдың қосқан үлесі зор.

– Еліміздегі мықты бәсекелестіктің арқасында осындай дәрежеге жетіп отырмын. Салмағымда мықты спортшылар өте көп. Кез келгені – мықты жекпе-жек көрсететін қарсыластар. Руслан Жапаров, Смайыл Дүйсебай – спортта бой түзейтін ағаларымыз, әрі мықты спортшылар. Бұл кісілер аса ауыр салмақта, яғни 87 келіде өнер көрсететіндіктен, спарринг жасап көрген емеспін, – дейді дейді Батырхан «Ақ желкен» журналына берген сұхбатында.

Батырхан Төлеуғали Максим Храмцов, Салех әл-Шарабати, Сейф Ейсса сынды Токио олимпиадасының жүлдегерлерімен бір салмақта сынға түспек. Ересектер қатарына енді ғана қосылғандықтан, Батырхан олармен әлі кездескен емес.

– Иә, олар – өте мықты, еңбекқор, тәжірибелі спортшылар. Париж олимпиадасындағы басты қарсыластар ретінде осыларды қарастыруға болады. Негізінен өзім алдыңғы аяқпен соққы жасағанды ұнатамын. Бойымның ұзындығы да бар. Бірақ мұнда бой аса көп рөл ойнамайды. Жекпе-жекте шеберлігің мен жігерің жеңіске жетелейді. Сондықтан шеберлігімді шыңдап, жігерімді жанып, кез келгенін жеңуге дайындаламын, – дейді өскемендік таеквондошы.

Спортшының Парижде үздіктер қатарынан көрінуге әлеуеті де, тәжірибесі де жетеді. Біз жерлесіміздің жеңіс тұғырынан көрінетініме сенімдіміз.

Естеріңізге сала кетейік, Франция астанасы Парижде шымылдығы түрілетін XXXIII жазғы Олимпиада ойындары 26 шілде мен 11 тамыз аралығында өтеді. Оған әлемнің 205 елінен 10 500 спортшы қатысады деп жоспарланған. Онда 32 спорт түрінен 329 медаль жиынтығы сарапқа салынады.

Осы айдарда

Back to top button