Шығыс Қазақстан облысында Мемлекет басшысының облыс аумағында республикалық маңызы бар балалар лагерін салу туралы тапсырмасы іске асырыла бастады.
Қазақстандық «Артек» идеясы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Шығыс Қазақстанға ақпан айындағы жұмыс сапары барысында айтылған болатын.
Облыс әкімдігіндегі жиындардың бірінде аймақ басшысы Ермек Көшербаев өңірдің географиялық және климаттық жағдайы балалардың мұнда жыл бойы демалып, денсаулығын жақсартуға қолайлы екенін айтып өткен. Бұл облыстың басты артықшылығы. Сондай-ақ Шығыста қазақстандық «Артек» салу идеясы да талқыланды. Мұндай лагерьде республиканың барлық өңірлерінен келген балалар демалатын болады.
– Бірнеше нұсқа қаралып, Риддер қаласының маңында орналастыруға тоқталдық, дейді ШҚО білім басқармасының басшысы Инесса Чернышева. – Бұл жерде бұрын лагерь болған. Қазір 12,4 гектар жерді жергілікті атқарушы органның меншігіне беру мәселесі қарастырылуда. Қазіргі кезде қалай болатыны туралы көзқарасымыз қалыптасқан. Лагерьдің жобасы әзірленіп жатыр.
Айта кетсек, бүгінгі таңда облыс аумағында жыл бойы жұмыс істейтін балаларға арналған бір лагерь орналасқан.