Өскемен қаласында дәстүрлі садақ атудан жасөспірімдер арасында Қазақстан чемпионаты өтті. Құралайды көзге атқан мергендер бәсекесіне еліміздің түкпір-түкпірінен садағын асынып, сайланып келген 300-ге тарта спортшы бақ сынады.
Қазақстан Дәстүрлі садақ ату федерациясының вице-президенті Диас Ахметовтің айтуынша, сайысқа қатысушылардың мұнша көп болуы рекордтық көрсеткіш.
– Осы өңірдегі федерация президенті Ажар Рахметқызы ықылас білдіргеннен кейін чемпионатты Шығыс Қазақстан облысында өткізуді жөн деп шештік. Бұл жарыс Шығыста садақ ату өнерінің дамуына тың серпін береді деген сенімдемін. Бұл өңір тамаша табиғатымен ғана емес, ұлттық құндылықтарға бай қонақжай халқымен, садақ ату өнеріне деген қызығушылығы басым талантты спортшыларымен бізді тәнтті етті. Жалпы дәстүрлі садақ атудан ел чемпионатына бұған дейін мұнша көп спортшы қатыспаған, бұл – рекорд, – деді Диас Ахметов.
Дәстүрлі садақ атудан ел біріншілігін Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт қауымдастығы мен «Oskemen sadaq atu» дәстүрлі садақ ату федерациясы тізе қосып ұйымдастырып отырғанын айта кетейік. Байрақты бәсекеде 7 жастан 17 жасқа дейін жасөспірімдер бақ сынады.
Қатысушылар үш түрлі нысанада өнер көрсетті. Атап айтсақ, Пута нысанасы, Қалқан нысанасы және Жамбы нысанасы. Әр қатысушыға бес мүмкіндік берілді. Жас ерекшеліктеріне байланысты әр нысананың арақашықтығы әртүрлі болды. Мәселен, 7-9 жастағы балғын садақшылар 10 метрден көздесе, 10-12 жастағы жеткіншектер 15 метрден, 13-15 жастағылар – 20 метр, 16-17 жастағы жасөспірімдер 25 метрден атты.
Ең жас садақшы бес жаста
Өскемендегі ел біріншілігінің шымылдығы 7-9 жас аралығындағы балғын садақшылардың өнерімен түрілді. Осы топта жүлделі орыннан көрінгендердің бірі – Айсұлтан Нұртаев. Жас сайыскер Абай облысының Жезкент қаласынан келіпті. Айсұлтан осыған дейін Семейде өткен турнирде олжа салған екен. Бұл жолы да қанжығасы майланды. Өскеменде өткен чемпионатта ол Пута нысанасын көздеп атуда қарсыластарына дес бермей, бірінші орынды жеңіп алды.
– Бес айдан бері садақ атумен айналысып жүрмін. Екінші мәрте жүлделі болғаныма қуаныштымын. Мені туғандарым мен жақындарым құттықтап жатыр. Досым Ерікке және маған жанкүйерлік етіп отырған бүкіл Абай облысына сәлем жолдаймын, – деп қуанышымен бөлісті Айсұлтан Нұртаев.
Ел чемпионатында өнер көрсеткен садақшылар арасындағы ең жас сайыскер бес жаста болғанын айта кетейік.
Сонымен 7-9 жас аралығындағы қатысушылар бәсекесінде жүлделі болғандарға тоқталсақ.
Осы орайда ескере кететін бір жайт, дәстүрлі садақ атуды классикалық садақ атумен шатастырмау керек. Классикалық садақ ату ХХ ғасырдың басында, яғни 1900 жылы Олимпиада ойындарының тізіміне енгізілген. Кейін тізімнен алынып, жетпісінші жылдары қайта қосылды. Олимпиада ойындарында бұл спорт түріне ерлермен қатар әйелдер де қатысуға болады. Қазір классикалық садақ атумен әлемнің 140 елінде адамдар айналысады. Мұнда садақ темірден немесе карбоннан жасалады және нысанаға дөп тигізуге мүмкіндікті арттыратын түрлі артықшылықтары болады. Былайша айтқанда, садақтың заманауи жетілдірілген түрі. Ал дәстүрлі садақ атуда спортшы қауым кәдімгі ағаштан жасалған қарапайым садақты, ағаш оқты қолданады. Садақшыға көздеуді, атуды жеңілдететіндей қандай да бір заманауи атрибуттар жоқ мұнда. Жалаң садақ пен оқ. Мерген болсаң нысанаға тигізіп көр.
– Дәстүрлі садақ атудан Қазақстан чемпионаты осымен үшінші рет өткізіліп жатыр. Дүбірлі жарысты Шығыста өткізудегі мақсатымыз –өңір тұрғындарына бұл спорт түрінің елімізде қаншалықты дамып, қанатын кеңге жайып келе жатқанын көрсету. Сонымен қатар дәстүрлі садақ атуды дамытумен қатар оның тарихын тереңірек зерттеп, халқымыздың дәстүрін насихаттауға үлес қоссақ деген ойымыз бар, – дейді «Oskemen sadaq atu» дәстүрлі садақ ату федерациясының президенті Ажар Төлеуханова.
Дәстүрлі садақ ату сайысының тағы бір ерекшелігі қатысушылар ұлттық нақыштағы киім киеді. Бабадан жеткен байырғы дәстүрдің жалғасы да осында жатыр. «Восток» стадионы бұл күні аспан астындағы музейге айналғандай болды. Садағын асынып, саптама етігін киіп, оюлы киіммен жарқырап жүрген сайыскерлерге қарап бек сүйсіндік. Ескі заманның елесі келді көз алдымызға.
Сонымен неше күнге созылған біріншіліктің қорытындысы бойынша жалпыкомандалық бірінші орынды киелі Түркістан облысының садақшылары жеңіп алды. Жүлделі екінші орын сонау батыстан ат терлетіп келген маңғыстаулық спортшыларға бұйырды. Ал үздік үштікті Алматы облысының командасы түйіндеді.
Айта кетейік, дәстүрлі садақ атудың Шығыс өңірінде дами бастағанына көп бола қойған жоқ. 2019 жылы астаналық қыз Ажар Төлеуханова Глубокое ауданына көшіп келіп, садақ ату үйірмесін ашқан. Алғашқы қадам осы кезде жасалған. Қазір Ажар Өскеменде және Глубокое ауданында спорттың осы бір түрінен жаттықтырушы болып еңбек етіп жүр. Бұл үйірмелерде жиыны 80-ге жуық бала тәрбиеленіп жатыр. Ажар қыркүйекте Астана төрінде өтетін бесінші Дүниежүзілік көшпенділер ойынына қатысып, ел намысын қорғайды.